Қала көшелерінде қоқыс толып кетті
Бақыт Сұлтановтың аудан әкімдерінің жұмысына көңілі толмай отыр
НҰР-СҰЛТАН, 2 сәуір – Sputnik. Қалалық әкімдік отырысында коммуналдық қызмет мәселесі көтерілді. Жауын-шашын болып, қар ери бастағалы қалалық коммуналдық қызметке түскен шағым саны артқан, деп хабарлайды Elorda Aqparat.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Арман Тұрлыбектің айтуынша, бір күнде тоғыз жүзден астам шағым түскен кез де болыпты. Әкім орынбасары әлеуметтік желідегі жұртшылық қаладағы қоқыс толы жәшіктерді суретке түсіріп, мәселені шешуді талап етіп отырғанын айтады.
«Қазір қаладағы 1842 аулада 10477 қоқыс контейнері орнатылған. Әлеуметтік желіде тұрғындар жәшіктердің маңына үйілген қоқыс суреттерімен бөлісіп жатыр. Қоқыс шығарушы компаниялармен 2018 жылы жасалған келісім өз күшін жойды. Ал жаңалары әлі жасалған жоқ. Сондықтан аудан әкімдеріне мердігер ұйымдармен келісімшарт жасау мәселесін шешуді тапсыруыңызды сұраймын»,- деді ол.
Қала басшысы аудан әкімдерінің жұмысына көңілі толмайтынын айтып, оларға бірқатар тапсырма берді.
«Көктем келіп, қар ерігенде олқылықтар бірден көрінді. Қала батпақ болып, қоқысқа толып кетті. Мұны жедел топқа тексеруге тапсырма беремін. Қалада не болып жатқанын өздеріңіз қараңыздар! Бұл жұмыстың дер кезінде атқарылмағанын көрсетеді. Қаражат бар, мамандар мен ресурс жеткілікті. Аудан әкімдері, қайда қарап отырсыңдар? «,- деді қала әкімі Бақыт Сұлтанов.
Сұлтанов қаладағы қоқыс толы аулаларға бейнебақылау камераларын орнатуды тапсырды. Сондай-ақ көшелерді су басу мәселесін шешу керектігін атап өтті.
sputniknews.kz