Қайрат Құдайбергенов: Ерлан мырза, ІІМ-не реформа жасамасаңыз, орныңызға басқа министр келеді — Қазақстан жаңалықтары

0

Алматылық кәсіпкер Қайрат Құдайбергенов блок-посттағы екі полицей өліміне қатысты жазба жариялады. Кәсіпкердің айтуынша, қазіргі ІІМ-не толықтай реформа жасау керек. 

«Балық басына шіриді. Кеше ІІМ басшысы Ерлан Тұрғымбаев Алматының блок-постында болған жағдайға қатысты әрекет етті. ІІД басшысы мен орынбасарына қатаң сөгіс беріп, 3 қызметкерді жұмысынан қуды. 

Енді бір сұрақ, неліктен бұл істі бұған дейін министрлік қолға алмады? Бізде мониторинг үнемі жүргізіліп тұрмай ма? Тексеріс жүріп, аймақтарда аудит жүреді. Ал нәтижесі қайда?

Егер тереңірек үңілсек, қазіргі ІІМ-нің де жаралары көп. Бұл министрлікті хирургиялық үстелге қойып, жараларын таңып, былайша айтқанда шынайы реформалар жасауа керек», — деп жазды кәсіпкер парақшасында.

Құдайбергеновтің айтуынша, Ерлан Тұрғымбаев реформа жүргізбесе, жағдай қиындай түспек. Елдегі есірткі мәселесіне де көз жұмбай, нәтижелі жұмыс атқару керек. 

«Ерлан Тұрғымбаева мырза синтетикалық есірткілермен қашан күреседі? Олар дәріханадан маска іздегеннен де оңай табылады. 

Жастарымыздың көбі оның дәмін татып, «меф», «крис», «molly», «кетамин» тағы басқаларын пайдаланып жүр. 

Ел аузында полицейлердің өзі есірткі сатушыларды өздері қорғап жүреді деген сөз бар. 

Көп ата-ана бұл мәселені әлі де түсініп жүрген жоқ. Сондықтан әрқайсысыңызға экспресс сынамалар тапсыруға кеңес беремін. Сынамалар дәріханаларда сатылады. 

Балаларыңызды сол тестті тапсыруға көндіріңіз. Осылайша ІІМ жұмысын жеңілдетіп берерміз. 

Ал, Тұрғымбаев мырзаға қазірден бастап реформа жасауға кеңес беремін. Себебі қазір қолға алмаса, ертең реформаны сіздің орныңызға басқа министр жасайды», — деп жазды кәсіпкер.

stan.kz