Қамауда отырған белсенді Санавар Закирова «аштық жариялады»
Нұр-Сұлтанда «рұқсат етілмеген митингіге» қатысты деп айыпталып, бес күнге қамалған 51 жастағы белсенді Санавар Закирова сот шешіміне қарсы аштық жариялады.
Закированың адвокаты Бауыржан Азанов Facebook парақшасында «Закирова 11 шілде қамауға алынған сәттен тамақ ішуден бас тартып, тек су ішіп отырғанын» жазды. Азанов 12 шілдеде Азаттыққа Закированың жағдайы «нашарлағанын» айтты. Қорғаушының сөзінше, Закирова 11 шілде кешкісін екі рет жедел жәрдем шақырған.
Азаттық Закирова отырған арнайы қамау орнынан оның денсаулығы мен қазіргі жағдайына қатысты қандай да бір комментарий ала алмады. Кезекші бөлімдегілер Азаттық тілшісінің сұрағына жауап беруден бас тартып, ресми хат жолдауды сұрады. Ал қаладағы жедел жәрдем станциясы да Закированың жағдайына қатысты сұрақтарға жауап бермей, ресми хат жіберу керегін айтты.
Закированың қамаудағы уақыты 10 шілдеден бастап есептеледі.
9 шілде күні Закирова бастаған бір топ адам президент әкімшілігінің алдына жиналып, өздеріне немесе туыстарына шыққан сот үкімдеріне наразылық білдірген. Наразылар сот шығарған шешімдермен келіспей, биліктен мәселелерін шешіп беруді сұрайды. Олар президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуді талап етті. 10 шілдеде полиция наразы топтың басында жүрген Закированы ұстаған.
10 шілдеде таңертең сот шешіміне наразы ондаған адам «Назарбаев орталығына» келіп, елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесу талап еткен. Олар сол кезде Закированы да босатуды сұраған.
Қазақстанда судья сайланбайды. Аудандық, облыстық судьяларды президент тағайындайды. Заңға сай, судьяны қамауға, қылмыстық жауапкершілікке тартуға тек президент рұқсат береді. Судьялар аса ауыр қылмыс үстінде ұсталса ғана президенттің рұқсатынсыз қамалады. Қазақстандағы судьялардың президент пен атқарушы билікке тәуелді екен сынайтындар бар.
12 шілде ресми ақпарат құралдары ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановты қабылдап, «сот жұмысының сапасын арттырып, азаматтардың шағымын мұқият қарауды» тапсырған.