Қалыңдықтың ата-анасына берілетін қалыңмал қысқартылады

0
Қалыңдықтың ата-анасына берілетін қалыңмал қысқартылады


Билік қалыңдықтың ата-анасына берілетін қомақты сыйақыны қысқарту туралы ойлана бастады.

Қытайда аста-төк үйлену тойына тыйым салынады, деп хабарлайды 24.kz. Цзинань қаласындағы «той реформасына» арналған конференцияда азаматтық істер жөніндегі бюро осындай ұсыныс жасады. Шенеуніктер некелесу тойы тәрбиелік мәні бар, елдің тұтастығын көрсететін идеологияға сай болуы керек деп есептейді. Екі жастың ата-анасы да шығынға батпауы керек. 

Қазір Қытайда сүрбойдақтар саны 30 миллионға жуықтайды. Қалыңдық жетіспегендіктен, қалыңмалдың да құны өсіп кеткен. Ауылды жердегі қарапайым шаруа ұлын үйлендіру үшін жылдық табысын беруі мүмкін. Мәселен, Хубэй провинциясында қалыңмал бағасы 30 мың долларға жуықтаған. Ал бұл аймақтағы тұрғындардың жылдық табысы 2800 доллардан аспайды. Сондықтан кейбір сарапшылар мұны әкімшілік шектеумен реттеу керек деп есептейді. 

«Өмірде бір-ақ берілетін тойды жақсылап өткізу керек деп ойлаймын. Ақшаны тойдан артығырақ көрсеңіз, онда той жасамай-ақ қою керек. Ал үйленген соң жақсылап думандату қажет деп ойлаймын. Өйткені ол дәстүр», — дейді Бейжің қаласының тұрғыны Ван Ханьсюан.