«Қалаулымға» бақыт іздеп барып, қылмыскер атанды:Қытайдан келген Қайраттың 24 сағаттағы оқиғасы
2009 жылы Қытайдан қоныс аударып келген 28 жастағы Қайрат Самарқанның махаббатта жолы болар емес. Қытайда жүрген кезінде-ақ соры бес елі болған жігіт өз Отанындағы қандас бауырларына алданып қалдым деп отыр. Жүрегінің жартысын еліміздегі атышулы «Қалаулым» бағдарламасы арқылы таппақ болып, ақыр соңы «қылмыскер» деген атқа ілігіп, басы дауға қалыпты. Айтуынша, эфир аяқталған соң бағдарлама қызметкерлері жігітті студияға жақындатпай қойған. Оған себеп – Қайрат Қытай мен Қазақстан арасына іріткі салды деп айыпталуы.
Қайрат Самарқан «Қалаулым» бағдарламасына не айтты? Эфирдің YouTube арнасындағы нұсқасына көз жүгіртейік.
Айтуынша, Қытайда жүрген кезінде әке-шешесі жоқ жігіт бөтен кісілердің артынан еріп кете барады. Олар Қайратты алдап, Қытайдың Гуанжоу қаласына апарды. Сөйтіп аяғына дәрі егіп, тобығын қылышпен шауып тастайды. Мақсаттары – Қайратты қайыр тілеуге жіберу. Осылайша Қайраттың алты жылы қайыр тілеумен өткен. 2006 жылдары балаларға қайыр тілетіп отырғанда полиция ұстап, ауылына қайта келген. Алайда ауылдастары мұны танымайды, тіпті 6 жыл бұрын өлдіге санап, жаназасын шығарып та тастаған екен. Бұдан соң Қайрат Үрімшіге қайтады, жұмыс істейді. Жұмыс істеп жүріп Отаны Қазақстан екенін біледі. 2009 жылдары Отанына оралуға бел буады.
Бұл – Қайраттың Қазақстанға келгенге дейінгі Қытайдағы өмірі, өз шындығы. Алайда басынан өткен қиындықтарды халық алдында, әсіресе өзін үміткер ретінде ұсынып отырған ару Ақтотыға тайсалмай айтсам деген ниетінің соңы үлкен дауға әкеп соққан. Қайраттың айтуынша, «Қалаулым» бағдарламасы «Қазақстан мен Қытай арасына іріткі салды» деп оған жала жапқан. Алайда Қайраттың өзі полицияға шағымданбақ болған. Неге? Қайрат Самарқан Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне небәрі 24 сағатта басынан өткерген оқиғаны былай баяндады.
«Қалаулымның мақсаты – тек қана шоу. Мен онда «бақытымды тапсам екен» деген адал ниетпен бардым. Жүрегімнен шыққан сөздерді, шындығымды айттым, ештеңе жасырған жоқпын. Бірақ олар таңертең мені студияға шақырды да, ойынды өзгертті. Олардың ойлары мынадай: «Қайрат үкіметке қарсы шығып жүр, осындай негізбен Ақтоты екеуінің араласып, жақындасып кетпеуін қадағалайық». Ал менің, шын мәнісінде, ондай ойым болған емес. 11 желтоқсан күнгі эфирден кейін кешкісін Ақтотымен кездесуіміз керек болған. Тіпті сағат 18:00-ге кафеден орын белгілеп, қызбен кездесер сәтті асыға күтіп жүрдім. Ол да мені күтетінін, дайын отыратынын жазды. Бірақ арада 20 минут өткен соң Ақтоты інісі ауырып қалғандықтан, кездесе алмайтынын жазды. Мұнда бір гәп барын бірден аңғардым.
Сөйтсем, әлгі бағдарламадағы көмекші жігіт Ақтотыға «менімен араласпасын, кездеспесін» деп айтып жіберген. «Ол үкіметке қарсы шыққан, кездесуге барма» деген. Мен де өз дегенімнен қайтпадым, Ақтотыға ертең кездесетінімізді айттым, студияда сөйлесіп, бәрін шешеміз деп ойладым. Барғанымда түрік режиссер мені шақыртып, Ақтотымен сөйлесуіме қарсы екендігінді айтты. Маған «үкіметке қарсы сөйледің» деді. Мен айтқан сөздеріме халықтың өзі куә екенін айтып, бой бермедім. «Істеп отырғандарыңның бәрі ойын» деп ашық айттым. Бұдан кейін эфирге қатыспасам, қатыспайын, режиссерден Ақтотымен кезігуді тағы өтіндім. Рұқсат бермеді. Сонда істейтін қазақтың жігіттері өзіме бас салды. Айтқанымнан қайтпай тұрған мені жағамнан алды. Бірнеше жігіт жалғыз тұрған маған шабуылдай бастады. «Қалаулымдықтардан» зардап шеккен мен өз құқығымды қорғамақ ниетте полицияға жүгіндім. Полицейлерді студияға шақыртып, бар жағдайды айтып бердім. Бірақ бағдарлама қызметкерлері де үнсіз қалмады. Мені «екі ел арасына іріткі салушы» деп айыптай салды. Не керек, полиция «Қалаулымның» сөзін сөйледі де, мен бөлімшеден бір-ақ шықтым. Назарбаевқа, үкіметке қарсы ештеңе айтпағанымды дәлелдегім келді, сенбеді, куәгер сұрады. «Дәлелім болмаған жағдайда, үкіметке қарсы шықты» деген айыппен сотталатынымды айтты. Оның үстіне бұрындары Қытайда істі болғанымды алға тартып, қылмыскер етіп қойды. Алайда заң бұзатындай, мемлекетке қарсы ешбір әрекетке барған емеспін. Қытайдағы жағдай мен өз Отанымдағы жағдайды салыстыруға да келмейді.
Темір тордан қорқып тұрған мен жоқ, ең бастысы — ниетім таза. Тек мені алдап соққан, ойыншық еткен «Қалаулым» бағдарламасына деген өкпем қара қазандай, зығырданым қайнады. Тікелей эфирден бәрін тыңдап-біліп отырған халық не дейді? «Ақтотыға өзі келіп, өзі қашып кетті» демей ме? Мен де намысты адаммын. Ал енді өзімді ақтап шығуым үшін ертең полицияға куәгер апаруым керек екен», — деп баяндады оқиғасын Қайрат.
Бір айта кетерлігі, Қайрат эфирге шықпас бұрын бағдарламаның арнайы келісімшартқа қол қойған екен. Келісімшартқа сәйкес, қатысушы «Қалаулым» жайлы бірде бір журналистке сұхбат бермейді. Аузын ашқан жағдайда 500 000 теңге айыппұл төлеуге тиіс. 500 000 теңгесі жоқ болса да, Қайрат халыққа шындықты жеткізгісі келеді.
«Егер келісімшартқа отырмағанымда, айтарым бұдан да көп еді… Шыны керек, сотталып кеткенім тіпті жақсы. Өзімнің жағдайымды айтқаныма кінәлімін бе? Егер соттаймын десе, тергесін, соттан-сотқа жүгірейін. Бірақ бәрін халық көрді», — деген жігіт бағдарламаға барғанына өкінішін білдірді. Себебі «бәрі пиар үшін ұйымдастырылған» деген ойдан арыла алмады.
«Не мен сотталамын, не «Қалаулымды» тоқтатамын! Қамаса қамасын, шыдаймын. Намысты ермін! Қытайдан келгендер қашанғы қылмыскер атана береді? «Қалаулымда» айтқандарымның барлығы дерлік шындық. Кімнен нені жасырамын?», — деп Қайрат Самарқан сөзін қорытындылады.
12 желтоқсан кешке таман Қайраттан тағы бір хабар келді. Студиядағы қызметкерлердің жұдырық ала жүгіруінен оның денсаулығына нұқсан келген екен. Анығын айтқанда, кеуде тұсына зақым келген.
Бұл фотоларды Қайрат Алматыдағы №7 қалалық ауруханадан whatsapp арқылы жіберді.