Қағаз түріндегі құжаттардың саны 110 миллионға қысқарады
Үкімет отырысында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мемлекеттік қызмет түрлерін электрондық форматқа ауыстыру жұмысы туралы айтты.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2019 жылы мемлекеттік қызмет көрсету түрлерінің 80%-ы, 2020 жылы 90%-ы автоматтандырылады. Жылына қағаз формада берілетін құжаттардың саны 110 миллионға қысқарады, – деді Дәурен Абаев.
Министрдің айтуынша, мемлекеттік қызмет түрлері мейлінше түсінікті, қолжетімді әрі пайдалы болуы үшін бүгінде ведомство қолдан келгеннің бәрін істеп жатыр.
Бұл – қоғамға тиімді қызмет етудің және Үкімет, бизнес пен азаматтар арасын жақындастырудың жаңа формасына қол жеткізудің басты талабы, – деді министр.
Дәурен Абаев бүгінде мемлекеттік қызмет көрсету түрлерінің реестріне 741 қызмет кіретінін, оның 454-і немесе 61%-ы электрондық формада екенін айтты.
Мемлекеттік қызмет түрлерінің 165-і тек электрондық форматта. Оның жартысына жуығы – лицензиялар мен рұқсат беру құжаттары және кәсіпкерлікті субсидиялау қызметтері. Бұл бизнес үшін әкімшілік кедергілерді жою үшін жасалып отыр. Былтыр электрондық форматқа мемлекеттік қызметтің 64 жаңа түрі ауысты. Бірнеше мысал келтірейін, бұл – мерзімді баспа басылымдарын, ақпарат агенттіктерін және желі басылымдарын тіркеуге қою, жұмысқа мұқтаж азаматтарды тіркеу, асылтұқымды мал шаруашылығын дамытуды субсидиялау және тағы басқалар, – деді министр.
ҚР АКМ басшысы мемлекеттік қызметті көрсетудің негізгі инструменті электрондық үкімет порталы екенін айтты.
Қазіргі уақытта e-GOV-қа 8,5 миллионнан астам қолданушы тіркелген, 2018 жылдың өзінде 30 миллион мемлекеттік қызмет көрсетілді, – деді Дәурен Абаев.
Дереккөз: Baribar.kz