Қайрат Боранбаев: Назарбаевтар әулетімен туыстығымның бизнеске қатысы жоқ
Қазақстандағы ең бай әрі ықпалды бизнесмендердің бірі Қайрат Боранбаев бақылауындағы Қарағанды фармацевтикалық кешенінде дайындалатын ресейлік «Спутник V» екпесі туралы мақалаға байланысты Азаттыққа телефон шалған, деп хабарлайды ORDA.
«Ол елдегі ең ықпалды отбасына жақындығы бизнесіне әсер етпейтінін айтып, сендіруге тырысты» деп жазды басылым. Қайрат Боранбаев Азаттық тілшісіне «Спутник V» екпесінен ешқандай пайда көрмейтінін айтқан.
Аталған мақалада Қазақстан бюджетінен коронавирусқа қарсы екпеге бөлінген қаржының бір бөлігі – экс-президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаеваның құдасы Боранбаев бақылайтын Қарағанды фармацевтикалық кешеніне түсетіні жазылған.
Боранбаев телефон әңгімесі кезінде тілшіге «Спутник V» екпесі (Қазақстан бойынша КВИ-ге қарсы қолданылатын жалғыз вакцина) өндірісінен қандай да бір табыс табуды көздемейтінін айтты. Сөзінше, екпе шығару – шығыны көп іс.
Боранбаевтың сөзінше, нақты шығынды атау қиын, себебі «зауыт жұмысын жалғастырып жатыр», ал ресейлік екпені дайындау «зауыттың ішкі шығынына кіреді» екен.
«Мен жалған жазғанды ұнатпаймын» деген Боранбаев Азаттық сайты мен желідегі парақшаларына шыққан «Covid екпесі: мемлекеттік келісімді Дариға Назарбаеваның құдасы алған ба?» деген видеоның сілтемесін жолдаған. Боранбаев Азаттыққа бизнес пен отбасылық байланысты «араластырмауы керек еді» дегенді айтқан.
Қарағанды фармкешенінің ресми сайтының дерегі бойынша, компания құрылғалы 50 миллион доллар инвестиция болған. Деректерге сай, компанияның былтырғы табысы 28 миллион доллар болған, кешен 860 мың доллар салық төлеген.
Қазақстандық Forbes журналы Боранбаевтың байлығын 519 млн доллар деп бағалайды. Ол фармацевтикалық компаниядан бөлек фитнес орындарын, сауда-ойын сауық орталығын, McDonald’s желісінің Қазақстандағы франчайзиін иеленіп отыр.
Жарты сағатқа созылған әңгіменің соңында Боранбаев Азаттық тілшісін 9 ақпанда Қарағанды фармкешеніне шақырды. «Келіңіз, сізге көрсетеміз» деді. Азаттық Боранбаевтың шақыртуын қабыл ады.