«Қаһарман ұлт» жобасы бойынша Қастеев өнер мұражайында экскурсия өтті
Бүгінгі таңда жастарға патриоттық тәрбие беру мәселесі өзекті мәселе болып табылады. Жеке тұлғаны қалыптастыру құралдары ретiнде жастарға патриоттық тәрбие беру процестерiне ерекше назар аудару керек.Себебі жастар-еліміздің болашағы.Рухани құндылықты бойына сіңіріп өскен кез-келген азамат болашақта сол елдің түнтігін түзу керетініне күмәніміз жоқ.Осы орайда,«Қаһарман ұлт» жобасы аясында жастарды патриоттық рухқа, адамгершілік құндылықтарға тәрбиелеу, халқымыздың ұлы тұлғаларын насихаттау мақсатында Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының қауымдастырылған профессорлары, тарих ғылымдарының кандидаттары Н.Т.Жанақова мен Б.Н.Жүзтаеваның жетекшілігімен университеттің Менеджмент және халықаралық коммуникация факультетінің 2-курс студенттері Алматы қаласындағы Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайына экскурсия өткізді. Экскурсия барысында студенттер мұражайдағы қазақтың әйгілі суретші, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі Әбілхан Қастеев шығармашылығына арналған залдың және сәндік-қолданбалы өнер залының экспозицияларымен танысты.Студенттер Қастеевтің туындыларын тамашалау кезінде суретшінің қазақ халқының белгілі тұлғалары Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбайұлы, Жамбыл Жабаев, Амангелді Иманов портреттерін салған шеберлігіне сүйсінді. Сонымен бірге ұлттық сәндік қолданбалы өнеріне арналған залға қойылған кілем және зергерлік өнер туындыларымен танысты.Экскурсия барысында студенттер арнайы экскурсовод маманмен дәстүрлі және заманауи қолданбалы өнердің ғажап коллекциясымен танысып, ондағы батыс, орыс және кеңес өнерінің және шығыс халықтары қолданбалы өнерінің тыңғылықты жинағын өз көздерімен көрді. 19-20 ғасырлардағы қазақ қолданбалы өнерінің бай коллекциясының тарихымен танысып, қазақ қол өнерінің жоғары деңгейде болғанын білді. Күмістен жасалған зергерлік бұйымдар, киіздер мен текеметтер, түкті және тақыр кілемдер, кестелі кілемдердің мағынасын, қолдану аясын және жасалу жолымен танысты. Осындай экскурсиялар студенттердің ұлттық сана сезімін, білімге деген құлшынысын оятады деген сенімдеміз.Себебі көзбен көрген әр құнды экспонат студенттердің көкейінде бірнеше жылдар бойы сақталатыны хақ.