Қамауда отырған белсенді Қайырлы Омардың соққыға жығылғаны хабарланды

0

Астанада азаматтық белсенді Қайырлы Омардың соққыға жығылғаны хабарланды. Мұны оның жақын туысы растады.

Қайырлы Омар Астана қаласы тергеу сотының шешімімен 16 қазанда екі айға қамалған.

Туыстары оны «СИЗО қызметкерлері соққыға жықты» деп күдіктенеді. Олар Астанадағы Қайырлы Омар отырған ЕЦ-166/1 мекемесінің маңында жүр.

— Басынан ұрған. Есірткі салып жіберген сияқты. Ештеңе көрмейді, ешкімді танымайды. Адвокатты екі сағат жібермей, кейін кіргізді. [Мекеме қызметкерлері «Қайырлы Омар] сізді көргісі келмей тұр» деді. Камерасына әзер кірді. Кірсе, басын ұстап жатыр дейді. Ешкімді танымайды. Прокуратураны шақырамыз. Алып кетуге тырысамыз, — деді туысы.

ЕЦ166/1 тергеу изоляторының өкілі Лаззат Сүлейменова мекеме басшылығы мен белсендінің туыстары кездесіп отырғанын айтты.

— Қазір туыстары, адвокаты мен қоғамдық қорғаушысы, тәуелсіз комиссия өкілдері қазір басшылықта кездесуде отыр. Жағдайды анықтап жатыр. Ұрып-соғу фактісі расталмады, соған қарамастан қоғамдық қорғаушылары тәуелсіз комиссия құрып, тексеруді талап етіп жатыр. Оны ешкім ұрып-соқпаған, денесінде ешқандай із байқалмайды, тіпті Қайырлы Омардың өзі де өзін ешкім ұрмағанын айтады, — деді изолятор өкілі.

Қайырлы Омар – астаналық белсенді. Биыл 11 мамырда болған митинг кезінде ұсталып, «полицияға бағынбады» деген айыппен үш күн абақтыға қамалған.

Мұнан бөлек ол — «КСПК Азат шаңырағы» пәтер иелері кооперативінің жетекшісі.

Бұл кооператив қарауына Астананың Қосшығұлұлы көшесіндегі №14 үй өткен. Бұл үйдің тұрғындары төрт жыл бұрын сот арқылы «Тұрмыс» компаниясының басқаруынан бас тартқан, бірақ компаниямен қарым-қатынасы соңына дейін реттелмей, дау сотта қаралған.

Компания оны «жала жапты және абыройы мен қадыр-қасиетіме тіл тигізді» деп сотқа берген. Іс былтыр желтоқсанда тоқтатылған.

Қайырлы Омар Азаттық тілшісіне өзіне қарсы істі «саяси тапсырыс» деп атап, сотқа берген адамға «әлдебір құрылымдар қысым көрсетіп жатқанын» мәлімдеген.


Дереккөз: Азаттық