«Қаламқастағы» апатқа Қытай компаниясының жұмысшылары кінәлі

0

Қазақстанның индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Маңғыстау облысы «Қаламқас» кенішіндегі апатқа қытайлық Si Bu компаниясы жұмысшыларының өнеркәсіптік қауіпсіздік ережелерін сақтамауы себеп болғанын хабарлады. 2 мамырда апатты зерттеу комиссиясының қорытындысымен таныстырған индустриалды даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасының орынбасары Нығметжан Мақажанов Нұр-Сұлтанда өткен жиында осылай деп мәлімдеді.

«Ұсынылған материалдарды қарастырып, Si Bu инженерлік бұрғылау компаниясының ұңғыманы бұрғылау кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын бұзғаны, бұл өз кезегінде газ бен судың шығуына алып келгенін комиссия анықтады. Мердігер ұйым Si Bu компаниясының ұңғыманы салуға арналған техникалық жобаны, мұнай және газ ұңғымаларын бекіту жөніндегі әдістемелік нұсқаулардың талаптарын бұза отырып, цементтің қатаюын күтудің белгіленген уақытын есептемеген, ұңғыманың сағасы уақытынан бұрын ашылған» деді Нығметжан Мақажанов.

Оның айтуынша, Si Bu «осы ұңғыманың құрылысын қауіпсіз жүргізуге қажет болған өндірістік бақылауды қамтамасыз етпеген». Мақажанов бұған қоса, компания қызметкерлерінің өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында қажетті дәрежеде маманданбағанын да жеткізді.

Комитет басшысы апаттың себептері мен жай-жапсары жазылған акт жасалып, «апаттың алдын алу шаралары әзірленгенін» айтты. Тергеп-тексеру материалдары құқық қорғау органдарына берілген.

25 наурызда Маңғыстау облысындағы «Қаламқас» кенішіндегі ұңғымалардың бірінен өрт шығып, өрт сөндірушілер бірнеше күннен кейін ғана өртті сөндіре алған.

Бұған дейін әлеуметтік желі қолданушылары «Қаламқас» кенішіндегі өрт туралы видео таратып, аумақтың экологиялық жағдайына алаңдаған.

30 наурызда кеніш маңындағы ауа, топырақ және су құрамын зерттеген «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ мамандарының зерттеу қорытындысын жариялаған энергетика министрлігі «ауада ластаушы заттардың жоғары концентрациясы анықталған жоқ» деп хабарлаған.

«Қаламқас» кенішін барлаумен — «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясы айналысады.

Azattyq