Қанат Бозымбаев: «Қарасай ауданының инфрақұрылымдық мәселелерін алдағы 2-3 жылда шешуіміз керек»

0

Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев өңірлерге сапарын Қарасай ауданында жалғастырды. Мұнда инфрақұрылымдық, өнеркәсіптік, әлеуметтік-мәдени нысандарды аралап, проблемалық мәселелердің шешілу жолдарын талқылады, деп хабарлайды kznews.kz сайты Облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыс әкімі ең бірінші Қаскелең топтық су құбыры құрылысының жобасымен танысты. Оған республикалық бюджеттен 12 млрд. теңге бөлінген. Нысан Қаскелең қаласымен қатар 18 елді мекенді ауыз сумен үздіксіз қамти алады.

Бүгінгі күні жобаның І кезегінің 1-ші іске қосу кешені толығымен аяқталған. Бас су қоймасынан Қаскелеңге дейін су тазарту стансасы арқылы құбыр тартылған. Соның арқасында тұрғындар сапалы ауыз суға қол жеткізетін болады. Қазіргі кезде құжаттарды тіркеу жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ 2 және 3-ші іске қосу кешені жобасының аясында магистралды су құбыры мен жеткізу желілері құрылысының жобасы мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. Мұнан кейін елді мекендер ішіне резервуарлар мен сорғы стансалары орнатылатын болады.

«Қарасай ауданының, соның ішінде Алматы қаласы маңындағы елді мекендердің де сумен қамту мәселесін алдағы екі-үш жыл көлемінде шешуіміз керек. Бұл – басымдық беретін міндет. Бау-бақша суаруда мәселе туындамау үшін арық жүйелерін де ретке келтіруіміз керек. Бұл мәселені шешуге аудан әкімдігі қазірден кірісуі тиіс», — деді Қанат Бозымбаев.

Мұнан соң Қанат Бозымбаев Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің «Атамекен» тарихи-мәдени орталығын аралап, одан әрі «Үшқоңыр» дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне келді.

Спорт кешені холында облыс әкіміне 2018 жылы бекітілген Алматы облысы аумағының қала құрылыстық жоспарлауының кешенді сызбасы мен Қаскелең қаласының бас жоспары таныстырылды. Жоспарлар жайын «Урбостиль» ЖШС жетекшісі Любовь Нысанбаева баяндады.

«Алматыға жақын жатқан аудандарды тиімді дамыту үшін жұмыстың негізгі принциптерін Алматы қаласы әкімдігімен келісіп атқаруымыз керек. Бірлесіп шешетін мәселелер өте көп. Қаскелең қаласының бас жоспарына келетін болсақ, оны іске асыру үшін инывесторлар тартқан жөн. 2022 жылға егжей-тегжейлі жоспар дайындау керек. Қаскелеңнің үлгілі қала болуға барлық мүмкіндігі бар. Оның үстіне көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары басталды», — деп атап өтті Қ.Бозымбаев.

Осы жерде «Алтын орда» сауда-логистикалық кешенінің егжей-тегжейлі жобасы, сол сияқты Тұңғыш Президент саябағы құрылысының жоспары да көрсетілді. Тұңғыш Президент саябағының жобасын жүзеге асыруды бақылау тапсырылды. Алдымен жер учаскесі белгіленіп, одан кейін нақты жобасы дайындала бастауы тиіс.

Спорттық кешеннің ішін аралап, барлық материалдық-техникалық мүмкіндіктерімен танысқаннан соң Қанат Бозымбаев Қарасай, Жамбыл, Іле аудандарының балалары үшін спорт  интернатын салу жобасын дайындауды тапсырды.

«Спорт кешенінде бұқаралық спортты дамытуға, жастарды саламатты өмір салтына тартуға барлық жағдай жасалған. Спорт интернаттары Талдықорған қаласы мен Алакөл ауданында бар. Бірақ Алматы маңындағы аудандарда жоқ, ал Талдықорғанға бару балалар үшін алыс. Сондықтан Қарасай ауданында спорт интернатын салу туралы нақты ұсыныс енгізіңіздер», — деді облыс әкімі.

Бұдан әрі облыс басшысы Қаскелеңдегі аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөліміне барды. Мұндағы індетпен күрес шараларының қалай атқарып жатқанына назар аударды. Ғимарат күрделі жөндеуді қажет етеді, бір корпусы 1990 жылдары салынған, ал қалған бөлігі 1936 жылы тұрғызылған. Жауапты тұлғалардың айтуынша, сейсмикалық күшейту жұмыстары мен күрделі жөндеу жасау жоспарлануда. Сонымен қатар осы кездесуде қазіргі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, аурухананың бір бөлімі емес, өз алдына бөлек инфекциялық аурухана болуы үшін төсек орын санын арттыру, қосалқы жапсаржай салу туралы да сөз болды.

Осы сапарда Қанат Бозымбаев аудандағы іргелі кәсіпорындардың бірі, кондитерлік өнімдер шығаратын «Хамле» ЖШС-ға барды. Мұнда жылына 14 мың тонна дайын өнім шығарылады. Ассортиментте печенье, вафли, вафли торттары, шоколад өнімдері сияқты 80-нен астам өнім түрлері бар. Дайын өнімнің 40% экспортқа шығарылады. Кәсіпорында 900 адам еңбек етеді. Зауыт жыл сайын кондитерлік өнімдер үшін 4 млрд. теңгеге отандық шикізат сатып алады.

Зауыттың өндіріс процесімен, дайын өнім түрлерімен танысқан облыс әкімі Қанат Бозымбаев кәсіпорынның даму барысы жайлы сұрап білді. Әңгімелесу барысында тамақ өнеркәсібі саласындағы мамандардың жетіспейтіні айтылды.

Облыс әкімі аудан әкімдігіне өңірдегі колледждер мен зауыт арасында ынтымақтастық орнатуға ықпал етуді тапсырып, дуалды оқыту негізінде кадр мәселесін шешуге болатынын айтты.

«Колледж мамандар дайындап береді, ал сіздер оларды тағылымдамадан өткізесіздер. Сөйтіп өзара бірлесіп жақсы мамандар дайындап, жұмыс орнымен қамтисыздар», — деді Қанат Бозымбаев.

Сапар барысында облыс басшысы өңір активімен кездесу өткізіп, аймақтың дамуы және туындаған проблемаларды шешу жолдарын талқылады.

Актив жиыны барысында алдымен аудан әкімі Жандарбек Далабаев өңірдің өткен 10 айдағы даму қорытындылары туралы қысқаша хабарлап, алдағы жоспарларына тоқталды.

Баяндама аяқталған соң облыс әкімі биыл ауданда нәресте өлімі фактілеріне, азық-түлік өндірісінің айтарлықтай төмендеуіне, әлеуметтік сипаттағы қылмыстың артуына жол берілгенін атап өтіп, жағдайды жылдам түзеу керектігін ескертті.

Кеңесті қорытындылай келе, жоғарыда айтылған кемшіліктерді ескере отырып аудан әкіміне және ауданның атқарушы органдарына бірқатар нақты тапсырмалар берді. Мұнда басты басымдық Президенттің Жолдауындағы міндеттерге және мемлекеттік бағдарламалардың сапалы орындалуына берілетін болады.

«Қарасай ауданы – облыс экономикасын дамытудағы маңызды өңірлердің бірі. Оның үстіне Алматының іргесінде орналасқан, бұл даму мүмкіндіктеріне кеңінен жол ашады. Соған қарамастан өңірде ауыз су сапасын жақсарту, газ, электрмен жабдықтау, жол мәселелері    инфрақұрылымдарына байланысты бірқатар мәселелер бар. Халық тығыз орналасқан бұл ауданда осы мәселелерді алдағы 2-3 жылда шешуіміз керек және бұл Қарасай ауданының жергілікті атқарушы органының басты бағыты болуы тиіс. Ауданға инвестиция тарту жұмыстарын жалғастырыңыздар. Бюджет шығындарын азайту үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің әлеуетін, әсіресе мектептер мен балабақшалар салуда көбірек пайдалану керек. Жаңа жұмыс орындарын көптеп ашу, соның ішінде көп балалы отбасылар үшін жұмыс орындарын құруға ерекше назар аударуымыз керек. Әлеуметтік маңызды азық-түліктің, коммуналдық қызмет тарифі бағасының негізсіз өсуіне жол бермеңіздер. Жылыту маусымы үздіксіз өтуі тиіс. Тұрғындардың арыз-шағымдарына уақытында мән беріп отырыңыздар. Қылмысты болдырмау мақсатында алдын алу жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырамын. Аудан халқының әл-ауқатын арттыру, экономиканың тұрақты өсімін сақтау, сондай-ақ халықтың ұсыныс-пікірлерін жүзеге асыру жөнінде іс-шараларды қолға алу керек», — деді Қанат Бозымбаев.