қалада үш адамды әдейі қағып кетті
Қазір ауруханада үш адам жатыр, екеуінің аяқ-қолы сынып, бас сүйегі-ми жарақатын алған
НҰР-СҰЛТАН, 27 тамыз – Sputnik. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Алматыда үш адамды әдейі қаққандарға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Айтуынша, полиция екі көлікті де оқиға орнына жақын маңнан тапқан. Жүргізушілердің бірі ұсталған, қазір қамауда.
«Екіншісі іздестіріліп жатыр, бұл уақыт мәселесі деп ойлаймын. Зардап шеккен үш адам ауруханада жатыр. Екеуінің аяқ-қолы сынып, бас сүйегі-ми жарақатын алған», — деді Тұрғымбаев үкімет кулуарында.
ІІМ басшысы тергеу жүріп жатқанына байланысты күдіктілердің аты-жөнін атаудан бас тартты.
«Оқиғаның егжей-тегжейін айтпай-ақ қояйын. Мұны сот шешеді», — деді ол.
Министр жол апатына қатысты бірнеше бап бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтты. Олар: көлікті мас күйінде жүргізу, бұзақылық және адам өміріне қастандық жасау.
Тағы оқыңыз: Алматыда үш кісіні көлікпен әдейі қақты: оқиғаға қатысты тың дерек шықты
Еске сала кетсек, Алматыдағы Гагарин көшесінде 26 тамызда таңертең ерте үш адам көлік астына түсті. Белгілі болғандай, бір топ жігіт өзара жанжалдасып, екеуі өз көлігіне отырып, үш адамды қағып, оқиға орнынан қашып кеткен.
Зардап шеккен үш адам ауруханаға жеткізілді.
sputniknews.kz