Қайғыдан табылған көне қобыз

0

Бұл мекеннен кімдер өтпеді десең­ші?!. Батыр да, би де, аққумен үн қосқан әнші де, әулие де өтті. Соның бірі аты әлі күнге дейін ел аузында жүрген Жетібай бақсы екен. 

– Жетібай бабамыз жеті жасқа келгенде түсінде аян берген екен. 16-17 жасқа кел­генде қолына қобыз ұстап, бақсылық жолға түсіпті. Қырық күн шілдеде аспаннан нәр тамбай, малдың жайылымы күйіп бара жатқанда, Жетібай бақсы қолына қобызын алып күңірентетін болған. Сонда әр жақтан шөкімдей бұлттар жинала-жинала, жаңбыр құйып өтетін көрінеді. Бала кезімізде аталарымыз бен әжелеріміз осылай айтып отырушы еді, – дейді бақсының Қостанай қаласында тұратын ұрпақтарының бірі Данияр Құрманов. 

Сол Жетібай бақсының қобызы бү­гінде Қайғыда тұратын тікелей төртінші ұрпағы Оразбектің үйінде ілулі тұр. Даниярдың айтуынша, қобыздың бір ішегі және бір құлағының түсіп қалғаны болмаса, жалпы жақсы сақталған. Ораз­­бек бабасынан қалған қобызды еш­­кімге ұстатпай, жақсы сақтап отыр­­са керек. Әулет шежіресі былай екен: Же­тібайдан – Есмағамбет, Ес­ма­ғам­беттен – Долдаш, Долдаштан – Би­да­мерген, Бидамергеннен Оразбек туады. Қа­зір Оразбек жігіт ағасы жасында. Әр ұрпақтың арасын 20-25 жылдан есептегеннің өзінде, Жетібай бақсы XIX ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген болып шығады. Ұрпақтары оны 1873 жылы өмірден озған деп біледі. 

Бақсы ұстаған нар қобыздың жа­сы да екі ғасырға жуықтайды. Оны Жеті­бай­дың ұлы Есмағамбеттен кейін ешкім ой­намапты. Даниярдың ай­туынша, бақ­сының да, бұл қобыздың да даңқы уа­қытында біраз жерге жа­йылғанға ұқ­сай­ды. Долдаштың Мұ­хамбетқали деген ұлы көзі тірісінде: «Қыпшақта бар Қойлыбай, Бағаналыда бар Барлыбай, Қожада бар Оспан қожа, Сүгірде бар Түркебай, Тағышыда бар Жетібай» деген аталарынан қалған сөзді айтып отырады екен.

– Бабамыздың ерекше қасиетке ие адам болғанына ел аузында осы күнге дейін сақталған аңыз-әңгімелер куә деп білеміз. Оның сүйегі ауылдан оншақты шақырым жердегі ескі қорымда жатыр. Бірақ нақ қай бейіт екенін білмейтінбіз. Түсіме «мені мал басып жатыр» деп аян берген соң, қорымға барып, сол кісінің бейіті-ау деп, шамамен белгілеп келдім, – дейді Данияр. 

Иә, Жетібай бақсыдан қалған қара қобыз ішіне көп сырын бүгіп, Оразбектің төрінде ілулі тұр. Ол ескі аспапты жөн­деп берейін дегендерге келісім бер­мепті. Музейге де өткізгісі жоқ кө­рінеді. Бабасының көзіндей жәдігерді киелі санағандықтан, оның тек төрінде ілулі тұрып, ұрпақтан-ұрпаққа жетуін қош көреді. 

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ

Дереккөз: http://egemen.kz/