«Қан төгіліп, соқтығыс болса даму мүмкін емес»: Тоқаев Қордайдағы оқиғаға байланысты пікір білдірді — Қазақстан жаңалықтары

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ақпан айында Қордайда болған оқиғаға қатысты өз ойын айтып, өткен істен сабақ алу керектігін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Ақорда баспасөзіне сілтеп хабарлайды. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысы Қордай ауданы Қаракемер ауылының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысы Қордай ауданына жұмыс сапары Алғыс күніне орайластырылғанын, бірақ ол салтанатты іс-шараларға қатысу үшін емес, жергілікті тұрғындармен өткен жағдайды талқылау үшін келгенін атап өтті.

«Қордайда болған оқиғалар біздің халқымыз үшін соққы болды және  бүкіл әлемнің назарын аударды. Бұл жанжал біздің мемлекетіміз бен халқымызға үлкен зиян келтірді. Енді біз бір ұлт ретінде осы қайғылы оқиғадан сабақ алуымыз керек. Ең алдымен, болашақта осындай қайғылы оқиғалардың қайталануына жол бермеу үшін барлығын жасау қажет», — деп атап өтті Тоқаев.

Өңірде аймақтың дамуына кедергі келтіретін жағдайларды жою үшін жаңа басшылық тағайындалды.

«Егер қан төгілсе, соқтығыстар орын алса, ешқандай даму мүмкін емес. Бұл заңды. Өкінішке орай, облыстың бұрынғы басшылары осыны жете түсінген жоқ. Сондықтан мен өңір басшылығын, оның ішінде құқық қорғау органдарының басшылық құрамын толық ауыстырдым. Жаңа басшы ретінде Бердібек Машбекұлы Сапарбаев тағайындалды», — деді президент.

Ол атап өткендей, Сапарбаев-жағдайды тұрақтандыруға жол бермеу және өңірдің дамуына жаңа серпін беру міндеті қойылған тәжірибелі мемлекеттік қайраткер.

Кездесу соңында мемлекет басшысы Қаракемер ауылының спорт кешенін аралап, жаттығу процесімен танысып, жас спортшыларға доп пен бокс қолғабын сыйлады.

stan.kz