Қайрат Байбосыновқа Ұлытау облысының құрметті азаматы атағы берілді
Қасиетті өлкеде туып-өсіп, туған жері мен еліміздің өркендеуіне сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар тұлғаларға ұлттық мереке Республика күні қарсаңында Ұлытау облысының «Құрметті азаматы» атағы табыс етілді. Бұл туралы облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Egemen.kz
Қазақ өнерінің алыбы, ұлт мұрасына еңбегі сіңген дауылпаз дауыс иесі, Жаңаарқа ауданының тумасы Қайрат Әукенұлы Байбосыновқа Ұлытау облысының құрметті азаматы атағы берілді.
Сонымен қатар Ұлытау облысының құрметті азаматы атағы ғалым, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті, QazVac вакцинасын әзірлеуші Ұлытау ауданы, Қарсақбай кентінің тумасы Күнсұлу Дальтонқызы Закарияға, Қазақстанның құрметті журналисі, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, жазушы, Ұлытау ауданының тумасы Батырбек Тиыштықбайұлы Мырзабековке, С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық драма театрының әртісі, «Құрмет белгісі» орденінің иегері, ҚР Халық әртісі Досжан Әбдірәліұлы Жанботаевқа, Құрметті профессор, Қаныш Сәтбаев атындағы «Құрмет» орденінің иегері Қайсар Жұмаханұлы Телешовке берілді.
«Ұлытау облысының құрметті азаматтарын бүгінгі марапаттарымен шын жүректен құттықтаймын! Облысымыздың дамуына ел көлемінде үлес қосып, аянбай еңбектеніп жүргендеріңізге алғыс білдіремін», деп жазды Берік Әбдіғалиұлы.
Фото: egemen.kz