Қайрат Зәкіриянов: Прокурор келсін, басқа біреу келсін — барлық құжатты көрсетемін

0
344
Сурет: Жанқош Тұрар

Жабайы аңдардың терісімен түскен суреті желіде тарап, басы дауға қалған Қазақ спорт және туризм академиясының президенті Қайрат Зәкіриянов бұл жағдайға байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Қайрат Зәкірияновтың айтуынша, желіде тараған суретте барыстың муляжы бейнеленген, сондай-ақ «аңшылық олжаны» заңды түрде жинайтынын жеткізді.

«Қар барысы — менің туған күніме сыйға тартылған муляж. Әдемі муляж, жұрттың бәріне көрсетемін. Ал оның қасындағы сілеусін, ол Қызыл кітапқа енбеген, оны да маған туған күніме сыйлаған. Бұдан басқа, Африкада, Жаңа Зеландияда, Австралияда және тағы басқа елдерден жеткізілген 20-30 трофей бар», — дейді Қайрат Зәкіриянов.

Ол «Арыстанды үш жыл бұрын Оңтүстік Африка Республикасында өзі аулағанын» атап өтті.

«Лицензия Оңтүстік Африка үкіметінен сатып алынды. Барлығы заңға сәйкес жасалды. Қазақстаннан бір қазақ келіп, оған: арыстанды атып, оны үйіңе алып кет деді деп ойлайсыздар ма? Біреу қолтырауын аулайды, енді бірі көктемде қоныс аударатын құстарды атуға барғанды ​​ұнатады. Ал мен аңды жақсы көремін. Әркімнің өз хоббиі бар», — деді ол.

Академия президентінің сөзінше, бұл муляждар жеке өзіне емес, оқу орнына тиеслі.

«Мұның бәрі академияның ақшасына алынады. Директорлар кеңесінің арнайы шешімімен академияны насихаттау, студенттерді, талапкерлерді тарту мақсатында қаражат бөлінеді. Ал мен бұл жағдайда жай орындаушымын. Біз акционерлік қоғамбыз, мемлекеттік университет емеспіз», — дейді Қайрат Зәкіриянов.

Зәкіриянов өзінің іс-әрекетінің заңдылығын құжатпен дәлелдеуге дайын екенін де айтты.

«Нені тексеру керек? Менде барлық лицензия бар. Қару-жарақтың барлығы тіркелген. Қандай да бір ел жайдан жай кіргізіп, заңсыздық жасауға мүмкіндік береді деп ойлайсыз ба? Барлығы заңды. Прокурор келсін, басқа біреу келсін – барлық құжатты көрсетемін», — деп түйіндеді ол.

Еске сала кетсек, желіде Қайрат Зәкіриянов пен белгілі боксшы Жанқош Тұраровтың жабайы аңдардың терісімен түскен суреті тараған еді. Фото желі қолданушыларының арасында үлкен резонанс тудырды.

1$, 5$, 10$ ... Тәуелсіз KzNews жобасына қолдау көрсету