Қамаудан босап шыққан Навальныйдың серігін полиция қайта ұстады
Мәскеуде мэриясы алдында митингіге шығуға үндеді деген айыппен 8 тәулікке қамалған соң, бүгін, 1 тамызда босап шыққан Алексей Навальныйдың Мәскеудегі штабының координаторы Олег Степановты полиция қайта ұстап әкетті. Бұл туралы Навальный штабының Twitter парақшасына сілтеп, Азаттықтың Орыс қызметі хабарлады.
Степановқа көпшілік жиынды өткізу ережесін екінші қайтара бұзды деген айып тағылған. Ол кінәлі деп танылса, тағы 30 күнге қамалуы мүмкін.
Степановтан бұрын, 25 шілдеде Мәскеу соты қоғамдық шараны ұйымдастыру тәртібін тағы да бұзды деген айыппен оппозициялық саясаткер әрі Жемқорлықпен күрес қорының жетекшісі Алексей Навальныйды 30 тәулікке қамаған еді.
27 шілдеде Мәскеуде қалалық дума сайлауына түскісі келетін тәуелсіз кандидаттарды қолдау акциясы өтті. Ресей ішкі істер министрлігінің дерегінше, оған 3500 адам қатысқан. Ал «ОВД-Инфо» құқық қорғау порталы шеруге қатысқандар саны бұдан көп деп хабарлаған.
Құқық қорғаушылар акция барысында 1373 адам ұсталғанын, оның 43-і — кәмелетке толмағандар екенін айтады. Ал ішкі істер министрлігі 1074 адам ұсталды деп хабарлады. Бақылаушылар полиция қызметкерлері шерушілерге қарсы күшті асыра қолданып, жөн-жосықсыз резеңке таяқпен ұрғанын айтады. Жетпістен аса адам жарақаттанған.
Митингіден соң билік ондаған адамның бірін қамап, бірін айыппұлға кесіп жазаға тартқан.
Еуропа одағы мен Amnesty International құқық қорғау ұйымы Мәскеудің наразыларға асыра күш қолданғанын сынап, күштік құрылым өкілдерінің іс-әрекетін тергеуді талап еткен.