Қайрат Әбдірахманов Еуроодақтың Орталық Азия бойынша жаңа стратегиясына қатысты Қазақстанның ұсыныстарымен таныстырды

0

Күн тәртібінде — Еуропалық Одақтың Орталық Азия бойынша жаңа стратегиясының жобасы. Қазақстан СІМ басшысы Қайрат Әбдірахмановтың пікірінше, бүгінде Орталық Азия маңызды стратегиялық өңірде орналасқан, елеулі адами және үлкен жиынтық экономикалық әлеуетке ие, табиғи және өндірістік ресурстарға бай, әлемнің қарқынды дамып келе жатқан аймақтарының бірі болып табылады.

Қазақстан Еуропалық Одақпен өңіраралық ынтымақтастыққа ерекше мән береді және оны өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету құралдарының бірі ретінде қарастырады. Осы ретте жаңа Стратегияны қалыптастыру жинақталған тәжірибені ескере отырып,құжаттың нақты нәтижелерін арттыруға мүмкіндік беретін ерекше сәт болып табылады, делінген Қазақстан сыртқы саяси ведомство басшысының баяндамасында.

Өз ұсыныстарында, қазақстандық тарап білім беру арқылы адами капиталды дамытуға, заң үстемдігін және жоғары сапалы мемлекеттік басқаруды ілгерілетуге, жеке кәсіпкерлікті, шағын және орта бизнесті, оның ішінде әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға ерекше назар аударған.

Қазақстандық делегацияның пікірінше, Орталық Азияның жаһандық экономикалық процестерге қосылуы, жаңа технологиялық өмір салтын және цифровизация элементтерін енгізу, көліктік-логистикалық инфрақұрылымдарды жақындастыру, энергия тиімділігін арттыру және «жасыл» технологияларды енгізу бойынша екі өңірдің тығыз әріптестігін талап етеді. Қоршаған ортаны қорғау және су ресурстарын тиімді пайдалану, сондай-ақ Ауғанстанды қалпына келтіруге және тұрақтандыруға бірлескен көмек көрсету мәселесі де аса маңызды. Қазақстандық тарап осы және басқа да шаралардың құжатта ескерілуі қажет деп есептейді.

Сондай-ақ, Қ. Әбдірахманов қатысушыларды Президент Н. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының негізгі тұстарымен таныстырып, Қазақстанда көпғасырлық тарихи мұраны жандандыруға және архивтік, археологиялық және өзге де мәліметтерді цифрлық өркениет жағдайында азаматтардың түсінуі мен қолдануына қолайлы етуге бағытталған ірі жобалар іске қосылатынын хабарлады.

Осы жобалардың шеңберіндегі бірлескен жұмыс ОА мен ЕО-ның арасындағы өңіраралық әріптестіктің мәдени-гуманитарлық бағытын байытатыны атап өтілді.

Сондай-ақ, ЕО-Орталық Азия форматының еуразиялық кеңістіктегі ірі экономикалық жобалармен, атап айтқанда, Еуразиялық экономикалық одақпен және «Белдеу және жол» бастамасымен серіктестігі Орталық Азияны жаһандық экономикалық қатынастардың маңызды қатысушысына айналдырады. Министр,қажет болған жағдайда, Астана ЕО – ЕАЭО – ҚХРөзара іс-қимыл туралы диалогын бастау алаңын қамтамасыз етуге әзір екендігін хабарлады.

Құжаттың келешектегі іске асырылуына тоқтала отырып, Қ.Әбдірахманов үш негізгі элементті: ЕО-ОА форматындағы ынтымақтастықтың тұтастығын қамтамасыз ету, Стратегияны практикалық іске асыру үшін неғұрлым икемді құралдарды қалыптастыру, сондай-ақ оның көрнекі қабылдауын күшейту қажеттігіне назар аударды.

Мәселен, соңғысын жүзеге асыру үшін, Қазақстан әріптестікті «виртуалды институционализациялауды» қамтамасыз ететін және Орталық Азияның 70 млн. халқына Еуропаға бірегей онлайн-терезе болатын біртұтас онлайн-портал құруды ұсынды.

Пленарлық сессияның қорытындысы бойынша, тараптар «екі өңір арасындағы өзара тиімді, нақты және ұзақ мерзімді пайдаға негізделген қарым-қатынасты дамыту үшін» жаңа стратегияны 2019 жылдың басында қабылдау қажеттігін ерекше атап өтетін біріккен коммюнике қабылдады.