Қалаға жайылған ыс иісі Алматы тұрғындарын алаңдатты

0
77

Мамырдың 16-сына қараған түні әлеуметтік желі қолданушылары Алматы қаласында түтін мен ыс иісі таралып, «демалу мүмкін емес» екеніне шағымданды. Мысалы, Бася Израиловна есімді қолданушы Facebook желісінде «Кеше кешке Қаскелеңде қоқыс полигоны өртенді. Әуелі Бішкек жаққа қарай түтін кетті. Желдің бағыты өзгеріп, түтін қала жаққа қарай көше бастады…» деп жазды.

Қалада ыс иісі әсіресе қаланың тауға жақын орналасқан бөлігінде қатты сезілді. Мұны таңертең бұл аумақта кеңсесі орналасқан Азаттық тілшілері де байқады. Қала тұрғындары таңертеңгі сағат онға дейін ыстың нақты себебін біле алмады.

Ресми ақпарат мамырдың 16-сы таңертеңгі сағат онға таман тарады. Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, Қарасай ауданындағы Әйтей ауылынан жеті шақырым жердегі қоқыс полигоны түнгі 2.00-ден бастап өртене бастаған.

Департамент өкілі Ерлан Қылышбаевтың айтуынша, өрт бір гектар аумаққа тараған. Қылышбаевтың сөзінше, өртеніп жатқан полигон аумағына онға жуық техника құм сеуіп жатыр. Төтенше жағдайлар комитетінің өкілі Нұрсұлтан Нұрахмет «өрттен зардап шеккендер жоқ» деп хабарлады.

Азаттық тілшісі қаланың экологиялық ахуалына байланысты «Қазгидрометке» хабарласып көріп еді, есімін Айза деп таныстырған баспасөз қызметінің өкілі өртке байланысты Алматы қалалық экология департаментіне хабарласу керегін айтты. Ал қалалық экология департаментінің өкілі Данияр Құрманбеков таңертеңгі сағат 11 шамасында Азаттық тілшісіне былай деді.

«Қазір «Қазгидрометпен» бірігіп, біздің экология департаментінің зертханасы стационарлық постарға шығып, сынақ (замер) алады. «Қазгидрометтің» автоматтық стационарлық посты «заттардың жоғары мөлшері» бар деді».

Тәуелсіз экологтар «Алматы қаласы ауасының ластану деңгейін көрсетеді» деп сілтеме беретін airkaz.org жобасы қаладағы PM 2.5 қауіпті бөлшектер деңгейі Нұр-Сұлтан уақытымен таңертеңгі сағат 9 жарым шамасында кейбір ауданда 133-ті көрсетіп тұрды.

– Бұл – әрбір текше метрге шаққанда ауа құрамындағы PM 2.5 қауіпті бөлшектер деңгейі. Ол неғұрлым жоғары болса, соғұрлым жаман. Тәулігіне орташа қалыпты норма – 25 микрограмм. Әдетте жылдың бұл мезгілінде 10 мен 30-ға дейін болады. Бұл қалыпты саналады. Қыста жағдай нашарлап кетеді. Кеше, кешенің арғы күні әлдеқайда жақсы болатын, – дейді жоба авторы Павел Александров.

«Құрылғыларыңыз қаншалықты дәл дерек береді?» деген сұраққа азаматтық белсенді «құрылғыларымның өлшеу дәлдігі 10 пайызды құрайды. Яғни, егер PM деңгейі 50-ді көрсетсе, құрылғыларым +-10 пайыз жоғары-төмен көрсетуі мүмкін» дейді ол.

Азаматтық белсенді бұған дейін Facebook-тағы парақшасында ауа құрамында қауіпті заттар көп болғандықтан «азаматтарды қатты қажет болмайынша көшеге шықпай, терезені жауып отыруға» кеңес берген еді.

Түске қарай Алматы қалалық төтенше жағдай департаменті тұрғындарды «ауада күкірт тотығының құрамы 70 есеге жоғарылады деген» мессенжерлерде тарап жатқан ақпаратқа сенбеуге шақырды.

«Қазгидромет» дерегіне сүйенген төтенше жағдай департаменті «ауада қауіпті заттар мөлшері жоғарыламағанын» айтты.

«Осыған байланысты Алматы қалалық төтенше жағдай департаменті респираторлар мен противогаз қолдану туралы нұсқаулық берген жоқ» делінген төтенше жағдай департаменті таратқан хабарламада.

Департамент Алматы тұрғындарын оқиғаға байланысты қатты алаңдамауға шақырды.

Ресми дерек бойынша, өртеніп жатқан полигонға Алматы қаласынан шыққан қоқыс шығарылады.

«Қазір облыс әкімінің тапсырмасына сай, Қарасай ауданының әкімі және облыс әкімінің бірінші орынбасары Ләззат Тұрлашов оқиға орнында жүр. Полигонға Алматы қаласынан шыққан қоқыс шығарылады. Қазір өртті сөндіру үшін облыс әкімінің тапсырмасына сай, қосымша құрылыс техникалары жұмылдырылып жатыр» деді Алматы облыстық төтенше жағдай департаментінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел.

(Мақала жаңартылып отырады).



Azattyq