Қайырымды жандар қол-аяғы жоқ мүгедекке үй алып берді
Алматы облысына қарасты Қаратал ауданындағы Үштөбе қаласының тұрғыны, бірінші топ мүгедегі Болат Әбілдинов үйлі болды.
Фото: inform.kz
11:21 23.11.2018
Жарымжан жанның баспаналы болуына аудандағы әр салада еңбек ететін қызметкерлер қол ұшын созған. Олар орталық мешіт имамдары ашқан арнайы шотқа ақша аударған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Әкімдік Болаттың баспана кезегі әлі жақындамағандықтан, оған кезексіз үй бере алмайтындарын жеткізген болатын. Бірақ бұл жерде Қаратал ауданы әкімдігінің қызметкерлері тарапынан жақсы қолдау болды. Олар жалақыларын аударып, осы Болаттың баспаналы болуына қол ұшын берді. Жамағат, халқымыз да шамалары келгенше көмектесті», — деді Қаратал аудандық орталық мешітінің бас имамы Ерік Амангелдіұлы.
Болат Әбілдинов үшін арнайы ашылған қорға 800 мың теңгеге жуық қаржы жиналған. Бұл қаражатқа Үштөбе қаласынан үш бөлмелі жер үй сатып алынды. Жер үй жаңа болмағандықтан жөндейтін тұстары бар екен. Кемтар азаматқа үнемі қарайласып жүретін дін өкілдері зекет қорына түскен азық-түлік пен бірнеше қап цемент әкеліп берді.
«Баспанаға қол жеткізіп жатырмын, шүкір. Өзім ақырын-ақырын жөндеп аламын. Жаңа жылдан кейін әкімдіктің адамдары үйді орталық су жүйесіне қосып береміз дейді. Барлығына алғысым шексіз», — дейді Үштөбе қаласының тұрғыны Болат Әбілдинов.
Естеріңізге сала кетейік, биыл маусым айында Алматы облысындағы Үштөбе қаласының тұрғыны Болат Әбилдинов орталыққа келіп, жергілікті билікке наразылық ретінде өзінің мүгедектерге арналған арбасын өртеп жібергенін хабарлаған болатынбыз. 1979 жылғы азамат отбасын құрған, бір баланың әкесі. Мүгедек қол-аяғынан бірдей айырылған.