Қайрат Сатыбалдыұлы қазақстандықтардан кешірім сұрады
Қайрат Сатыбалдыұлы қазақстандықтардан кешірім сұрады, — деп хабарлайды Kznews.kz Dalanews.kzсайтына сілтеме жасап.
«Құрметті сот,қадірлі қазақ елі. Кез келген азамат үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік болуы тиіс. Халқымызда сөз бар: «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды» деген. Мен жасаған қателіктерімді мойындаймын. Маған қатысты қылмыстық іс бойынша мемлекеттік органдарға көмектесіп, бүкіл заңсыз қаржыны қайтарып жатырмын.
Елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару — елдің ырысын өзіне қайтару деп білемін. Бұл мемлекет басшысы қабылдаған маңызды шешімдердің бірі. Мұндайда көрген соң, ендігі ешкім елдің ырысын сыртқа шығармайды.
Мемлекетімізде соңғы жылдары болып жатқан оң өзгерістерді көріп, біліп отырмын. Осындайда бәріміз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірге жұмыс істеуіміз керек. Мен президенттің жүргізіп жатқан саясатын толық қолдаймын.
Заңсыз капиталдың бәрі – тиынына дейін елге қайтарылып,заң мен тәртіп болуға тиіс!
Халықтан, кезінде тізем батқан, ақысына кірген адамдардан және Мемлекет басшысынан кешірім сұраймын.
Осыған дейін барлық істеген іс-әрекеттерімді саралауға, ой қорытуға уақыт жеткілікті болды. Жіберген қателігімді және кінәмді толықтай мойындай отырып, істеген ісіме өкінемін. Тергеу орындарымен бірлесіп жұмыс жүргізілді. Заңсыз жолмен иемденген активтерді толықтай қайтару қажет болды. Оның барлығы қайтарылып та жатыр.
Мемлекет басшысының заңсыз активтерді мемлекетке қайтару ісі бойынша жүргізіп жатқан саясатын толықтай қолдаймын. Менің істеген ісім басқаларға дұрыс шешім шығару үшін сабақ болады деп ойлаймын. Ағаттық істеп, ренжіткен адамдардан кешірім сұраймын», — дейді Сатыбалдыұлы.