Қай министрліктер мөлшерден тыс жұмыс істейді

0
23 Қараша 2018, 16:39 284 0

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Ұлттық экономика, денсаулық сақтау, қаржы министрліктерінде қызметкерлер айына 2 мыңнан 5 мың сағатқа дейін артық жұмыс істеген. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау департаментінің директоры Равиль Тюлебаев мәлім етті.

Оның айтуынша, агенттік орталық және жергілікті атқарушы органдар қызметкерлерінің жұмыс орнында жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін негізсіз қалуы, әрі демалыс және мереке күндері жұмысқа шығуға қатысты мониторинг жүргізген.

«Нәтижесінде мемлекеттік қызметшілердің белгіленген кестені бұза отырып, жұмыста қалу фактілері жалғасуын көрсетті. Мысалы, ұлттық экономика, денсаулық сақтау, қаржы министрліктерінің қызметкерлері айына 2 мыңнан 5 мың сағатқа дейін, ал сыртқы істер, ауыл шаруашылығы, еңбек және әлеуметтік қорғау, мәдениет және спорт министрліктерінде 200-ден 600 сағатқа дейін артық жұмыс істеу фактілері анықталды», — деді Равиль Тюлебаев брифингте.

Осы орайда ол артық жұмыс жасау деректері жергілікті атқарушы органдарда да анықталғанын жеткізді.

«Ақмола облысында артық жұмыс істеу көлемі 1 мың сағаттан асады. Қызылорда, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Астана қаласында 500 сағаттан астам артық жұмыс істеу фактісі анықталды. Оның үстіне бұл үстеме жұмыс үшін өтемақылар ешбір мекемеде тіркелмеген», — деді директор.

Равиль Тюлебаев аталған заң бұзушылықтарды жою мақсатында тиісті ұсыныстар министрліктерге, облыстар әкімдіктері мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдеріне жолданғанын атап өтті.

«Еңбек тәртібін бұзу туралы материалдарды заңнамаға сәйкес шара қабылдау үшін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне және өңірлердегі еңбек инпекцияларына жолдағанды», — деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін мемқызметкерлерге сыйлық бергендер жауапқа тартылатыны туралы хабарлаған болатынбыз.














Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!


Дереккөз: BAQ.KZ