Қайырымдылық жасау игі іс
Ақтөбеде мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау үшін қайырымдылық балы өтті.
Ақтөбе облысында мемлекеттік органдардың басшылары жаңажылдық корпоративтерді өткізуден бас тартты. Оның орнына Ақтөбеде тұңғыш қысқы қайырымдылық балы ұйымдастырылмақ. Барлық жиналған қаражат мүмкіндігі шектеулі жиырма жанға, соның ішінде балаларға беріледі. Меценаттық салаға ерекше көңіл бөлетін 200-ге жуық мемлекеттік қызметкер, кәсіпкерлер, қоғамдық бірлестіктер мен қор өкілдері қайырымдылыққа қатысатындарын растады. Балға кіру үшін төленетін қайырымдылық жарна 10 мың теңгені құрайды, яғни ұйымдастырушылар тек кіру билетінің өзінен мұқтаж жандар үшін 2 млн теңгеден астам қаражат жинай алады. Бұдан басқа, арнайы ұйымдастырылған аукционнан түскен барлық ақша қайырымдылыққа берілетін болады. Бұдан өзге, балда өңірде 2018 жылы өткен қайырымдылықты дамыту шаралары қорытындыланады. Қайырымдылық қызметіне ерекше назар аударған, әлеуметтік маңызды сұрақтарды шешуге сүбелі үлес қосқан және ақтөбеліктердің өзекті мәселелеріне бей-жай қарамайтын облыстағы үздік меценаттар марапаталады.