Қаламгерлер ұлт қорғаны болуы тиіс! — Қазыбек Иса

0

Қазақ тілі болмаса, Қазақ әдебиеті кімге керек?!.

Ақын, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Қазыбек Исаның Алматыдағы Абай театрында өткен Қазақстан Жазушылар одағының XVI құрылтайында сөйлеген сөзі

✅ Отыз жылда да жолға қойылмаған Ұлттық идеологиямызды енді қолға алып, Ұлттық болмысымызды Ұлтшылдық негізде қалыптастыруымыз қажет!

✅ Кеше ғана идеология тізгінін ұстағандар тағы да қазақ тіліне қарсы шығып, Тіл Тұжырымдамасынан «Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау қажет» деген ең басты талапты алдырып тастағанда қанша қаламгер қарсы тұра алды?

✅ Ұлттық партия да, Ұлттық парламент те Жазушылар одағы болуы керек!

✅ 1986 жылы Желтоқсан дауылынан кейін Колбин неге ең алдымен Жазушылар одағына келді?!. Ел басына күн туып, Ер етігімен қан кешер кезде халық алдымен қорғанымыз бар деп, Жазушылар одағына қарады.

✅ Ұлттық мүддемізді қорғауда бәріміз тізе қосып, тірлік істей білуіміз керек. Тізе қосқан ел тізерлемейді!

✅ Тәуелсіздігімізді жариялаған тарихи орын — Қазақ Республикасы Жоғары Кеңесінің қасиетті ғимаратын отыз жылда ойына келгенін істегендер иеленіп алды…

✅ Жазушылар одағының көздің жауын алған, көздің құртына айналған киелі ғимаратын көздің қарашығындай сақтауымыз керек, ағайындар! Сол үшін де Одақ керек!

Ассалаумағалайкум ағайындар!
Қадірлі қаламгерлер қауымы!
Ұлы Абайдың ғимаратында қалың қаламгер қауымы алдында сөз сөйлегеннен бұрын өлең оқығың келеді екен өз үйіріңді көргесін.
Бүгін міне, құшақ жайып, көрісіп жатқан Құрылтайымыз құтты болсын!

Алдымен Құрылтайға Ақ жол тілеген “Ақ жол” партиясы төрағасы, Парламент Мәжілісі депутаты, Алаш ұстанымы үшін 37 жылы атылып кеткен, репрессия құрбаны болған арыстың немересі Азат Перуашевтың құттықтау хатын табыс етемін.

Қазақстан Жазушылар одағы — ел руханиятының қарашаңырағы.
Ұлы Даланың ұлттық рухын сақтап қана қоймай, күшейте беру ең алдымен Қазақ қаламгерлерінің қасиетті парызы!
Жаппай жаһандану жарысында ұлттық ерекшелігімізді сақтап қалу ұлт алдындағы зор ауыр сынақ!

Қай заманда да, қара сөзден қаймақ айырған қаламгерлеріміз ұлттың ұйытқысы, ұрпаққа үлгі бола білгені белгілі.

Ал осы руханиятымыздың қарашаңырағы ҚЖО бастаған шығармашылық ұйымдардың жағдайы өзіміз Тәуелсіздік алғалы неге қиындап кетті?

1. Еліміз Тәуелсіздік алған 1991 жылдан кейін Шығармашылық одақтар мемлекеттік қаржыландыруға кірмей, үкіметтік емес ұйымдар қатарында ғана қалды. Ал ондай ұйымдар ол кезде 100 шақты ғана болса, қазір 2023 жылы 23 мыңнан асады.
Яғни, біздің заңымыз бойынша ұлттық мүддемізді қорғауға рухани нәр беретін, ұлтшыл рухты ұрпақтар тәрбиелейтін Жазушылар, Композиторлар, Суретшілер, театр, кино одақтары, яғни Ұлттық тәрбиеге үйрететін одақтар мен …ит үйрететін одақтардың рөлі бірдей екен. Мұндай, 23 мың ұйымның бәріне бір көзбен қарап отырғанда, бұл мәселе ешқашан шешілмейді.

2. 2020 жылы Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен Шығармашылық одақтарды қолдау қоры құрылған еді. Қазір бұл қордың жұмысы қалай жүріп жатқаны белгісіз. Шығармашылық одақтар шырылдауда, қаржы жоқ деп, ал Мәдениет министрлігіндегі шығармашылық одақтарды қолдау үшін бюджеттен бөлінген 257 миллион теңге де Одақтарға жетпей қалды. Өздері күн көре алмай отырған шығармашылық одақтар осылай құдайдың өзі жіберіп тұрған өздеріне тиесілі сыбағасынан айырылып қалды. Мұны қазақ «Кедейдің аузы сүтке тигенде, мұрны қанайды» дейді…

Мұндай, қаржылық қиын жағдайда, шығармашылық одақтар өз мүшелеріне қалай қолдау жасай алады? Негізінен, шығармашылық одақтардың қиын жағдайы оларды қаржыландыру тетіктерінің заңнамалық тұрғыда тиімді жолға қойылмағандығынан болып отыр.

3. Сондықтан да, 2021 жылы 3 маусымда парламентте Әлеуметтік-мәдени даму комитеті шығармашылық одақтар мен қоғамдық ұйымдардың рөлін арттыру туралы Парламент тарихындағы тұңғыш рет тек қана мемлекеттік тілде өткен үлкен жиын өткізді. Осында отырған Жанарбек бауырым, Мақпал қарындасымыз үшеуміз жауапты болған жиында шығармашылық одақтар басшылары мен қоғамдық ұйымдар жетекшілерінің бәрі қатысты. Ұлықбек Есдәулет ағамыз күшті баяндама жасады.

Шығармашылық одақтардың рөлін арттыру үшін тұрақты қаржыландыру мақсатында Мемлекеттің стратегиялық серіктесі статусы ұсынылды. Бұл туралы парламентте «Ақ жол» фракциясының депутаттық сауалы да жасалды. Бүгінде бұл ұсыныс заңға енгізіліп, енді жемісін көру сәті туып тұр.

Яғни, Қазақ Парламенті еліміздің шығармашылық одақтарына әрдайым назар аударып, заңнамалық тұрғыда қолдау жасап келеді.

Заңның қабылдануы бар да, оның іске асуы бар. Сондықтан бұл заңымыз әлі толық іске асып кете қоймағандықтан, қазір Одаққа басқарушылық тәжірибесі бар, билік санасатындай салмағы бар, аты бар, атпал азаматтар, қайраткер қаламгерлер басшылық жасауы керек деп ойлаймыз. Жалынды болса, жас демейік, тәлімді болса, кәрі демейік, алымды болса, ағаларға жүк артайық. Кім болса да, сырттан сынап отырғандар емес, біз өзіміз, жазушылар шешеміз.
Содан соң, төрағамызды сайлап алғасын, бәріміз көпшіліктің шешіміне көнейік. Желідегі жел сөзді, негізсіз тоқпақтай беруді тоқтатайық, ағайындар! Онсыз да Одақтың төрағасын сайлаудың у-шуы кешегі біздің Парламент сайлауынан асып кетті…

4.Ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру үшін ең алдымен өз болмысымызды жат болмыстан қорғай білуіміз керек! Бүгінгідей жаһандану дәуірінде жат болмыстан қорғануда ұлттық маңызы бар шығармалар мен Ақпараттық-рухани қауіпсіздіктің
рөлі зор! Ал біздің рейтинг қуалаған телеарналардағы қаптаған өзге елдің телесериалдарының елге әсері үкіметтің бұйрықтары мен парламенттің заңдарынан да ықпалды болып кететінін ұмытпайық. Кейде теріс тәрбиеге, ұлтсыздыққа шетелдік ақпараттық экспансиямен бірге өзіміздің ұлттық ұғымнан жұрдай түрлі фильмдеріміздің де, жеңіл күлкіге құрылған сайқымазақтық шу мен шоулардың әсері де аз емес. Биыл 283 үміткер киножобаның 153-інің құжатын қабылдамай, далада қалдырған Ұлттық киноны қолдау орталығының істеп жатқаны анау!

Ел телеарналарына тізесі жалтыраған жыртық шалбарлы әншілер шығып жатқанда, жалпы осы біздің идеологиямыздың өзі бүтін бе, бар ма өзі деп ойлауға тура келеді…

Отыз жылда да жолға қойылмаған Ұлттық идеологиямызды енді қолға алып, Ұлттық болмысымызды Ұлтшылдық негізде қалыптастырмасақ, көрген күніміз бұдан да кері кете береді.

5.Бізде әдебиетке, мәдениетке екінші сортты сала ретінде қарау тыйылмай келеді. Қандай жағдайда да, қандай елдің дамуында да, ең алдымен мәдениеттің маңызы зор! Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Англияның әйгілі премьері Черчилльге қаржы министрі ел бюджетін көрсетеді. Сонда ол «Мәдениеттің шығындары қайда?» деп сұрайды. «Қайдағы мәдениет соғыс кезінде?» депті министр. Сонда Черчилль: «Ал біз онда не үшін соғысып жатырмыз, егер мәдениетті қорғап қала алмасақ?» деген екен.
Иә, “Егер Тілің мен Мәдениетіңді сақтай алмасаң, шекараңды аша сал, бәрібір неңді қорғайсың? Бұл енді сенің елің емес!”-деп, Нельсон Мандела турасын айтқандай, елдің ең басты қорғаны — Тілі мен Мәдениеті. Сондықтан да, ең бастысы, Ұлттық болмысымыз Ұлттық мүддемізді қорғауға лайық болуы үшін, мәдениетіміз мәнді, әдебиетіміз бен өнеріміз нәрлі болуына басты назар аударуға тиістіміз.

6. Жаңа ғана Дулат, Кәдірбек ағаларымыз қозғаған Кітап шығару, қаламақы төлеу мәселелерін өткенде
парламентте Мәдениет министрі Асхат Оралов бауырымызды бекітерде де тағы да көтердік. Олардың бәрі жолға қойылып келеді дейді министр. Осында вице-министр Нұрғиса Дәуешов бауырымыз да отыр. Мемлекеттік маңызы бар кітаптар шығарудың тағдырын интернетке, жел қайдан соғары белгісіз желілердегі дауыс беруге беріп қоя салуға болмайды.
Бәрі Интернетте дауыс беру арқылы шешіле беретін болса, Абайдың алдына алөкпе жазғыштар түсіп кетіп, Есенғалидан Есентаевалар озып кетпей ме?!. Сондықтан соңғы сөзді салмақты сарапшылар кеңесі келісіп шешуі керек.

7. Қаламгер Ұлтты қорғайтын, Ұлттық мүддені қорғайтын Ұлттық рух қорғаны болуы тиіс! Ұлттық партия да, Ұлттық парламент те Жазушылар одағы болуы керек!
Бұл жолда Ұлт жолында қаламын қаруға айналдырған, саналы түрде құрбандыққа бара білген Алаш арыстары жарқын үлгі.

1986 жылы Желтоқсан дауылынан кейін Колбин неге ең алдымен Жазушылар одағына келді?!.
Ол Одақта ел басшысын “25 жыл” күттік деп құшақ жайып қарсы алатындар ғана емес, Желтоқсанның ызғарын шашып қарсы алатын арынды тұлғалар да, Жұбандар мен Сафуандар да болатынын сезді. Ел басына күн туып, Ер етігімен қан кешер кезде халық алдымен қорғанымыз бар деп, Жазушылар одағына қарады.

Содан бергі өз тізгініміз өзімізге жеткен 30 жылда Жазушылар Одағының жағдайы қандай күйге түсті? «Бұрын Ұлтшылдықпен күресіп едік, енді Ұлтсыздықпен күресетін кез келді» деп Ғабиден ағаларымыз жарты ғасыр бұрын айтқан сенімді ақтап, сертте тұра алдық па?

Ұлттық мүддемізді қорғай алдық па? Тіліміз шырылдап жатқанда қорған бола алдық па?
Қазақ тілі болмаса, Қазақ әдебиеті кімге керек?!.
Кеше ғана Үкімет пен Президент әкімшілігіндегі идеология тізгінін ұстағандар тағы да қазақ тіліге қарсы шығып, Тіл Тұжырымдамасынан «Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау қажет» деген, біз алысып жүріп енгізген ең басты талапты алдырып тастағанда қанша жазушы қарсы тұра алды? Менің білетінім Ұлықбек ағамыз ғана өз парақшасында біздің Үкіметті әшкерелеп, қарсы сынаған мақаламызды бөлісіп, қолдап жазды. Үнемі ұлттық мүддемізді қорғауда үн қатып отыратын тек Дулат Исабеков, Смағұл Елубаев, Марат Тоқашбаев, Байбота Қошым-Ноғай, Сұлтанәлі Балғабаев, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Серік Асылбекұлы, Серік Ақсұңқарұлы ағаларымыз ғана. Алла разы болсын дейміз.

8.Кейінгі бес жылдықтың бедерінде Жазушылар одағының жалы көтеріліп, жарты әлемді қамтыған форумдар өткізгені, Астананы шынында да Еуразия кіндігіне айналдырып жібергенін сол халықаралық жиындардан байқадық. Алматыдан бастап, әр өңірде жазушыларға стипендия, сыйлықтар беріліп, кітаптары шығарылып жатқаны жақсылықтың нышаны. Алғыс айтуымыз керек мұндайда Одаққа! Қаламгерлер газеті «Қазақ әдебиеті» де Дәурені жүріп, Қуатын көрсетіп келеді. “Жас тұлпар» қосымшасы арқылы жас дарындарды жарқыратып, жас сыншылар шоғырын жариялап жүр. Қазір интернет заманы болғандықтан, осы газетіміздің енді сайтын да сайдың тасындай етіп, күшейтуге күш салуымыз керек.

Дегенмен, біз ең алдымен ел тағдыры таразыға түскенде, Ұлттық мүддемізді қорғауда бәріміз тізе қосып, тірлік істей білуіміз керек. Тізе қосқан ел тізерлемейді!

Әйтпесе, Ұлт мүддесін қорғауды айтамыз, кейбіреулер желіде желігіп «Одақ керек пе?» деп, қасиетті қарашаңырағымызды саудаға салып, сауалнама жасап жатыр…
Әрине, «Итке темір не керек? Одақ қаламгер қауымға, елге керек!” деп жауап жазып қоя салғанымыз аздық етеді. Қасиетті қарашаңырағымызды қорғауда бәріміз жұмыла кірісуіміз керек.

«Одақ керек пе?» деген одағай сөз ертең «Отан керек пе?» деген оттауға ұласып жатса не істейміз?!.

Сан ғасыр армандаған тәу етер Тәуелсіздігімізді жариялаған тарихи орын — Қазақ Республикасы Жоғары Кеңесі мен үкіметінің қасиетті ғимаратын отыз жылда ойына келгенін істегендер иеленіп алып, атасының атын қазақша жаза алмайтындар шаңын шығарып жатқанда, одан қол созым жерде Қазақ әдебиетінің классиктері Ғабеңдердің арқасында ие болған Жазушылар одағының қасиетті ордасы тұр! Жыр Құлагері Ілиястар басқарған, ұлы Мұқтарлардың ұлағаты қалған Одаққа келесі 2024 жылы 90 жыл толады.

Көздің жауын алған, көздің құртына айналған киелі ғимаратымызды көздің қарашығындай сақтауымыз керек, ағайындар! Сол үшін де Одақ керек!

Қазақстан Жазушылар одағы қазақтың үнін танытып, жоғын жоқтауда, Тәуелсіздігімізді бекемдеу, Көк туымызды көкте мәңгі желбірете беруде ұлт ордасына айнала береді деп сенеміз!

Ұлы Даланың Ұлттық рухын танытатын тың туындылар, шынайы шығармалар күтеміз!

Баршаңызға амандық, саулық және шығармашылық табысқа жету жолында әрдайым Ақ жол тілейміз!

Қазыбек ИСА, ақын, Халықаралық С.Есенин атындағы сыйлық — «Алтын Күз» ордені иегері,
ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты.