Қали Ибрайымжанов: «Ұлы даланың жеті қыры»

0
131

2018 жылғы 23 желтоқсан 17:41 749

Қали Ибрайымжанов: «Ұлы даланың жеті қыры» - тарихымызды тереңнен қарауға жасалған үндеу


ЖАРКЕНТ. ҚазАқпарат – Елбасымыз  Нұрсұлтан  Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті  қыры»  атты  мақаласы  бабаларымыздан  аманат  болып  келе жатқан атамекеннің  тарихы тереңнен  бастау  алатындығын тағы  бір  мәрте   паш  етті. Мұндай пікірді Алматы облысының Жаркент қаласындағы №6 орта мектептің тарих пәні мұғалімі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Қали Ибрайымжанов білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тарихшының пікірінше, мақаладан ұлтымыздың  рухани  және  материалдық  мәдениетінің  шежіресі  адамзаттың  әлемдік  өркениетімен  етене  астасып  жатқанын  бірден  байқауға  болады. Ұлы  дала – ұлттық  тарихымыздың  алтын  діңгегі. Бұдан төрт-бес  мың жыл бұрын   адам баласының  ежелгі  мәдени орталығының біріне айналған  қасиетті қазақ жері  ата- бабаларымыздың  алғашқы  тіршілік  ошағы  болғандығы  және  де  еліміздің қазіргі  территориясы олардың    кейінгі тікелей ұрпақтарының яғни, біздің   төл  Отанымыз екендігі  ғылыми  зерттеулер  арқылы  анықталып  отыр.

«Қазақ  жерінің қыратты аймақтарында қоныстанған біздің  арғы  бабаларымыз малды, оның ішінде  жылқыны  да шамамен  б.з.б. 3000 жыл  бұрын  Қазақ  жерінің  Солтүстік  және  Орталық  далалық  аймақтарында қолға  үйретіп,  мініс  пен  күш көлігі ретінде пайдаланды. Әлемде  алғаш  рет  екі  доңғалақты арбаны  ойлап  тапты  және ат әбзелдерін де өздері  жасап, заман  талабына  қарай  үнемі  жетілдіріп  отырды.  Осы «Андрон мәдениеті»  заманында ғұмыр кешкен ұлыстардың  ең  белгілісі – арийлер мен тур тайпалары. Негізінен мал өсірумен айналысқан. Олар  әсіресе,  ұшқыр тұлпарларды  аса қатты қадірлеген. Бір сөзбен айтқанда, жылқыны  қолға  үйретіп, атқа  міну  мәдениетін  дамытқан бабаларымыз өз  заманында үлкен  үстемдікке  ие  болып, тарих  көшінде  өшпес  із  қалдырды. Мемлекеттік рәміздің  бірі –  Елтаңбамыздағы  «Қанатты  тұлпар» – сол  киелі  дәстүрдің айшықты  белгісі.

Адам  баласы алғаш пайдаланған  металдың  мыс болғандығын  тарихтан білеміз. Кейін, б.з.б. 2000 жыл  бұрын  мыс  пен қалайыны қосып  қорытып,  қола  өндіруді  игерді. Мыс өндірудің ежелгі  орталығы  қазіргі  Жезқазған қаласының  маңайы  болса (100 мың  тонна мыс  өндірген), қалайының  кен  орындары – Нарын мен  Қалба  жоталары.  Металл өндіру  мен  өңдеу технологияларының  жетілдірілуі  адамзат  дамуының  үрдісіне  жан-жақты  әсер  етіп,  үлкен  бетбұрыс  әкелді.   Сол дәуірлерде өмір сүрген арийлер, турлар, асылар және дахтар өздерінің  тікелей  ұрпақтары – Сақ ұлысының  қалыптасуында  маңызды  роль  атқарды. Жаңа дәуір басталып, жай отындай  жарқылдаған – сақтар тарих сахнасына шықты. Аталмыш  дәуірде  ұлан-байтақ  қазақ  жері  еуразиялық  көшпелі  үштіктің – қарулардың  классикалық  үлгілері, ат  әбзелдері,  бұйымдардағы  «скиф – сібірлік  аң  стилінің» кең  таралған  орталығы  болды.  Сақтардың  алтынға қаншалықты бай екендігін көрген  жұрттар  жағаларын  ұстаған. Алтын бұйымдардың  ерекшелігіне байланысты оған  зергерлік  өнердегі «Аң стилі» деген атау   берілген. 1969 жылы  Есік  қорғанынан  табылып,  әлемдік  деңгейде  дәріптеліп  жүрген  «Алтын  адам» – ұлт  пен  мемлекет  тарихындағы  баға  жетпес  асыл  қазынамыз. Бабаларымыздың  асқақ  рухы  мен  талғам  тәлейінің  мәңгілік  айқын  көрінісі», – дейді ол.

Қали Ибрайымжановтың айтуынша, Алтай – бүкіл түркі  халықтарының атажұрты. Ал, олардың    осынау      киелі жерге  байланысты өмір тарихы б.з.б. ІV-V ғасырлардан  бастау алады. Түркілердің  тілі мен  мәдениетінің, салт-дәстүр белгілерінің ерекшеліктері  тек  қазақ  ұлтында  ғана  сақталған.

«Адамзат баласы өркениетінің теңдессіз тарихи ескерткіші болған – Ұлы Жібек жолының шежіресі б.з.б. І ғасырдың ортасынан басталады. Құрлықтарды жалғаған  бұл жол сол аймаққа кіретін мемлекеттердің экономикалық және мәдени салада өсіп-өркендеуіне теңдессіз игі әсер етті. Ол ежелгі Қытай жеріндегі Хуанхэ өзенінің аңғарындағы Чаньан қаласынан бастау алып, қазақ жерінен өткен соң, Қара теңіздің солтүстік-шығысын айналып, Еуропаға иек артқан. Аталмыш жолдың кең құлаш жаюы сауданың, мәдениеттің және халықаралық қатынастардың дамуына зор ықпалын тигізді. Керуен жолдарына таяу орналасқан тұрақты қыстаулар – кент және  қалаларға айналды. Уақыт өте  келе көрші аймақтар  мен  алыс шетелдерден сан  алуан тауарын тиеген  сауда керуендері келе бастаған. Оларға ілесіп  дүниенің төрт бұрышынан өздерінің діни, саяси  мақсаттарын жүзеге асыруға  асыққан буддизм мен зорастризм,  христиандық  пен  ислам дінін  таратушы  миссионерлер  де  селдей  ағылды. Сөйтіп, Еуропа мен  Азияның  түйіскен жерінде түрлі мәдениеттердің тоғысып, бір – бірімен етене араласуына тарихи мүмкіндік туды. Қазақтың сайын даласында отырықшы және көшпелі тайпалардың  жан-жағындағы шекаралас және шалғайдағы елдермен де тең дәрежеде қарым-қатынас  жасауының арқасында адамзат қоғамының ежелгі өркениетінің басқаларға ұқсамайтын өзіндік ерекше төл мәдениеті  қалыптасты.

Қазақтың  қасиетті  Алатауының  қойнауы  толған  құт-береке: өзен- көлі, тау-тасы, жан-жануары, өсімдік  әлемі… тұнып  тұрған  табиғи  байлығын  айтып  тауысу мүмкін  емес-ау,  сірә.  Дәмі тіл  үйірер  алма  мен  көздің  жауын алар  қызғалдақтың түп-тегі де осы  бір  қасиетті  мекенде   екендігін қазір күллі әлем мойындады.

Мінеки, Елбасымыздың  ұрпаққа  ұлағат  етіп айтып отырған Ұлы даланың  «Жеті қыры,  жеті кереметі!». Жалпы, арғы тегі  Сақтан  тарайтын, бергі  тарихы  Түркі  әлемінің  қара шаңырағындағы  алтын  қазығы болып табылатын Қазақ елінде  «жеті» киелі сан болып  есептеледі. Әр қазақ  үшін  «Жеті  қазынаның» құндылығы  қандай  болса, аталмыш «Ұлы  даланың  жеті  қырының» да  кие-қасиеті сондай биік деңгейде. Ендеше, «Жебеуші  жеті  піріміз» қолдап, Қазақ  елінің  мемлекеттілігі мәңгілік  болсын!» – деп түйді ойын тарихшы ұстаз.                                     

                                                                                                       

Авторы Нұрәділ БЕГІМБЕТ

Фото: abai.kz

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz