«Қайсар» футбол клубының құрылғанына 50 жыл толды — Футбол
«Қайсар» футбол клубының құрылғанына 50 жыл толды, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Мерейтой қарсаңында «Қайсар» «Ақтөбені» 3:0 есебімен жеңіп, команда маусымды жеңіспен аяқтады. 3 ұпай жинаған «қайсарлықтар» турнир қорытындысы бойынша 5-орынға ие болып, өздеріне берілген тапсырманы ойдағыдай орындап шықты. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда бір сатыға жоғары.
Мерейтойға орай ұйымдастырылған мерекелік шараға жанкүйерлер, ойыншылар мен команда ардагерлері, соның ішінде 20 жыл бұрын ҚР Кубогын жеңіп алған «Қайсардың» алтын құрамы қатысты.
«Қайсар» жанкүйерлер алдында беделге ие және қандай да жағдайларға қарамастан әрдайым өз абырой биігінде қалады. Клубтың бойтұмары ретінде қайсарлық, еркіндік пен тәуелсіздікке ұмтылу символы — дала қасқырының таңдалуы бекер емес. Қазіргі таңда жергілікті кадрларды тәрбиелеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. «Қайсар» футбол орталығында 400 — ден аса жасөспірім жаттығады, біз оларды «Қайсар» мен Қазақстан ұлттық құрамасының сапында көреміз деп үміттенеміз», — деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі «қайсарлықтарға» келесі жылы медаль алып, Еурокубокта өнер көрсетуін тіледі.
Мерейтойға орай «қайсарлықтарды» облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олжас Әкімов, клуб жанкүйерлері мен әріптестері құттықтады.
Айта кетейік, Қызылорда облысы республикада алғашқылардың бірі болып ұжымнан бөлек тағы бір фарм-команда құрды. «Байқоңыр» футбол клубында 100 пайыз жергілікті футболдың тәрбиеленушілері ойнайды.
5 жыл бұрын «Қайсардың» базасы қайта жаңартылып, заманауи қосалқы алаң салынды, бүгінде Ғ.Мұратбаев атындағы орталық стадионда қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта Қызылорда фуболшыларына басты сыйлық — Сырдарияның сол жағалауында жаңа жабық стадион салынады.