«Қайрат Нұртастың әндерін тыңдап, қазақ тіліне ғашық болдым»: Түрік қызы Зейнеп қазақ тілін үйреніп, қазаққа келін атанды — Қазақстан жаңалықтары

0

Түркияның Измир қаласында туып-өскен түрік қызы Зейнеп Жұмадолда қазаққа келін болып отыр. Айтуынша, қазақ жігітіне тұрмысқа шығамын деп мүлдем ойламаған. Алайда түсіне Қазақстанның желбіреген туы кіріп, аян беріпті. Содан кейін қазақ тіліне ғашық бола бастаған. Бірақ Зейнептің қазақ жігітіне тұрмысқа шыққанына кейбір түрік азаматтары ерсі сөздер жазатын көрінеді. Мұны түрік қызы қате пікір екенін және Алла не жазса сол болатынын айтады. Ол Қазақстанға алғаш келгендегі сезімі және ата-анасының тұрмысқа шығуына қарсы болғаны туралы Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне әңгімелеп берді. 

«Көшеде тұрып такси тоқтату ерсі көрінді»: Қазақ жігітіне тұрмысқа шыққан түрік қызы Қазақстандағы өмір туралы айтты

— Зейнеп, Қазақстанға деген махаббатыңыз қалай ашылды? Не түрткі болған еді? 

— Қазақ тілін үйрену алғаш Қайрат Нұртастың әнін тыңдағаннан басталды. Youtube каналынан бейнебаяндарын көретінмін. Содан бастап қазақ тіліне деген сүйіспеншілігім арта түсті. Маған өте жақын тіл екенін сезіне бастадым. Осыдан кейін қазақстандық барлық әншілердің әнін тыңдап шықтым. Фейсбук арқылы өзіме қазақ достар таптым. Кейіннен бір түс көрдім. Түсімде биік жерге шығып жатыр екенмін. Қарасам, сол жерде үлкен бір көк ту желбіреп тұр. Оған дейін оның Қазақстан туы екенін білмейтінмін. Тудың ар жағынан жарық сәуле түсіп тұр екен. Біраз уақыт өткен соң интернеттен қарасам, түсімдегі Қазақстанның туы болып шықты. Сол кезде таңқалдым. Содан қазақ тілін терең үйрене бастадым. 

— Қазақ тілін қалай меңгеру қиын болмады ма?

—  Маған сіздердегі кирилл алфавитін үйрену қиынға соқты. Ал негізі тіліміз ұқсас болып келеді. Кішкене ғана айырмашылықтар бар. Сол себептен тіл меңгеруде аса қиыншылық болмады. Менің оқыған мамандығым – әдебиет. Оқуда қазақ тілі сабағым болған. Сол жерде де біраз үйренгендерім болды. 

— Қазақстанға алғаш келгенде қандай әсерде болдыңыз?  

— Алғаш Алматы қаласына келгенімде, кеудемді бір қуаныш кернеді. Бір қызығы, басқа мемлекетке емес, Түркияның бір қаласына келгендей сезімде болдым. Биік таулары, кең жолдары ұнады. Ауа –райы керемет, тыныш. Адам көп емес. Осы жағы қатты ұнады. Көк-Төбеге барып, Алматыны жоғарыдан көргенде кәдімгідей қалаға ғашық болып қалдым. Ал негізі Астана қаласында тұрдым. Ол жақта ештеңе жоқ. Үнемі жел болып тұрады екен. 

— Не нәрселер ерсі көрінді, неге сүйсіндіңіз? 

— Қазақстанда көшеде тұрып такси тоқтату ерсі көрінді. Өйткені бізде арнайы сары түсті такси бар. Көше бойында кез-келген көлікті тоқтату қауіпті. Басында біртүрлі көрініп еді, екі-үш айдан соң өзім де солай такси тоқтататын болып кеттім. Одан кейін автобустың ішінде билет жинайтындарға қарап таңқалдым. Бізде Түркияда ондай жоқ. Және Түркияда адам көшеден өткенде, бірінші көлікке жол береді. Ал Қазақстанда бұл керісінше, көлік адамдарға жол береді екен. Маған солай жол бергенде «неғып тоқтап тұр» деп таңқалғанмын.

— Ал қазақ жігітіне тұрмысқа шығуыңызға ата-анаңыз қарсы болмады ма? Қалай таныстыңыз, айтып бере аласыз ба?

— Қазақ жігітіне тұрмысқа шығамын деп ешуақытта ойлаған емеспін. Күйеуіммен бір досым арқылы таныстым. Ол Измирде оқитын. Күйеуімді алғаш достарыммен болған бір кездесуде көрдім. Бір-бірімізге бірден сол кезде ғашық болып қалдық. Екі жыл сөйлесіп жүрдік. Ағаларымыз үйленіп, соларды күттік. Басында тұрмысқа шығуыма ата-анам біраз қарсы болды. Қазақ жігіті болғаны үшін емес, ұзаққа кететініме көңілдері түсті. Анам уайымдап, біраз жылады. Бірақ жолдасыммен жақын танысқаннан кейін бірден келісімдерін берді. Қазір менен көрі күйеу балаларын жақсы көреді.

— Қазір білуімше, Түркияда тұрып жатырсыздар. Балаларыңыз сол жақтың азаматтығын алды ма? Болашақта қай елде тұруды жоспарлайсыздар?

— Балаларымыз — Қазақстан азаматтары. Қазір Түркияда тұрып жатырмыз. Күйеуім осы жақта жұмыс істейді. Бірақ болашақта балалар Қазақстанда тұратын болады. 

— Негізі түрік-қазақ бауырлас елміз ғой. Бірақ десе де салт-дәстүрлерімізде айырмашылықтар бар. Алғаш қазақ отбасына келін болып түскенде сізді не нәрсе таңқалдырған еді? Қазаққа келін болған қандай екен?

— Түркия мен Қазақстан арасында айырмашылықтар да, ұқсастықтар да бар. Таңқалдырған нәрсе, қазақтар күнде ет жейді. Түркияда аптасына бір немесе екі рет ғана ет жейміз. Біз шөп-шалаң жейтін халықпыз ғой. Бірақ өз басым етті жақсы көремін, сол себептен бұл жағынан еш қиындық көрмедім. Бір қызығы, қазақстандықтар тамақ көп жегенімен, бәрі арық болып келеді. Бұл қалай? Әлі күнге дейін түсінбей келемін. Сосын есіктен алғаш келін боп кіргенімде маған шашу шашқанда таңқалдым. Түркияда мұндай дәстүр жоқ. 

— Қандай қазақ тағамдарын жақсы көресіз? Үйде көбіне қай тілде сөйлесесіздер?

— Қазақ тағамдарының барлығын ұнатамын. Әсіресе жылқы етін жақсы көремін. Қазы- қарта, жал-жая. Қазір сағынып әрең жүрмін. Үйде бір-бірімізбен үнемі қазақ тілінде сөйлесеміз. Қазір Түркияда тұрып жатырмыз. Балалар өз тілдерін ұмытпасын дейміз. Ал түрік тілін былай да үйреніп алады. 

— Біздің көптеген қазақ жігіттері қыздарымыздың басқа елдің, оның ішінде тұрік азаматына тұрмысқа шығуына қарсы болып жатады. Өзіңіз де шет жағасын естіп-біліп жүрген шығарсыз. Бұған не айтар едіңіз? Мәселен, сіздің қазаққа тұрмысқа шыққаныңызға түрік жігіттері қалай қарайды? 

— Негізі мен қазақ жігіттерін түсінемін. Өйткені Түркиядан немесе басқа мемлекеттен келген жігіттер қазақ қыздарын көп алдайды. Ондай оқиғаны көп естідім, кездестірдім. Арасында жақсы жігіттер де бар, әрине. Десек те олардан гөрі жаман адамдар көп. Сол себептен қазақ жігіттері қыздарын басқа жаққа жібергісі келмейді. Қазақ халқының саны аз болған соң да, көбісі қазақ қазақпен үйленіп ұрпақ көбейтсін деп ойлайды. Осы жағынан оларды құптаймын, түсінемін. Бірақ қазақ, түрік мұсылман елміз, дініміз бір. Ислам дінінде адамның тек мұсылман болуына қарайды. Мен әр нәрсеге түсіністікпен қараймын. Youtube каналымда түрік жігіттері маған да «Түркияда түрік жігітін таппадың ба?» деп жазып жатады. Сондықтан бұлай деушілер барлық ұлтта кездеседі деп ойлаймын. Бірақ бұл тағдырға байланысты. Өйткені Алла не нәсіп етеді, сол болады.  

 

Дайындаған: Анар ДӘУКЕН

stan.kz