Қайғы жұтқан отбасына жұртшылық көмек қолын созды
СУЫҚ ХАБАР
Алматы облысы Іл ауданының Ашыбұлақ ауылдық округіне қарасты Батыр ауылындағы (бұрынғы саяжай) Абай Нұрбековті ақтық сапарға шығарып салуға Қостанай облысынан марқұмның кәрі әке-шешесі мен ағалары келді. Жаңа жыл қарсаңында демалыс алып, бала-шағасын ертіп туған жері — Қостанай облысы Жангелдин ауданындағы Қызбел ауылына бармақшы болған Абайдың ұшақ апатынан қазаға ұшырағанын елдегі туыстары теледидардан естіген.
Қостанай облысында тұратын анасы Алматыдағы ұлымен соңғы рет желтоқсанның 26-ы күні кешке телефонмен сөйлескенін айтады. Абай қаңтардың 3-і болатын туған күнін ата-анасы және туыстарымен бірге ауылда атап өтуге бала-шағасымен бармақшы болған.
— Компания жұмысымен он бес күн іссапарда жүріп келгеніне де он-ақ күн болған. «Апа, Ақтаудан келдім. Билет алып қойдым, енді ауылға барамыз» деді. «Ақтауда неге ұзақ жүрдің, сол жаққа көшейін деген ойың бар ма?» деп сұрадым. Алдында келінім «апа, он бес күнде бір-ақ рет қоңырау шалды» деген еді. «Жоқ, апа, шаруам болды, соны бітіріп келдім» деді. Содан кейін таңертең сағат жетіде ұшаққа отыратынын айтты, — дейді қайғыдан көкірегі қарс айырылған 71 жастағы Зибагүл Қапышева.
Кейуана баласының қазасын желтоқсанның 27-сі күні таңертең Алматыда тұратын қызынан естігенін айтады. Ол үй-ішіне Абайдың отбасы мінген ұшақтың апатқа ұшырағанын хабарлаған. Суық хабарға үрейленіп қалған үй-іші қазақстандық телеарналардың бірінен қаза болғандардың тізімі жарияланған кезде ұшақ апатынан опат болғандардың арасында Абайдың да аты-жөні бар екенін көрген.
— Баламның есімі тізімде жетінші болып тұр екен, — дейді марқұмның анасы егіліп.
Желтоқсанның 27-і күні таңертең Алматыдан Нұр-Сұлтанға ұшып шыққан Bek Air әуе компаниясының жолаушы ұшағында Абай Нұрбековпен бірге төрт баласы мен әйелі Нағима Бекжанова да болған. Балалардың үлкені 12 жаста, кішісі — үш жаста. Ұшақ апаты салдарынан кенже қыздың жамбасы сынған, сегіз жастағы ұлының бір аяғы ортан жілігінен үзіліп кеткен. Олардан үлкен бір ұл, бір қыз да түрлі дене жарақатымен ауруханаға түскен. Қазір төртеуі де Алматыда ауруханада жатыр. Балалардың анасы Нағима Бекжанованы дәрігерлер әлі реанимациядан шығарған жоқ. Туыстарының айтуынша, оның аяғы сынып, бас сүйегіне қатты зақым келген.
Туыстары Абай Нұрбековтің қазасын балалары мен әйеліне әлі естіртпегенін айтты.
«ТУЫСТАРЫНА ҚАМҚОР БОЛАТЫН»
38 жасқа толуына бір апта қалғанда ұшақ апатынан опат болған Абай Нұрбеков отбасындағы он баланың ортаншысы екен. 2005 жылы Алматы энергетика және байланыс университетін қызыл дипломмен бітіргеннен кейін қалада қалып, еңбек жолын қарапайым электрик болудан бастаған. Соңғы жұмыс орны «Алматыэлектромонтаж» компаниясында техникалық директор қызметін атқарған.
Абай Нұрбековтің отбасы Ащыбұлақ ауылдық округіне қарасты Батыр ауылында біреудің үйін жалдап тұрған. Азаттық тілшісі үй ауласында тауыс, күрке тауық сияқты құстар жүргенін байқады. Марқұмның әкесі 76 жастағы Жауғаш Нұрбековтің сөзінше, Абай бала күнінен қоян, құс өсіруге, аңшылыққа құмар болып өсіпті. Тіпті осы жолы да ауылға барған кезде аңға шығатынын айтып, туыстарына техникаларды дайындап қоюды тапсырған.
Абайдың бала кезіндегі қызықтарын айтып бір күрсініп алған анасы «бала күнінен қыз балаларға жақын еді. Өзі де қыз мінезді болып өсті» дейді.
Әкесі Абайды балаларының ішіндегі пысығы болғанын, Алматыға өз бетімен келіп оқуға түскенін, қызметті де өзі тауып, орналасқанын, қолынан келгенше туыстарына қамқор болып, жәрдем беруге дайын тұратын деп сипаттайды.
— Маған қыста жүретін моторлы шана, үлкен ағасына машина алып берді. Қолынан келсе көмектесуге дайын тұратын еді, — дейді Жауғашты Нұрбеков.
Туыстарының айтуынша, Абай өзінен кейінгі екі інісі мен қарындасын да Алматыға алдырып, өзі оқытқан. Бұл жолы сапарға шығар алдында Арқалық қаласында тұратын үлкен ағасына телефон шалып, алдағы жоспарымен бөліскен.
— «Билет бәрін алып қойдым. 27-сі күні ұшаққа мінемін. Сен күтіп ал. 30-ы күні Алла бұйырса елге барып, 5-іне дейін боламын» деген еді, — дейді Абайдың екінші ағасы Мейрамғали Нұрбеков.
FACEBOOK-ТЕГІ БАСТАМА
Туыстары Абай Нұрбековті өзі тұрып жатқан Ащыбұлақ ауылдық округіндегі зираттардың біріне жерледі. «Балалары жас қой. Ертең басына барып дұға етсе де деп осында қоюды ұйғардық. Енді өзіміз де осында қалып, немерелерге бас-көз болармыз» дейді қос қария.
Сөз арасында Жауған Нұрбеков немерелерінің Алматы қаласындағы мектептердің бірінде оқитынын, оларды сабаққа әкелері апарып, әкеліп жүргенін айтып, «енді жағдайлары қалай болар екен. Тым болмаса қаладан бір пәтер алып бере алсақ жақсы еді» деп күрсінді.
Марқұм Абай Нұрбековтің артында кәмелетке толмаған төрт баласы мен әйелі қалғаны, отбасының басында баспасы жоқ екені туралы хабар Қазақстан қоғамын дүр сілкіндірген ұшақ апатын талқылаған Facebook әлеуметтік желісін қолданушылардың назарынан тыс қалмаған. Абай Нұрбековтің отбасына баспана алуға жәрдемдесу туралы ұсыныс айтылып, қаржы жинау басталып та кетті. Бұл бастаманы көтергендердің бірі Әсем Жәпішева «қазірдің өзінде қомақты қаржы жиналып қалғанын» айтады.
— Мен жіберген есепшотқа төрт жарым миллиондай теңге түсті. Менен басқа тағы бір топ қаржы жинап жатыр. Оларға сегіз миллион теңгеге жуық ақша түскен. Шамамен бір пәтердің құнына жетіп қалды. Нағима (марқұм Абай Нұрбековтің әйелі) ауруханадан шыққаннан кейін нақты не алу керегін өзімен ақылдасамыз, — дейді ол.
АПАТ СЕБЕБІ ТУРАЛЫ БОЛЖАМ
Желтоқсанның 27-і күні таңертең Нұр-Сұлтанға жолаушы алып ұшқан Bek Air әуе компаниясының Fokker-100 ұшағы Алматы әуежайының ұшу алаңынан әуеге көтерілген соң көп ұзамай апатқа ұшыраған. Ұшақта 93 жолаушы және экипаждың бес мүшесі болған. Апат салдарынан 12 адам қаза тауып, ондаған жолаушы ауруханаға түсті. Ұшақ апатына байланысты желтоқсанның 28-і Қазақстанда аза тұту күні болып жарияланды.
Дүйсенбі күні таңертең Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов ұшақ апатынан соң ауруханаға түскендердің арасынан тоғыз ересек адамның әлі де жансақтау бөлімінде жатқанын, біреуінің жағдайы ауыр екенін хабарлады.
— Ауруханада 46 пациент жатыр. Балаларды жансақтау бөлімінен шығарды, өмірлеріне қауіп жоқ, дегенмен әлі де емдеу керек. Пациенттердің бірінің жағдайы ауыр, жасанды жолмен дем беріп жатыр. Екінші ұшқыш та ауруханада. Бәрінде сынық бар, операция жасалды, — деді министр.
Желтоқсанның 30-ы күні Алматыда арнайы баспасөз жиынын өткізген Bek Air әуе компаниясының өкілдері Fokker-100 ұшағының «техникалық жағдайы жақсы болған» дейді. Компанияның ұшу қызметінің директоры Ерік Сапаров «Fokker-100 ұшағы әуеге көтерілерден бір минут бұрын ұшқан ауыр салмақты Airbus ұшағының әуе толқыны әсер етіп, ұшақты басқаруды күрт қиындатқан болуы мүмкін» деген болжам айтты.
Бірақ «Қазаэронавигация» мемлекеттік кәсіпорны бас директорының бірінші орынбасары Фаат Богдашкин Bek Air компаниясы өкілінің «Fokker 100 ұшағының апатқа ұшырауына өзге ұшақтың әуе толқыны әсер еткен болуы мүмкін деген сөзі шындыққа жанаспайды» деп мәлімдеді.
Премьер-министр Асқар Мамин апаттан қаза болғандардың отбасына төрт миллион теңгеден (шамамен 10,5 мың доллар) төленетінін айтты. Ұшақ апатының себебі анықталғанға дейін Bek Air әуе компаниясына берілген лицензия уақытша тоқтатылды.