Қайрат Нұртасты мүлдем тыңдамаймын, қандай ән айтатын да білмейді екенмін

0

Эстрадалық әндерінің сөзін әншілер қаншалықты сауатты ақындарға жаздырады? Әннің сөзіне мән беретін әншілер кімдер?  Ұлттық арна бағдарламаларының бірінде Ринат Зайтовтың өзін сынап тастаған ақын, әдебиет сыншысы Айнұр Төлеу сыни Stan.kz тілшісіне сұхбат беріп, не себепті сынағанын түсіндіріп берді.  

Айнұр төлеуова

Ақын қыздардың тағдыры қиын. Оның үстіне қазақ қыздарына тұрмысқа шыққанда көп талап қойлады. Тұрмыс пен ақындықты қалай ұштастырасыз? 

Біздің қоғамда қалыпты емес өмір сүретін адамның тағдыры қиын сияқты болып көрінеді. Шынында ата-ененнің алдында келіндік міндетін атқарып жүрген сыпайы келінмін деп айта алмаймын. Кейбіреулерге ұқсап бәріне үлгеруге тырысамын, өлеңді де жазамын, үйге де қараймын, отбасылық міндеттерімді де жақсы атқарып жатырмын деп те өтірік айта алмаймын. Кейде отбасында үлгере алмай, олқылықтар болып жатады. Ол кезде менің қасымдағы жақындарым маған көмектесіп, түсіністікпен қарайды. Үйдегі күйеуім, бала-шағам да өлең жазып мені жатқанда ешқашан мазаламау керектігін біледі. Кішкентай кезінен соған қалыптасқан. Сен қандай болсаң, тағдырда соған бейім адамдар жолықтырады. Сенің ыңғайыңа қарай икемдейді. Күнделікті тіршіліктің жауапкершілігін алып жүрмеймін. Бұған отбасым да ыңғайланған. Басқа адамдардың көзімен мүмкін қиын өмір боп көрінетін шығар.  

Ақынның жанын білгіміз келеді. Ақындық жаныңызды, өз-өзіңізді таптыңыз ба?

Иә, мен өз әлемімді таптым. Өз жанымды  әлдилей аламын. Жаным қалаған іспен айналысамын. Жаным қалайтын адамдармен дос боламын. Менің жаным оқылып бітуі қиын кітапхана секілді көрінеді өзіме.

Бүгінде өзіңіз сияқты жас қаламгерлер, ақындар қалай күн көре алады? Әндерге мәтін жазасыз ба?

Әндерге мәтін жазамын. Бірақ менің табыс көзіме айналған емес. Себебі сөз сатып көрмеппін. Сөз сатқым келмейді. Сөз кие ғой. Киесінен қорқамын. Өз басым өлеңмен күн көруге болады дегенді естімеппін. Мен радиожурналист ретінде отбасымды асыраймын. Өзге қанаттас-қаламдастарым да журналистикамен күн көріп жүр.

Қазір ақындардың қаламақысы қанша? Құпия болмаса бір әнге мәтінді қаншаға жазасыз? 

Мен тікелей әншімен жұмыс жасап, сөз сатып көрмеппін. Ербол Спаналиевтің әндеріне сөз жазғам. Айгүл Бажанова менің өлеңіме ән жазды. Жарылқасын Дәулет аға жазды. Бірақ мен коммерциялық келісім жасап көрмеппін. Сөзімді әншілердің аузынан естігеніме мәзбін. Мүмкін қажеттілік болмаған шығар.

Мәтінді дос ретінде тегін ұсынасыз ба…

Иә. Тегін беремін. 

Айнұр төлеуова

Сонда да жазған еңбегің ғой деп сыйлайтын ең қолы ашық әнші кім? Әлде сараңдыққа салынған әншілер кезедесе ме? 

Мен әншілермен тікелей жұмыс жасап көрмегенмін. Композиторлардың өзі байланысады. Олар әннің сазын жібереді, соған қарап сөзін ұсынамын. мысалы Айгүл Бажанова сөзімді ұнатып оған ән шығарады. Ол кісі менен қай әншіге берсек болады деп кеңеседі. 

Әнге сөз жазған ақындар хит әннің көлеңкесінде қалып қоя ма?

Ән танылып кетті, мен шетке қалып қалдым деп мүлдем ойлаған емеспін. Шындығында өзім сөзін жазған әндерден ләззат алып жүремін. Расында әншіні танығанмен ақынды халық танып, біліп жатпайды. Кітап оқитын адам таниды. Өз басым кітап оқитын адамдарды ерекше құрметтеймін. Танымал болуды ешқашан мақсат тұтпаппын.  

Сіз үшін әннің сөзі маңызды ма, әні ме?

Екеуі де маңызды. Ән тыңдасам міндетті түрде сөзіне мән беремін. Әннің сөзі ұнаса, қандай ақын жазды деп іздеймін. Ал әннің сазы өте маңызды. Сөзде ой болады. Музыкада да сондай. Музыка қазақша иіс аңқып тұруы керек. Өлеңі мен әуені қыз бен сияқты бір-бірімен қосылып, үндесіп тұруы керек. Сонда әдемі үйлесім болады. Маған шетелдік музыкаға сөз жазу, сүймейтін шетел азаматына тұрмысқа шыққанмен бірдей. Ол әнде қазақи мән жоқ. Музыкада да ұлттық ой, мұң, бояу болады. Сағыныш болады, әр ұлттың өзіне тән ерекшеліктері болады. 

Төреғали, Қайрат сынды  танымал әншілеріміз шетелдіктердің әнін үнемі ұрлады деп айыпталады, ал сөзі ше? Осы әншідердің әндерінің сөзіне көңіліңіз тола ма?

Төреғалидің ақындық қабілеті бар әнші. Кәсіби ақындармен жұмыс жасайтыны көрініп тұрады. Сондықтан оның әндерінің сөзі сәтті шығып жатады. Төреғалидің орындайтын әндеріне сын айта алмаймын. Ал Қайраттың бір де бір әнін тыңдамайды екенмін. Көшеде кездесіп қалсам, шамасы танымайтын шығармын. Ондай әншіні тыңдамаймын. Тыңдамайтын болған соң ештене де айта алмаймын. Егер оның әндері жақсы, көңілге қонымды, мен айтқандай, қазақтың мұңы, ойы бар болса, ол әншіні танитын едім. 

Көркемдік жағынан барлық талаптарға сай келетін, талғамы биік әншілер кімдер?

Әнінің сөзі нашар әншілер өте көп. Оның барлығы кітап оқымайтын қасіретімізден деп білемін. Егер әнші шынымен кітап оқитын болса, кітапханаға баратын болса, жақсы ақындарды танитын еді. Қазір жас та болса, өздерін мойындатқан ақындар бар. Соларға ұсыныс айтатын еді «маған сөз жазып бер» деп. Кез-келген әншіден ақындарды танисыз ба десеңіз танымайды. 

Мен күніне  5-6 рет Димашты тыңдаймын. Ерлан Рысқали ұнайды, үнемі тыңдаймын. Сөздеріне қойылатын мін жоқ.

Қайрат Нұртас көп сұхбаттарында әннің сөзіне де, әніне де көп мән беремін,тыңдарманға ой салса екен деп мән-мағыналы дүниелер жазамын деп жатады…

Қайратты мүлдем тыңдамаймын. Қандай ән айтатын да білмейді екенмін. Жан-жағымдағы адамдар «Қайрат-Қайрат» деп жатқан соң,  сондай әншінің бар екенін білемін. 

Айнұр төлеуова

Сыншы ретінде «Ұлттық арнада» өткен «Беу» бағдарламасында Ғаділбек Жанайдың «Ханшайымым» әнінің сөзін сынадыңыз. Ол әннің сөзін Ринат Зайытов жазған. Сонда әйгілі әріптесіңіздің қабілетін төмен бағалайсыз ба? 

Ринат мықты ақын ғой. Неге күмән келтіремін?! Сын айту деген күмән келтіру деп кім айтты?! Мен де қателесем, маған да сын айтады. Сын айтқан адамды айналып қана кету керек. Сын өсіреді. Мені Аманхан Әлімнің сыны өсірген. Ол кісіге қарыздармын. Ешқандай ақын ақындыққа күмән келтірмейді. Ақындыққа, Құдайдың берген талантына күмән келтіретіндей мен кіммін?! Ол шаттықтың киесі болмайтынын білмей қалған жоқ. Білді. Әдеби теорияда ассонанс, аллитерация деген бар. Шаңырақ пен шаттық деп қатар алып, әдемі жеткізгісі келді. Филологиялық талдау жасағанда қате сияқты болып көрінуі мүмкін. Біреудің басы жарылып, көзі шығып кететіндей қате емес. Ол бағдарламада филолог ретінде отырғаннан кейін, айтуым керек болды. 

Жоғары да айтып қалдыңыз мені сын өсірді деп. Өзіңізді әдеби сыншы деп білеміз. Біраз жерде әнші- ақындардың сөздерін сынап жатасыз. Өзіңізді сынайтындар көп пе?

Мен орта жолдан қосылған, өзін сыншы атап алған адам емеспін. «Поэзияның поэтикасы қандай болады, прозаның поэтикасы деген не?» сынды тақырыптарда арнайы сабақ алған сыншымын. Сын айтуға толықтай құқым бар деп ойлаймын. Маған сын айтатындарды өте жақсы көремін. Алдыңғы буын ағалардан маған сын айтатындар өте көп болды. Аманхан Әлім деген әдебиеттанушы маман қатты сынағаны сонша, әдебиетте он жылдай болмадым. Қазірде ұстаздарым өлеңдерімді оқып, түзетіп отырады. 

Шетелде әншілер әдетте өз әндерінің авторы, біздің әншілер олардың деңгейіне неге жетпейді? 

Бізде өзі әнін де, сөзінде жазатын әншілер бар. Мысалы, Роза Әлқожа сөзін жазып, мықты сазгер ретінде де танылып жүр. Сөздері салмақты, әдебиетті оқығаны, кітапты іздеп жүріп оқитыны көрініп тұр. Біз өзімізде барды көре алуымыз керек. 

Эстрадамызда орыс қазақ сөздері аралас немесе «Опмай-опмай» деген әндер көбейді. Бұндай әндер мен әншілерді қаншалықты қолдайсыз? 

Абайдың сөзі бар ғой: «Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы, ол ақынның білімсіз бейшарасы» деген. Сондықтан мен ондайды бейшаралық деп есептеймін. 

Бұдан бөлек мәтіні таза қазақша болған күннің өзінде: опмай опмай сынды әндер,сосын атың өшкір кредит  деген сынды. Не себепті мұндай әндер көбейді?

Біздің әндеді халыққа ұсынарда арнайы көркемдік кеңес құрылуы керек деп ойлаймын. Өнерге әркімнің бар таласы. Бірақ сол таластың ішіндегі ең биік мәртебелі өнерді таңдай алуымыз керек. Талғам көркем шығармаларды оқыған кезде қалыптасады. Кітап оқымайтындығымыз бізді талғамсыз қоғамға айналдырып жатыр. Барлығымыз толықтай талғамсызбыз деп айта алмаймын. 

stan.kz