Қадір түні 2019: Бас мүфтидің құттықтауы

0

Биыл қасиетті Қадір түні 31 мамырдан 1 маусымға ауған түнге түсіп отыр

НҰР-СҰЛТАН, 31 мамыр – Sputnik. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз барша мұсылман қауымын Қадір түнімен құттықтады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан ҚМДБ ресми сайтына сілтеме жасап.

Мың айдан да қайырлы түн

Бас мүфти Қадір түнінің құт-берекесі шексіз екенін атап өтті. Қасиетті түнді құлшылықпен өткізген мұсылманға періштелер салауат айтып, оған бейбіт өмір тілейді. Таң ағарып атқанға дейін періштелер сәлеметі жер бетіне себезгілеп, мұсылман үмбетінің жүрегіне тыныштық пен жан рахат орнайды.

«83 жыл құлшылық етумен тең» Қадір түнін қалай өткізу керек? — видео

«Жаратушы Иеміз бұл түні шынайы намаз оқып, өзіне жалбарына дұға жасаған пенденің барлық қайырлы амалын қабыл етеді. Өткен қате-кемшіліктері мен күнәлары үшін өкініп, Жаратқаннан кешірілуін тілеген адамның тілегі де қабыл болмақ. Сондықтан осы кеште көбірек дұға жасаған абзал», — деді Серікбай қажы Ораз.

«Ағзаңыз жасарады»: 27 жыл ауыз бекіткен дәрігер ораза ұстаудың пайдасы туралы айтты

Хақ Тағаланың бір түндік ғибадатты мың айдан да қайырлы етуі, сөз жоқ, Жаббар Хақтың мұсылман үмбетіне деген ерекше мейірімі мен рахымдылығы еді. Алла Елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Кімде-кім Қадір түнінің артықшылығына нанып, Алладан сауабын күтіп, құлшылық қылса, жасаған күнәлары ғафу етіледі» дейді.

Рамазан айының он артықшылығы туралы не білесіз?

«Иә, мұндай мүмкіндік һәм мұндай мың айдан да қайырлы мезет мұсылман үмбетінің пешенесіне ғана жазылған илаһи тарту. Олай болса, қадірменді ағайын, Қадір түнінің мүмкіндігінен мақұрым қалмай, таң рауандаған шаққа дейін жансебіл рухта Хаққа құлшылық қылып, жан-жүрегімізбен Алаштың қамы үшін дұға-тілек жасайық. Алла Тағала Рамазаннан Рамазанға аман-есен жетіп, дәйім қасиетті Қадір түнін қарсы ала беруді жазсын! Әумин!», — деді ҚМДБ төрағасы.

Қадір түнінде оқылатын дұға

Айша анамыз (Алла оған разы болсын) пайғамбарымыз Мұхаммедтен (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алланың елшісі! Егер Қадір түніне жетсем, қандай дұға жасайын?» – деп сұрайды.

Бас мүфти қандай жағдайда оразаның сауабы болмайтынын айтты

Сонда екі дүние сәруары: «Уа, Алла! Сен тым кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің, мені де кешіре гөр!», – деп дұға жасауды өсиет еткен.



sputniknews.kz