«Қаланың сыртына апарып, көміп тастаймыз деп қорқытты»: Елордада топтық зорлыққа ұшыраған қыз мән-жайды айтты — Қазақстан жаңалықтары

0

Елордада топтық зорлыққа ұшыраған 28 жастағы Саина Раисова басынан кешкен ауыр жайттар туралы айтып берді. Айтуынша, оны жігіті досымен бірге зорлап тастаған. Сорақысы сол, тіпті, арсыз әрекеттерін видеоға да түсіріп алып, таратып жіберіпті деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап. 

Видеоға түсіріп, бопсалаған: Шымкентте 17 жастағы жасөспірімдер сыныптас қызды зорлап тастаған

Бір жарым жыл кездесіп, 8 ай бірге тұрған Саина мен жігіті қарым-қатынастарын тоқтатқан екен. 2017 жылдың маусым айында жас жігіт қызды үйіне шақырған. Бұл кезде екеуі бірге тұрмаса да, ара-тұра сөйлесіп тұрған. 

«Мен үйге келгенде ол мас болды. Маған айқайлап, балағат сөздер айтты. Артынша досын шақырды. Олар мен зорлап, әрекеттерінің бәрін видеоға түсірді. Артынша өлтіретіндерін, қаланың сыртына апарып, көміп тастайтындарын айтып қорқытты. Сонымен қатар тағы достарын шақырып, зорлаймыз деп қорқытты», — дейді Саина.

Өз өмірі үшін қорыққан қыз осы кезде үшінші қабаттың терезесінен секіріп кетіпті. Салдарынан оған 4 рет ота жасалған. Құйымшағымды алып тастады, миым шайқалған, сүйектерім сынып кеткен еді, аяғымның сүйегі дұрыс бітпеді, дейді ол. 

Саинаның сөзінше, аталған оқиғаға қатысты қозғалған іс бір орыннан жылжымай, күдіктілер бостандықта жүрген. 2017 жылдың қазан айында жас қыз #НеМолчиKZ қорының негізін қалаушы Дина Смайловаға жүгінген. 

«Тергеу амалдары кезінде бұрынғы жігітім қашып кетті. 2018 жылдың 18 қаңтарында оның досы 10 жылға сотталды. Әрине, сотталушының тарапынан қорқыту болды», — дейді Раисова. 

Қыздың айтуынша,  сот үкімі шыққаннан кейін, желіде өзінің зорланғаны түсірілген видео тарап кеткен. Онда Саинаның беті мен әуретті жерлері жабылмаған екен. Тек зорлаушылардың беті көрсетілмеген. Жас қыз видеоны сотталушының тарапы таратуы мүмкін деп топшылайды. Артынша ол шағым түсірген. Қазір іс уақытша тоқтатылған, алайда видеоны таратқандардың жазалануына қол жеткізетін боламын, дейді. 

Жас қыздың бұрынғы жігіті 2019 жылдың 6 наурызында тұтқындалған. 

«Сотта ол маған неше түрлі сөз айтып, жезөкше деп атады. Алайда менің мұндайға қатысым жоқ. … Ол соңғы сөзінде мені досына бергені үшін ғана кінәлі екенін айтты», — дейді жас қыз.

Өз сөзінде Саина өзіне сес көрсетіліп, сонымен қатар бірнеше рет шабуыл жасалғанын жасырмады. 

Қазіргі уақытта жәбірленушіні арнайы бөлім ардагерлері – URAN республикалық бірлестігінің қатысушылары қорғап отыр. Саинаның сөзінше, прокурорлар сотталушыны 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Ал сотталушы өз кінәсін ішінара мойындапты.

stan.kz