қалың малға не береді немесе қанша төлейді

0

НҰР-СҰЛТАН, 28 тамыз — Sputnik, Дәурен Ерболат. Қоғамда «қалың мал» салты туралы әртүрлі пікір бар. Бірі дәстүрдің тозығы десе, енді бірі «қалыңдықты малға не ақшаға сатып алу» деп түсінеді. Осы орайда Sputnik Қазақстан тілшісі «қалың мал» салтының мәнін, оның аймақтық ерекшелігін, бұл дәстүрдің неге оңтүстік өңірлерде кеңінен тарағанын біліп көрді.

Қалың мал деген не?

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, этнограф Тәттігүл Қартаева қалыңдық үшін қыздың әкесіне берілетін сыйды «қалың мал» деп атайтынын жеткізді. Оның айтуынша, қалың мал беру реті мен тәртібі қазақтың әдептік-құқықтық заңында («Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы», «Жеті жарғы») бекітілген.

Тағы оқыңыз: Бауырына басқан: қазақ «балдыз қалың» салтын не үшін ұстанады?

«Қалың малдың көлемі, қай дәуірде болмасын, күйеу жігіттің әкесінің әлеуметтік жағдайына байланысты болады. Зерттеушілер қалың мал төлеудің көлемін үш категорияға: байлар, орта ауқаттылар және кедейлер арасында деп бөлген. Оның көлемі құдалардың әлеуметтік мәртебесіне, жағдайына қарай шешіліп отырған. Ал қалың мал көлемі жөнінде келісуді «неке келісімі» деп атайды. Оны құдалар дастарқан басында талқылап шешкен», — дейді этнограф.

Құдалар қалың мал көлемі жөнінде қалай келіседі?

Осы орайда ғалым «қалың мал келісімі» батамен бекітілетінін, ал кей отбасыда бата жасауға молда шақырылатынын айтады.

«Қалың мал көлемі жөнінде келісіп, құдаласу мәселесін шешуге келген құдалардың құрметіне қыз әкесі бәйге беріп, сайыс ұйымдастырып, той жасайды. Келесі күні қыздың әкесі құдаларға түйе, жылқы мінгізіп, киіт кигізіп шығарып салған. Киіттің кәделісін құдаға кигізген, қалғандарының үлесі үй иесінің шешіміне қарай берілген», — дейді Тәттігүл Қартаева.

Этнограф тарихшы И. Ибрагимовтың 1872 жылғы дерегіне сүйене отырып, қалың мал көлемі ақсүйектер арасында – 57, байлар арасында – 37, орташа ауқаттылар арасында – 27, кедейлер арасында – 17 бас малды құрағанын атап өтті.

«Қалың малдың құнын ақшалай беруді «домалақ қалың мал» деп атайды. Қалың мал беруді әулет мүшелері бірігіп көтеріп, аға, жезделері шамасы келгенше өз үлесін қосқан. Оның толық төленеуі әдетте 1-3 жылға, кей жағдайда бірнеше жылға созылған», — дейді Тәттігүл Қартаева.

Қалың мал — некенің беріктігіне кепілдік

Ал Нұр-Мүбарак университетінің доценті, этнограф Досымбек Қатранұлы қалың мал некенің беріктігін қамтамасыз ететінін айтады.

«Қалың мал – некенің берік болуы үшін берілетін материалдық кепілдік. Оны бөліп төлейді. Құдалар қойдың құйрық-бауырын жеген соң, келісім күшіне енген. Осылайша олар қалың мал бес бөлік болса, соның бестен үшін беріп қояды», — дейді ол.

Таңғы оқыңыз: «Қинаудың қажеті жоқ»: бүгінгінің ата-аналары қыз жасауына қанша жұмсап жүр?

Ал құдаласу келісімін бұзу «бата бұзу» деп аталыпты. Оған кінәлі болған жақ жауапқа тартылған.

Кеңес дәуірінде қалың мал берілді ме?

Тәттігүл Қартаева қазақ даласында кеңес үкіметі орнаған алғашқы жылдардан-ақ мемлекеттік саясат қалың мал беруге қарсы болғанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, 1930 жылдардағы ашаршылық, қуғын сүргін, одан кейінгі соғыс заманында жастар қалың малсыз, тек батамен қосылыпты.

«Ертеде қалың мал, аты айтып тұрғандай мал басымен беріліп, ол күйеу жігіт үйіне келіннің жасауы ретінде қайтқан. Жалпы, жаугершілік заман кезінде жастар батамен қосылып отырған. Ал кеңес үкіметі қалың мал беруге қарсы болды. Қазіргі заманда оның мәні өзгеріп ақшаға, киітке, түрлі сыйлыққа ауысқаны рас, бірақ атауы қалың мал болып қалды», — дейді этнограф.

Қалың мал неге ақшалай беріледі?

Ғалым қалың мал кәдесінің барлық өңірде бар, бірақ әр өңірдің өзінің тәртібі, ғұрпы, салтына сай кәде беру жоралғылары әртүрлі екенін айтады. Ол оңтүстік өңірде қалың малдың ақшалай беруілуіне қатысты өз пікірін білдірді.

Тағы оқыңыз: «Не деген көргенсіздік»: белгілі этнодизайнер бүгінгі тойдың кемшілігін атады

«Қалың мал кәдесінің әрбір өңірге тән ерекшелігі бар. Әрине, оңтүстік өңірде қалың мал кәдесінің ақшалай беретін бөлігінің басым екені әрі жаппай өріс алғаны рас. Мысалы, Түркістан облысында. Бұл өңірде тарихи дәуірлерден отырықшылық мәдениеттің басым болуы, сауда-саттықтық етене дамуы, қазақы дәстүрдің басым сақталуы әсер етіп әрі бұл жағдайға көршілес қонған өзбек, тәжік сияқты халықтармен этномәдени байланыс та ықпалын тигізуі мүмкін», — дейді Тәттігүл Қартаева.

Оның сөзін Досымбек Қатранұлы толықтырды.

«Қазақта «Алыспасаң-беріспесең сарт боласың, барыспасаң-келіспесең, жат боласың» деген түсінік бар. Бұл қағида біздің қанымызға сіңген. Еліміздің өңірлерінде «қалың мал» жоқ деп айтуға келмейді. Бүгінде тараптар келісіп, оны қарапайым түрде беріп жүр ғой. Мысалы, кит, киім, ақша, зат түрінде. Алайда бұрынғыдай бөліп төлеу жоқ. Ал оңтүстікте қалың малдың ақшамен берілуі бұл қала мәдениетінің және сауда-саттықтың дамуымен байланысты болуы ықтимал», — дейді ғалым.

Этнографтың айтуынша, қазіргі таңда құдалардың арасында алыс-беріс бар. Мысалы, «сүт ақысы». Бұрын құлынды бие, бұзаулы сиыр, боталы түйе болса, қазір ақша беріледі екен.

Қалың мал және ажырасу

Сонымен қатар Досымбек Қатранұлы елімізде ажырасудың көбейіп кеткенін атап өтіп, бұл мәселені шешудің жолын ұсынды.

Тағы оқыңыз: Этнограф қыз жасауына не беруге болмайтынын айтты

«Қазіргі таңда жастар арасында ажырасу көп. Бұл мәселені шешу үшін қалың мал салтын жандандыру керек шығар. Себебі, үйленетін жастар жауапкершілікті сезіну керек. Қалың мал – материалдық кепілдіктің бір түрі. Сондықтан мұны заң жүзінде енгізу керек. Жастар үйленгенге дейін қосылмай кетіп жатса, оған амал жоқ. Ал құдалық кезінде осы мәселені жақсылап қолға алған жөн», — деп түйіндеді сөзін этнограф.



sputniknews.kz


Тегтер:қалың мал