қан алдырудың пайдасы, бастан қан алдыру, оразада қан алдыруға бола ма

0

НҰР-СҰЛТАН, 15 шілде – Sputnik, Дәурен Ерболат. Елордадағы орталық теміржол ауруханасының анестезиолог-реаниматолог дәрігері Ғабит Нұрханұлы хиджаманың қандай аурулардан емдейтінін және қандай науқастарға қан алдыруға болмайтынын Sputnik Қазақстан тілшісіне айтып берді.

Ғабит Нұрханұлы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде білім алған. Алғашында жедел жәрдем қызметінде еңбек етіп, кейін жансақтау бөліміне ауысыпты. 2007 жылы Германияға қоныс аударып, сол жақта хиджама жасауды үйренген. Оның айтуынша, хиджама — араб сөзі, қазақша «қан шығару, қан алдыру» деген мағынаны білдіреді.


©
Sputnik / Абзал Калиев.

Ғабит Нұрханұлы

«Дін жағына тоқталсақ, бұл — Мұхаммед пайғамбардың заманынан келе жатқан емдеу тәсілінің бірі. Пайғамбар хиджама туралы 150-ге жуық хадис қалдырған. Ал медицина тілімен айтсақ, бұл — хирургиялық жолмен емдеудің бір түрі», — дейді дәрігер.

Хиджама қандай ауруларға ем?

Сұқбат барысында Ғабит Нұрханұлы қан алдырудың жүрек-қантамыр жүйесі ауруларының алдын алуға септігін тигізетінін атап өтті.

«Қан қысымы дертіне шалдыққан адамдар қаншама жыл ауруханада емделеді. Дәрі ішеді. Бірақ нәтиже ойдағыдай болмайды. Ал хиджама осы аурудың алдын алуға септігін тигізеді. Оны жасатқан соң, өтте тас жиналу, инфаркт, инсульт дерті, қан қысымы ауруларының алдын алады», — дейді ол.

Осы орайда дәрігер гемофилия, гипотония дертіне шалдықтар адамдарға хиджама алуға болмайтынын қатаң ескертті.

Еркектің жыныстық қуатын арттырады

Ғабит Нұрханұлы хиджаманың ер адамның репродуктивті денсаулығына оң әсер беретінін айтты.

Тағы оқыңыз: Жалбыздың біз білмейтін қандай пайдасы бар?

«Еркек қозған кезде, оның жыныстық мүшесіне қан кіреді, ол көтеріледі. Ал қан қою болған кезде жыныстық мүшеге қан бармайды да, потенция төмендейді. Сондай-ақ ер адамның қан қысымы жоғары болып, ол дәрі ішті дейік. Кейбір жағдайда дәрі тамырдың жұмысына кері әсерін тигізеді. Салдарынан ер адам қоза алмайды. Сондықтан АҚШ-та қан қысымы жоғары ер адамдарды дәрісіз емдеуге тырысады. Ал хиджама еркектің күш-қуатын арттырып, потенцияны көтереді», — дейді Ғабит Нұрханұлы.

Ағзаны тазартады

Сонымен қатар дәрігер түрлі аурудың алдын алу үшін бір жылда 3-4 рет қан алдырып тұру керек деп санайды.

«Хиджама артық салмақтан арылтып, ұйқыны жақсартып, организмді тазартуға септігін тигізеді. Мысалы, бір күні маған 35-36 жастағы Индира деген толық қыз келді. Салмағы шамамен 88 келі. Ол саудамен айналысады. Қатты басы ауырыпты. Дәрігерлер «мигрень» (бас сақинасы) деген диагноз қойған. Хиджама жасадым. Екі айдан соң маған басқа адамдар келе бастады. Сөйтсем, Индираның басы ауырғаны басылып, әжептәуір салмақ тастапты. Осыдан 2-3 ай бұрын бір жігіт келді. Белі ауырып, әрең жүріпті. Хиджамадан соң, денсаулығы жақсарды», — дейді ол.

Хиджама қалай емдейді?

Әңгіме барысында Ғабит Нұрханұлы хиджама адамды қалай емдейтінін түсіндірді.

Тағы оқыңыз: Тәжірибелі дәрігер аллергияның қаупі туралы айтып берді

«Ол зат алмасуды жақсартады. Мысалы, адамда күретамыр (артерия), көктамыр (вена) әрі қылтамыр (капилляр) атты үш түрлі тамыр бар. Күретамыр оттегімен қаныққан қанды, ал көктамыр көмірқышқыл газын тасымалдайды. Жүрек оттегіні ағзаларға жеткізеді. Қылтамыр – ең жіңішке тамыр, ол ағзадағы жасушалық және ұлпалық деңгейдегі зат алмасуды жүзеге асырады. Адамның жасы ұлғайған сайын көктамырдағы қанның жүруі қиындайды. Күретамырдағы қанда іркіліс пайда болып, қан қоюлана түседі. Сөйтіп, қылтамырлар кеңейе бастайды. Салдарынан организмде зат алмау процесі баяулап, әртүрлі ауру пайда болады. Хиджама кезінде қозғалыссыз тұрып қалған қан ағзадан шығып, қылтамырдағы қысым төмендеп, қан айналымы жақсарады», — дейді анестезиолог-реаниматолог.

Дәрігерге ғана қан алдыру қажет

Сонымен қатар Ғабит Нұрханұлы хиджаманы тек медициналық білімі бар дәрігерге жасату қажеттігін атап өтті.

«Хиджаманы медициналық білімі бар дәрігер жасауы керек. Неге? Себебі, хиджама кезінде адам есінен танып, гиповолемиялық шок алуы мүмкін немесе инфекциялық ауру жұқтырыуы ықтимал. Мұндай жағдайда адамға алғашқы медициналық көмекті дұрыс көрсетпесе, соңы қайғылы аяқталуы мүмкін. Сондықтан хиджама жасап болғаннан кейін мен адамның қан қысымы тұрақты болмайынша, оны орнынан тұрғызбаймын. Бұл өте маңызды», — дейді ол.


©
Sputnik / Абзал Калиев.

Ғабит Нұрханұлы

Дәрігердің айтуынша, бұл емді алған кезде тазалыққа қатты мән беру қажет.

«Ең бастысы, мұнда қанды мөлшерден тыс алмау керек. Мысалы, адамда 4-5 литр қан болады. Орта есеппен адамнан 400-500 мм қан алуға рұқсат беріледі. Осы мөлшерден көп алып қойса, адамда гиповолемиялық шок болады. Яғни, басы айналып, орнынан тұра алмай қалуы мүмкін. Ол кезде дәрігердің көмегі керек. Ал кейбір жағдайда адам организміне инфекция түсуі мүмкін», — дейді Ғабит Нұрханұлы.

Тағы оқыңыз: Адамды есінен айыруы мүмкін — адрыспан туралы не білеміз?

Оның айтуынша, бір банканы бірнеше адамға қолданудың салдарынан инфекция жұғуы мүмкін.

«Бұл — ең жиі кездесетін әрі өте өрескел қателік. Медициналық білім жоқ адамдар С гепатиті немесе СПИД деген ауруды біле бермейді. Олар банканы жуып тазаласа, жеткілікті деп санайды. С гепатиті ауруының қоздырғышын өлтіру үшін банканы кем дегенде 300-400 градуста қайнату керек. Сондықтан бір-ақ рет пайдаланылатын пластик банкалар қолдану қажет», — дейді Ғабит Нұрханұлы.

Министрге хат

Сөз соңында дәрігер қазіргі таңда қан алдыруды кез келген адам жасайтынын айтты. Ол осы мәселе жөнінде денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың жеке блогына хат та жазыпты. Бірақ жауап көңілінен шықпаған көрінеді.

«Министрлік мұны халық медицинасына жатқызады. Хиджама – хирургиялық емдеу жолы. Осы орайда мен министрдің блогына: «Бұл саланы бақылауға алу керек. Неше түрлі адам хиджама жасап жүр», — деп жаздым. Маған:»Әр адамның өз таңдауы бар. Өздері біледі», — деген жауап келді. Бұл саланы бақылауға алу керек», — деп Ғабит Нұрханұлы сөзін түйіндеді.



sputniknews.kz