ҚАЛАМГЕР ҚАУЫМНЫҢ ҚОЛДАУЫ | «Айқын» газеті
Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауының қоғамдық санаға қозғау салғаны мәлім. Әсіресе, халқымыздың рухани тыныс-тіршілігіне ерекше мән берілген стратегиялық маңызы зор саяси құжатты зиялы қауым өкілдері қуана қабылдады. Өйткені елдің әлеуметтік жағдайы, экономикасы мен мәдениетін одан ары жақсартудың нақты жолдары көрсетілген Жолдауда Мемлекет басшысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жаппай қолдауға ие болғанын тілге тиек ете келіп, бұл бастаманы әрі қарай жалғастырып, оның аясын жаңа мазмұнмен және бағыттармен толықтыру қажет екеніне ерекше тоқталды. Осыған орай «Нұр Отан» партиясы әдебиетіміз мен мәдениетіміздің әлеуетін арттыру мақсатында шығармашыл зиялы қауыммен жұмысын жандандыра түскенін жұрт жақсы біледі. Атап айтқанда, халықтың зор сеніміне ие болған жетекші партия қаламгерлерді ынталандыру үшін бірнеше жобаға қолдау көрсетіп, Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесіп жұмыс істеуді бастап та кетті. Партияның бұл игілікті бастамасы елдің рухани өміріндегі ең үлкен жаңалық ретінде қабылданып, қаламгер қауымның қызу қолдауына ие болды.
Жанарбек ӘШІМЖАН,
ақын, «Ана тілі» газетінің бас редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
– Еліміздегі саяси партияларға байланысты ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде алуан түрлі пікір жарияланып жатады. Мұны демократиялық қоғамның белгісі ретінде бағалауымыз керек. Бұл көкейдегі түйткілді мәселелерге қатысты әділеттілік көксеген тиісті құзырлы орындардан десі қайтқан, әлеуметтік теңсіздіктерге көңілі толмаған электораттың қоғамдық бақылаушы күшке жүгінуі десе де болады. Осы орайда халықтың басты сенімі негізінен билік партиясы саналатын «Нұр Отанға» артылатыны жасырын емес. Себебі, «Нұр Отан» өзге партиялардан гөрі қоғамда өте белсенді, белсеніп қана қоймай өз сайлаушыларына барлық жағынан қолдау көрсетеді. Тіпті халық көп жағдайда билік партиясына инстанс деңгейінде жүгініп келеді. Бұл – әлеуметтік салаға байланысты түйгеніміз.
Кейінгі жылдары партия идеологиялық бағытта ірі жобаларға қолдау көрсетуде. Мәселен, мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасының жүзеге асуына аз ықпал еткен жоқ. Сондай-ақ партия жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінде тілге, дінге, рухани құндылықтарға, тарихи мәселелерге қатысты аз жиын өткен жоқ және оның көбі тиісті деңгейде жүзеге де асты. Сонымен қатар «Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде әр саладағы айтулы тұлғалардан бастап, жаңа қалыптасып келе жатқан жекелеген шығармашылық зиялы қауым өкілдеріне де ұдайы қолдау көрсетіп келеді. Мәселен, таяуда ғана Алматы қаласында өткен белгілі өнер зерттеушісі, ғалым, ұстаз, сазгер Сағатбек Медеубекұлының мерейтойының жоғары деңгейде өтуіне партия үлесін қосып, атсалысты. Белгілі әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлы партия басшылығының тапсырмасымен арнайы келіп, мерейтой иесін құттықтады. Бүгінгі таңда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Журналистика факультетінің деканы ретінде Сағатбек Медеубекұлының Елбасы, партия Төрағасы Н.Назарбаевтың білім сапасын арттыруға негізделген стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыруға зор үлес қосып жатқанын атап өтті. Бұл – ең бірінші кезекте әдебиетіміз бен өнерге көрсетілген құрмет.
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ,
ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
– Елбасының биылғы жылғы Жолдауындағы «Рухани жаңғыру» бағдарламасына ерекше тоқталып өтуі республикамыздың түкпір-түкпірінде игілікті істерге қозғау салып жатыр. Соның басы-қасында жетекші «Нұр Отан» партиясының болуы – шығармашылық зиялы қауым өкілдерін ізденістерге қанаттандырып отыр.
Рухани жағынан кемелденген ұлт қана өркениет өрінен көрінуге хақылы. Соның айқын бір көрінісі – жапон жұрты. Осы заманғы ғылым мен техниканың құлағында ойнап отырған осы елдің жапондық жанқиярлық самурайлық рухына қараңыз. Олар бүкіл дүниежүзінің ғылым мен техникадағы озық жетістіктерін жатсынбай, жатырқамай, бойына сіңіріп алып, Азиядағы дәулеті мен сәулеті келіскен кемел елге айналды. Ұлттық болмыс-бітімін сақтап, жат мәдениетке «жұтылып» кетпеген! Түрі ғана емес, ділі де – жапон! Осы заманғы жапон әдебиеті қандай?! Алақандай аралдан қаншама Нобель сыйлығының лауреаттары шықты?!
«Нұр Отан» партиясының ұлттық әдебиетімізді өркендетуге бағытталған кейінгі кездегі жобалары ұлттық руханиятты дамыту – ұлттық тәуелсіздіктің басты нышаны екенін көрсетіп отыр. Қарағандының өзінде қаламгерлер қауымы оқырмандармен кездесуді игі дәстүрге айналдырып, оған кейінгі толқын – жастарды да тарта бастады. Өркениетке жаһандық руханияттың озық үлгілерін сіңіріп, тек қазақ болып баруымыз керек! Мәселе – осында. Абай Шыңғыстаудан Еуропаға Пушкин мен Гетені іздеп барып, оларды Ұлы далаға алып келді, қалтарыста қалып қойған жоқ қой?! Абай Еуропаға барғанда (ХІХ-ХХ ғасырлар) осы өзімізге пір болып отырған жапондардың өздері басқа жақта жүрген-ді…
Елбасы биылғы Жолдауында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясын жаңа мазмұнмен және тың бағыттармен толықтыру қажет екеніне арнайы тоқталып өткені мені ерекше қуантты. Яғни, Елбасы айтса, рухани өміріміздің бойына қан жүгіріп, нағыз ұлтқа айнала бастаймыз. Ел Президенті ұлттық код туралы бекер айтып жүрген жоқ. Ұлт болмаған жұрт тексіз тайпаға айналады. Тайпа мен ру ұлт бола алмайды. Елбасы өз Жолдауында рухани жаңғырудың жаңа мазмұны дегенде осыны меңзеп отыр. Экономикасы дамыған, рухани ой-өресі биік кемел ұлт қана өркениеттен ойып орын алады. Қазақ екі өкпесін қолына ұстап, Абайға келе жатыр… «Нұр Отан» партиясы соны қырандай қиядан шалған сынды.
Дайындаған
А.МЫРЗАБЕК
Дереккөз: Айқын