«Қайрат» қайда барасың: Боранбаевтан Досаевқа өтсе, футбол клубының тағдыры не болады
Алматы әкімдігі Ерболат Досаевтың айтуынша, «Қайратқа» көмектесуге дайын екен. Тек футбол клубы мемлекет меншігіне өтсе болды. Ulysmedia.kz тілшісі осы ретте басқару тетігі жергілікті билікке өтсе «Қайратты» не күтіп тұрғанын сараптап көрді.
«Қайратты» үмітсіз келешек күтіп тұр ма
Спорт журналисі Владимир Жарков бұл жаңалықтың өзін елең еткізгенін жасырмайды. Міне ол сондықтан бірден «Қайраттың» бас директоры Асқар Есімовке хабарласып көріпті. Журналист ол қоңырау арқылы клубтың әдеттегідей жұмысын жалғастырып жатқанын, меншік иесінің ауысуы мүмкін екенін ешкім естімегенін білген.
«Егер клуб ақыры сол жақтың иелігіне өтсе, менің ойымша, «Қайрат» 2009-2010 жылдардағы күйге, яғни үмітсіз жағдайға оралады. Әкiмдiктiң қанатының астына түсуден жақсылық болмайды – бұл тұрақты ренішке, қаражатты қысқартуға, ақшаның әртүрлi агенттердiң, бапкерлердiң қалтасына түсуіне апарып соғады», — дейді ол.
Жарков бұл жағдайда «Қайрат» бұдан былай жоғары орындарға ілікпейтінін, тек турнирлік кестенің ортасында қалады деп есептейді. Егер әкім футболға жанкүйер болса, бәлкім оңды нәтиже болар еді.
«Клубқа қалайда кіріп, ойына келгенін істегісі келетін кейбір үшінші күштер әкімді мұндай қадамға итермелеп жатқанын жоққа шығармаймын. Бізде «Қайрат» арқылы қаржылық алаяқтықпен айналысқысы келетін түрлі футбол бизнесмендері баршылық. Олар клубтан клубқа тентіреп жүр. Тіпті клуб жабылғанға дейін жүре беретіндер бар», — деген Жарков «Қайратпен» дәл осындай жағдай орын алса, қазақстандық футбол тығырыққа тірелетініне сенімді.
Журналист Михаил Васильев жағдайға онша пессимистік көзқараспен қарамайды, бірақ мұндай болжамды келешек көңілінен шықпайтынын жасырмайды.
«Мемлекет меншігі деген ешкімдікі емес деген сөз. «Қайрат» кезінде мемлекет меншігінде болған. Ол кезде жағдай… Мүмкін, қазір бәрі соншалықты жақсы емес те шығар, бірақ келешек сондай болса қазіргіден жақсы болып кетпейді. Бірақ іс жүзінде не болатынын тек уақыт көрсетеді», — дейді ол.
Спорт журналисі Сергей Райлян да оң өзгерістерді күтпейді. Оның айтуынша, Алматы билігі ешқашан футболға ерекше қызығушылық танытпаған. «Қайрат» әкімдік емес, «Қазтрансгаз» немесе ҚТЖ сияқты жеке тұлғалар мен компаниялар демеушілік жасағанда ғана жетістікке жетіп жүрген.
«Боранбаевтың тұсындағыдай енді болмайды. Ол футбол империясын құрып кетті. Англия мен Испаниямен салыстырғанда бұл болмашы іс шығар, бірақ біздің аймақтың стандарттары бойынша біраз шаруа. Қайраттағыдай инфрақұрылым Қазақстанда ешкімде жоқ. Боранбаев қамауға алынғаннан кейін бірнеше ай өтті, легионерлер кетіп қалды. Команда әлі де ішкі ресурстармен қамтамасыз етілгенімен, енді чемпиондықтан үміттене алмайды», — дейді журналист.
Райлян «Қайрат» әкімдікке өтсе, бұрын алып жүрген ақшасынан аз қаражат алатынын айтады.
«Біздің футболға мықты «Қайрат» керек. Клуб жеке меншік иесіне өтетін шығар. Жаңа қожайыны Тимур Турлов болады деген әңгіме шыққан. Оның үстіне Боранбаев 100% акцияға ие емес еді, әкімдік тарапынан да көмек болды. Әкімдіктен 2020 жылы жақсы ақша бөлгенін білемін», — деп ойын бөлісті Райлян.
Ол коммуналдық меншіктегі клубтың орны әкімдік ұжымына және шенеуніктердің футболға қалай қарайтынына байланысты екенін атап өтті. Сондай-ақ, мемлекет қаржысына күн көріп жүрген, бірақ былтыр чемпион атанған қостанайлық «Тобылды» мысалға келтіреді.
Бәрі ақшаға келіп тіреледі
ҚР Жеңіл атлетика федерациясының бұрынғы вице-президенті Алексей Кондрат әкімдіктің «егер «Қайрат» меншігімізге өтсе, оған көмектесеміз» деген жеңіл сөзіне таң қалады.
«Осы жылдар ішінде БАҚ-тан Боранбаевтың клубқа жұмсаған болжамды сомасы 8-10 миллиард теңгені құрайтынын оқығаным бар. Оның ішінде әкімдік бөлген бөлігі 400-800 миллион теңгені құраған. Ал әкімдік соншама ақшаны қайдан алады? Өйткені, министрлік тарапынан шектеулер бар. Білуімше, әкімдік 1 миллиард 200 теңге ғана бөле алады. Демек, бәрі әкімдік қолдағысы келетін клубтың деңгейіне байланысты. Бұл шешімнің жалғыз артықшылығы – «Қайрат» Орталық стадионды жалға алу үшін қомақты соманы төлемейді, өйткені ол мемлекет меншігінде», — дейді ол.
Мемлекет меншігіндегі спорт – жақсы ма, жаман ба
«Қайраттың» әкімдікке берілетіні туралы мәлімдеме президент Тоқаевтың мемлекет кәсіби спорт клубтарын емес, балалардың бұқаралық спортын қолдауы керек деген бірнеше рет айтқан сөздері аясында біртүрлі естіледі. Бірақ, Сергей Райлян дұрыс атап өткендей, онысын Тоқаев 2 жыл бұрын айтқан. Ал Премьер-лигада біздің барлық футбол клубы бюджет ақшасын аз ала бастағаны болмаса мемлекеттік меншігінде қалды. Бірақ біздің футбол, басқа спорт түрлері секілді ақша таба алмаса не болады?
Мемлекет тығырықтан шығудың жолын клубтар арқылы емес, инфрақұрылым арқылы тапқандай болды. Тек Алматының өзінде ғана ең ірі спорт нысандары – Орталық стадион, «Алматы Арена», «Халық Арена», Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы, велотрек, «Спутник» стадионы мемлекет меншігінде тұр. Бірақ олар мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) аясында басқару үшін жеке компанияларға берілген. Әкімдік оларды ішінара ғана қаржыландырады. Мысалы, коммуналдық төлемдерді төлейді — газ, жарық, суын өтейді. Ал жеке компаниялар нысандарды басқарып, жалға беріп, шағын жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Мәселен, 2021 жылы әкімдік велотректі басқаруға 159,8 миллион теңге, «Спутник» кешеніне 60,7 миллион теңге, «Алматы арена» мен «Халық арена» кешендері үшін 1 миллиард 33 миллион теңге бөлуді жоспарлаған.
Спорт деген… ақша
Дегенмен, жеке кәсіпкерлердің қолындағы спорттың да шекесі қызып шыға келген жоқ. Тамыз айында «Алматы Арена» мен «Халық Арена» кешенінде қысқы спорт түрлерімен айналысатын балалардың ата-аналары ашуға булығып, басшылық концерттер мен конференцияларға байланысты оқу-жаттығу жиындарын тоқтатып, мұзды еріткенін айтып, шу шығарған. Әрине, мұзды ұстау да ең қиын әрі қымбат шаруа. Арена үшін мұзды ерітіп, концерт ұйымдастырған тиімдірек.
Сонымен қатар, 2020 жылғы статистикаға сәйкес, екі арена келісімшарт бойынша қаладағы спорт мектептерінің оқушыларына беруге міндетті болған бос 16 500 сағаттың шорт-трекке аптасына небәрі 9 сағат, мәнерлеп сырғанау аптасына 11 сағат, ал көпшілік сағаттар күрес, жекпе-жек, джиу-джитсу және басқа спорт түрлері арасында бөлінген. Хоккейге, айтпақшы, бірде-бір тегін сағат бөлінген жоқ!
Міне сол себепті бала хоккейшілердің ата-аналары спорттың қымбат бағасына шағымданатыны да сондықтан. Бірақ бұл шешімді кім қабылдағаны белгісіз — әкімдік пе, әлде жеке саудагер ме? Бұл немен байланысты – шынында да Алматы мен Халық ареналарында күреске арналған бөлмелер мұздан бірнеше есе үлкен бе? Өйткені, олар қысқы Универсиада үшін, яғни қысқы спорт түрлері үшін салынған!
Әкімдік атақты футбол клубын қалай басқарады? Алматының бас менеджері футбол мен хоккей бойынша бизнес жобаларын салмай, оны спорттық мінберге көтеріп, кәсіби спортты тиімді басқара алатын шенеуніктерді қайдан табатыны туралы ақпаратты әзірге жарияламады.