«Қалдық береді»: Желідегі видеодан кейін Алматыдағы мектеп асханасы тексеріліп жатыр

0

Әлеуметтік желілерде Алматыдағы мектептердің бірінің асханасында оқушыларға тамақ қалдықтарын беріп жатыр деген ақпарат пайда болды.

Алматы қалалық білім басқармасы осыған байланысты түсінік берді.

– №67 мектепте тамақтану сапасына қатысты ақпараттың таралуына байланысты басқарма бейнежазбада баяндалған барлық мән-жайды зерделеу және анықтау үшін тамақтану сапасын бақылау жөніндегі ведомствоаралық топтың жұмыс комиссиясы сол жерге кеткенін мәлімдейді, — деп атап өтті басқармадан.
Барлық мектепте бракераждық комиссия құрылды, оның құрамына мектеп әкімшілігінің өкілдері, әлеуметтік педагог, медицина қызметкері және ата-аналар қоғамының мүшелері кіреді. Берілетін тағамдардың сапасын тексеруді бракераждық комиссиясы айына екі рет, ал мектептің медицина қызметкері күн сайын жүргізеді.

– ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 17 ақпандағы бұйрығымен бекітілген «Қоғамдық тамақтану объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың» 65-тармағына сәйкес тамақ қалдықтары шығуға жақын орналасқан мектеп асханасының қосалқы нысанындағы арнайы орында жинақталуы тиіс, — делінген хабарламада.
Осыған дейін Алматы мектептерінде оқушыларға берілетін тегін ас мәзіріне ұлттық тағамдар енгізілуі мүмкін екенін жазған болатынбыз.

Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумында мектеп асханасындағы тамақ сапасын арттыру бағытындағы ұстанымдарын айтқан еді.