Қаламқастағы өрт туралы жаңа деректер пайда болды

0

Өңірлік ТЖД ұңғыма емес грифонның жанып жатқанын алға тартты.

Қаламқас кен орнында бірде бір ұңғыманы жалын шарпыған емес. Ол жерде жанып жатқан — грифон. Бұл туралы Маңғыстау облыстық ТЖД азаматтық қорғау бөлімінің бастығы подполковник Бекболат Әбдіқадыров хабарлады, деп жазады Zakon.kz аймақтық «Лада» басылымына сілтеме жасап.

Бекболат Әбдіқадыровтың айтуынша, кен орнында биіктігі 10-15 метрге жететін газды-сулы бұрқақ жанып жатыр. Ол 900 шаршы метр аумақты құрап отыр. Қоспаның осыншама аумаққа жиналуына атқылау себеп болған.

— Грифон №8237 ұңғымаға жақын орналасқан, бірақ оны жалын шарпыған жоқ. Бұған дейін өрт газды-сулы қоспаны сөндіруге арналған арнайы техника мен өрт насосты станциясымен сөндірілген болатын. Бірақ ауа-райының қолайсыздығы мен грифоннан шығып жатқан қарқынды жер асты суларының себебінен оң нәтиже болған жоқ. Осыған байланысты Атырау облыстық ТЖД газды-сулы өртті сөндіруге арналған автомобильді жұмылдыру шешімі қабылданды. Сағат 19:00 қосымша күш-құралдар ретінде жіберлген Атырау облыстық ТЖД жедел тобы ТЖ орнына жетті. Қызыл жалынды сөндіруге бағытталған дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр, — деді Бекболат Әбдіқадыров.

Грифон – сулы таужыныстан жерасты суының жоғарыға шапшып атқылауы.

Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

kaz.zakon.kz