«Қалай шыдап отырсыздар»: Әуезов театрындағы жиын жанжалға ұласты — Қазақстан жаңалықтары
Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директорына қатысты дау өнер ордасына жүргізілетін жөндеу жұмыстарына бөлінетін қыруар қаражатқа байланысты екені белгілі болды. Театр басшылығы қажетті құжатты дер кезінде дайындамаған көрінеді. Ал директордың кетуіне қарсы шыққан өнер ұжымына бүгін Мәдениет министрі Ақтоты Райымқұлова мән-жайды түсіндірмек болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеп хабарлайды.
Бірақ жиын жанжалға ұласып, директорды жақтайтындар мен даттайтындар болып екі бөлінген театр ұжымы қызыл кеңірдек болып ұрысты. Директор Сәбит Әбдіхалықовтың кетуіне қарсы шыққан Әуезов атындағы драма театрының ұжымына Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың өзі үн қатуға келіпті.
Министр басшы қызметінен кетуге өз еркімен арыз жазғанын жеткізді. Бірақ бұйрық әлі шықпаған екен.
«Сәбит Әбдіхалықовтың өзі өтініш жазды. Бізге министрлікке жіберді. Одан кейін өзі бюллетеньге шығып кетті. Бірақ ешқандай шешім жоқ. Осында құрылыс болады деп айтып жатырсыздар. Бірақ ол құрылыс бола ма, болмай ма, белгісіз. Өйткені Сәбит Әбдіхалықов жобалық-сметалық құжат жасамаған», — дейді Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова.
Белгілі болғандай, бұл дау өнер ордасына жасалатын күрделі жөндеу жұмыстарына тікелей байланысты. Өйткені қара шаңырақты қалпына келтіруге қыруар қаражат бөлінеді. Бірақ әкемтеатрдың әкімшілігі мекеме басшысының сөзін сол жерде-ақ теріске шығарды.
«Жобалық-сметалық құжат дайын емес деген – өтірік. Ол дайын. Тек мемлекеттік сараптаманың қорытындысы қажет. Құжаттар экспертизаға берілді. Олар 45 күннің ішінде, яғни 4-наурызда дайын болуы тиіс. Бұлар ештеңке жібермеген. Істемеген», — деді М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры директорының орынбасары Әлібек Әмірсейітов.
Ең қызығы, министрдің сөзінен кейін кеше ғана арнамызға ұжым болып директорды жақтаған әртістердің арасынан оны даттайтындары да табыла кетті. Олар жаңа басшы келгелі жұмыс тұралап, қойылымдардың «деңгейі түсіп кетті» дейді.
«Әзіл-ысқақ әлемінің бір адамы қара шаңырақ драма театрын басқарып отыр. Бұл фактіні өзі сұмдық қой. Қалай шыдап отырсыздар. «Қар қызы» дипломдық қойылым. Қазір біздің деңгейіміз ернеуден төмен түсіп кетті», — дейді актер Берік Айтжанов.
Берік Айтжановтың сөзін әріптестері бөліп, жаймашуақ басталған жиын жанжалға ұласты.
Сахна киімін тігіп, оны безендіретін қызметкерлер де әртістерден қалмай, министрге жанайқайын жеткізді.
«Бүгін Гогольдің «Женитьба» қойылымы. Декорацияға қараңыз. Қандай ауыр. Техникалық қызметшілердің жалақысын көтеріңіз. Актердің құқығы болу керек. Шындықты біз айтпасақ, кім айтады?» — деді олар.
Екіге бөлініп қызыл кеңірдек болған әртістердің арыны қатты болғандықтан, Ақтоты Райымқұлова кездесуді кабинетте жалғастыруға шақырды. Ұрыс-керістің немен біткені әзірге белгісіз. Белгілісі, «өз еркімен арыз жазды» деген театр директоры Сәбит Әбдіхалықов қазір шетелде ем-дом алып жатыр екен.
stan.kz