Қалмұханбет Қасымов Ақтаудағы жарылысқа қатысты пікір білдірді
Оның айтуынша, төтенше оқиға орнында әскерилермен бірге тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.
ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Ақтаудағы металл сынықтарын қабылдау базасының аумағындағы жарылысқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Кеше кешкісін, жергілікті уақыт бойынша 17-25-те Ақтаудағы металл сынықтарын қабылдау орындарының бірінде жарылыс болды. Біздің анықтауымызша, төрт адам «Газельге» отырған. Еш жерде тіркелмеген металл жинаушылар даладан темір сынықтарын жинауға шыққан. Шамамен алты қап металл жинап, еш жерде тіркелмеген, ғимаратты жалға алып отырған қабылдау пунктіне келген. Металдарды өткізу барысында жарылыс болып, темір сынықтарын қабылдаушы мен тапсырушы қаза тапқан. Үшеуі жарақат алса, оның біріне көмек көрсетілді, ал екеуі ауруханаға жатқызылды. Барлығы да Ақтау қаласының тұрғындары», — деді ол Мәжілістің жалпы отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Оның айтуынша, төтенше оқиға орнында әскерилермен бірге тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта қайғылы оқиғаның екі нұсқасы қарастырылу үстінде. Яғни, қандай да бір бөгде зат немесе металды кесуге арналған газ құрылғының жарылуы ықтимал. Сонымен қатар министр граната жарылды деген өсек-аяңға да қатысты жауап берді.
«Граната немесе снаряд жарылғандығын растай алмаймыз. Шұңқыр жоқ, анықтайтын боламыз», — деді Қ.Қасымов.
Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!
Дереккөз: https://kaz.zakon.kz/