Қайырлы Омар сотында жәбірленушілер өкілі жауап берді
23 сәуірде «Жер тағдыры» қоғамдық бірлестігінің лидері Қайырлы Омардың сотында жәбірленушілер өкілі Виктория Коробовская жауап берді. Іс Нұр-Сұлтандағы №2 Сарыарқа аудандық сотында қаралып жатыр.
Қайырлы Омар пәтер иелері кооперативінің (ПИК) өзіне сеніп тапсырған мүлкін талан-таражыға салды деп айыпталған. Ал Омар қамауға алынғаннан кейін оның орнына «Азат шаңырағы» ПИК төрайымы болып Виктория Коробовская сайланған.
Сот отырысында Қайырлы Омардың адвокаты Василий Садыков соттан Коробовскаяны жәбірленушілер өкілі деп танудан бас тартуды сұрады. Судья Элизавета Атшыбаева адвокат өтінішін әзірге ашық қалдырды.
Адвокат Садыков «Қайырлы Омар ПИК төрағалығынан уақытша шеттетілгендіктен оның орынына Коробовскаяның сайлануы заңсыз және легитимді деп санауға жатпайды» дейді.
Адвокат пікірін кейбір пәтер иелері мен Омардың туыстары да қоштап, Коробовскаяны ПИК жетекшілігіне сайламағандарын айтады.
Ал «Азат шаңырағы» ПИК төрайымы Виктория Коробковская өзінің әркетінің заңды деп санайды.
— Заңды түрде сайландым. Бұл туралы айтамын деп шаршадым. Адамдар маған сенім білдірген соң мен жұмыс істеуге міндеттімін. «Заңды-заңсыз» дей берсін, менде бәрі заңды екенін дәлелдейтін сот шешімі бар. Ертең Омар ақталып, кінәсіздігін дәлелдеп шыға алса өз жұмысын жалғастыра берсін, — деді ол Азатық тілшісіне.
Қайырлы Омар «Азат шаңырағы» пәтер иелері коопертивінің төрағасы болып жүргенде «ПИК қаржысын жымқырды» деген күдікпен 2018 жылы 5 шілдеде қамауға алынған. Оның үстінен кооператив қызмет көрсететін үйдің тұрғыны «жөндеуге деп берген ақшамды (4 мың теңге — ред.) ақтамады» деп арыз жазған.
Кейін ол кепіл қойып, үйқамаққа шыққанымен, полиция «Қайырлы Омар үйқамақта ұстау шартын бұзды» деп, былтыр 16 қазанда екі айға тұтқындап, тергеу изоляторына қайта қамаған. Одан соң Есіл аудандық №2 соты Қайырлы Омарды қамауда ұстау мерзімін төрт мәрте ұзартқан.
Қайырлы Омар мен оның жақтастары істің саяси себебі бар деп санайды. Қайырлы Омар бірнеше жылдан бері Қазақстандағы түрлі наразылық шараларына қатысып жүрген белсенді. Оны 2018 жылы мамырда да «бейбiт митинг өткiзу тәртiбiн бұзды» деп айыптап, жеті күнге қамаған.