Қамауға алу кезінде өзін атқан Перудің экс-президенті көз жұмды

0

Перудің бұрынғы президенті Алан Гарсия полиция өзін жемқорлық бабымен ұстағалы жатқанда суицид жасауға тырысып, мойнына оқ атқан соң Лима емханасында көз жұмды. Бұл туралы Перу билігіне сілтеп, Reuters хабарлады.

Бұған дейін сот Гарсияны 10 күнге қамауға алу туралы шешім шығарған. Прокурорлар бұрынғы президентке ұстау туралы ордерді көрсеткенде Гарсия өзін-өзі атқан. Жағдай экс-президенттің Лимадағы үйінде болған.

Жемқорлық ісі бойынша Перудің бұрынғы өндіріс министрі Луис Нава мен мемлекеттік Petroperu мұнай компаниясының вице-президенті Мигель Атала, сондай-ақ бұрынғы президент Педро Пабло Кучински ұсталған.

Гарсия 69 жаста еді. Ол Перуді 1985-1990 және 2006-2011 жылдары басқарды. Оған қатысты сот тергеуі 2014 жылы бразилиялық Odebrecht құрылыс компаниясынан шыққан жемқорлық дауынан соң басталған. Тергеу мәліметінше, Перудің экс-президенті келісім-шарттарға қол қою үшін компаниядан 100 мың доллар алған. Гарсия тағылған айыпты жоққа шығарып келген. Былтыр қарашада Гарсия Уругвайдан саяси баспана сұраған.

Azattyq