«Қайрат Сатыбалды менің ағаммен көршілес камерада отыр»

0

Бүгін Men Media алаңында Семей қаласындағы алтын ұрлау ісі бойынша ұсталғандардың туыстары БАҚ өкілдері арқылы ҰҚКД тергеу изоляторларын тексеруді, сондай-ақ олардың туыстарын азаптаған қызметкерлерді жазалауды талап етіп, қоғамнан көмек сұрады.

Олардың айтуынша, Назарбаев әулетінің дәурені жүріп тұрған кезде Кәрім Мәсімовтің тікелей бұйрығымен бір топ азамат сотталған. Күдіктілердің бірінің әпкесі Алтынай Абеуованың сөзіне қарағанда, тұтқындаулар өткен жылдың 10 наурызында Мәсімовтің, оның орынбасары Дәулет Ерғожиннің және департамент бастығы Руслан Ысқақовтың жеке нұсқауы бойынша жүргізілген.

«Біз туыстарымызды азаптау туралы бұйрық Мәсімовтен және оның адамдарынан ҰҚК қызметкерлеріне тікелей келгенін білеміз. Мәсімовтің бұйрығы болғанын қауіпсіздік органдарының қызметкерлері мәлімдеді.

Семейдегі «Алел» ФИК-тен ұрланған алтындар Қайрат Сатыбалдыға тиесілі белгісіз мекеменің біріне тасмалданып отырған.

Оны қазір тергеу изоляторында отырған біздің туыстарымыз айтты. Себебі, Қайрат Сатыбалды менің ағаммен көршілес камерада отыр», – деді ағасы тергеу изоляторында отырған Алтынай Абеуова.

Фото: Nege

Жалпы алғанда, ұсталған 37 адамның 28-і азаптау фактісі туралы мәлімдеді. Бірақ ҰҚК, ІІМ, Антикор және Бас прокуратура бұған жауап беруден бас тартып отыр.

Туыстарының айтуынша, қамаудағылардың арасында қатты зардап шеккендер де бар. Мысалы, қамауда отырған күдіктінің біріне құқық қорғау органдарының өкілдері жәбір көрсетіп, нәтижесінде айыпталушы зағип болып қалған.

Тіпті қамауда отырғандардың қабырғалары сынып, аяқтары-қолдары істемей қалған фактілерде тіркелген. Алайда, азаптаулар туралы іс бойынша медициналық тексерулер немесе тергеу әрекеттері әлі жүргізілген жоқ.

«Қаңтардағы бүлік еліміздегі тергеу мекемелеріндегі былықтардың бетін ашты. Неге біздің елде әділдік жоқ? Адамдарды қинау неге қалыпты жағдайға айналып барады? Егер азаптау фактілері тергеу изоляторларында жалғаса берсе, біз «Жаңа Қазақстанды» қалай құрамыз?

Тергеу жүргізіп, кінәлілерді жауапқа тартуымыз керек. Біз Бас прокуратура ғимаратында, Ақордада, кез келген жерде түнеуге дайынбыз. Туыстарымызды ресми медициналық комиссиядан өткізуді талап етеміз. Өйткені қамалған жандардың сау тамтығы қалмаған. Біз айыптаушыларды «шындық детекторына» отырғызуды сұраймыз. Неліктен біздің елде қылмыстарды ашу үшін адамдарды азаптау керек?», – деді Әсем Азаматова.

Айыпталушылардың туыстары Мәсімов пен Сатыбалдының ықпалымен қамалған туыстарын босатуды талап етті. «Олардың сыбайластары әлі де бостандықта жүр, іске ықпал етуі мүмкін» деп күдіктенеді.