«Қан түкіріп жатса да, бір баласы келген жоқ»: Нұрқаділовамен бір палатада жатқан әйел аянышты жазба қалдырды
Қатты қиналған байқұс апаның соңғы күндерінде бір де бір баласы қасында болмағаны өкінішт, дейді ол.
Құралай Нұрқаділова анасы Нұрбике Ілімбайқызы қайтыс болғанда Астанада еді. Әлеуметтік желіге видео жүктеген ол анасының қазасына байланысты шұғыл түрде Алматыға ұшқалы отырғанын айтқан болатын. Оның осы постына пікір қалдырған Гүзал Мұсаева есімді әйел Нұрбике Ілімбайқызы соңғы екі күнде қатты қиналып, қан құсқанын жазып кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Анаңызды бірінші қалалық ауруханадағы біздің палатаға әкеліп жатқызды. Екі күн жатты, қатты ауырды, қатты қиналды. Қасында не су беретін адам жоқ, не орамалмен бетін сүртетін адам жоқ. «Су беріңдерші, салфетка беріңдерші, дәрігер шақырып беріңдерші» деп әрқайсымызға жалынды. Бұл кісіні ауруханаға бір келіншек әкеліп жатқызып, кеткенше асықты. «Сізге дәрі әкеліп беремін» деп кетті, содан қайтып келмеді. Апа «келінім ғой» деді. Күтім былай тұрсын, екі күн бойы артынан ешкім іздеп келген жоқ, телефон соққан жоқ. Қан түкіріп жатты. Бүкіл больница қатты таң қалды. Ақыры кешке қарай реанимацияға алып кетті. Қатты қиналған байқұс апаның соңғы күндерінде бір де бір баласы қасында болмағаны өкінішті. Бұл жағдай көп нәрсені ойландырады», — деп жазған Гүзал Мұсаева.
Ал бүгін әлеуметтік желіге шыққан Құралай Нұрқаділова Астанаға оралғанын, алайда, пәтерінен төрт күн ешқайда шыға алмай, қатты күйзеліске түскенін айтқан.
«Психологияға жақын адаммын…кезінде коронавирустан кейін жақынынан кенет айырылған талай адамды жұбатып едім. Қазір енді өзімнің күйіме өзім жәрдемші болып жатырмын. Ойым бөлінсін деп жұмысқа араласа бастадым», — дейді Құралай Нұрқаділова.
фото: әлеуметтік желіден