Қамауға алынған экс-Қорғаныс министрі кімнің мүддесіне қызмет етпек болған?
Қаңтар оқиғасынан кейін президенттің сынына ілігіп, қызметінен кеткен бұрынғы Қорғаныс министрі Мұрат Бектанов қамауға алынды, деп хабарлайды kznews.kz сайты.
«2022 жылғы 19 ақпанда Бас прокуратура бұрынғы Қорғаныс министрі Мұрат Кәрібайұлы Бектановқа қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 452-бабы әрекетсіздік фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады», — деп жазылған ҚР Бас Прокуратурасының хабарламасында. Бас прокуратураның мәліметінше, 2022 жылғы 20 ақпанда М. К. Бектанов осы қылмысты жасады деген күдікпен ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. «Өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етуге жатпайды», — делінген Бас Прокуратураның баспасөз қызметі таратқан мәліметте.
Бектановқа қатысты тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатқан Қылмыстық кодекстің 452-бабы «Билiктiң әрекетсiздiгi» деп аталады. Онда «бастықтың немесе лауазымды адамның өзi немесе басқа адамдар немесе ұйымдар үшiн пайда мен артықшылықтар алу не басқа адамдарға немесе ұйымдарға зиян келтiру мақсатында өзінің қызметтік міндеттерін орындамауы» деген сипаттама берілген. Бұл баппен кінәлі деп танылғандарға төрт жылдан жиырма жылға дейін мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Экс-министр кімнің мүдесіне қызмет етпек болған?
Мұрат Бектанов былтыр жазда Жамбыл облысындағы әскери оқ-дәрі қоймасында болған жарылыстан кейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Қорғаныс министрі болып тағайындалған болатын. Қаңтардағы оқиғалардан кейін ол отставкіге кетті. Кейінірек президент:
«Министр Бектанов командирлік қабілетін көрсете алмады. Командалық-штабтық және әскери жаттығулар кезінде оң нәтиже көрсеткен армиямыз бола тұра, сын сағатта оның әлеуетін пайдалана алмадық. Сырттан көмек шақыруға мәжбүр болдық», – деген болатын.