«Қадір-қасиетіме нұқсан келді»: Білім министрінің орынбасары жемқорлыққа қатысты айыптауларға жауап берді — Қазақстан жаңалықтары
Еліміздің білім және ғылым министрінің орынбасары Рүстем Биғари ведомствоның әкімшілік жұмыстар және мемлекеттік сатып алу департаментінің директоры Анар Қайырбекованың тарапынан өзіне тағылған айыпқа жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Тиісті жазба вице-министрдің Facebook желісіндегі парақшасында пайда болды.
Министрдің орынбасарының сөзінше, бұған дейін БАҚ-та өзінің және әріптестерінің сыбайлас жемқорлық пен қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деп айыпталғаны туралы ақпарат пайда болған. Ол бұқараға жарияланған негізсіз мәлімдемелердің бір ай көлемінде жоққа шығарылуы қажет екенін еске салды.
Рүстем Биғаридің айтуынша, бүгінде аталған іс бойынша жан-жақты тексеріс тәмамдалған. Ол Қайырбекованың сөзінің негізсіз екенін растапты. Вице-министр дәлел ретінде қылмыстық істің тоқтатылғаны туралы құжатты жариялады. Іс қылмыс құрамы болмағандықтан тоқтатылған.
«Ал енді барлық жәйтті рет-ретімен айтып берсем. Мен 2018 жылдың 7 маусымында білім және ғылым министрлігіне жұмысқа тұрдым. Сол кездегі бірінші кезектегі негізгі міндетім — Ұлттық білім беру деректер базасының жұмыс істеуі және жабдықтар мен бюджет қаражатын тиімді пайдалану төңірегінде қалыптасқан мәселелерді шешу болды», — деп жазды Биғари.
Оның сөзінше, сол кезде туындаған кемшіліктерді жою және ақпараттық қауіпсіздік талаптарын қамтамасыз ету үшін, Ұлттық білім беру деректер базасының сынағынан қаншалықты тез, тиімді әрі шығынсыз өту мүмкіндігі бойынша талдау жүргізілген. Өйткені мәлімделген 89 миллион теңге екі есеге қысқартылған екен. Бұл өте маңызды шара, өйткені Ұлттық білім беру деректер базасында еліміздегі барлық балалар туралы дербес деректер сақталған. Және сыртқа шығып кету қаупі өте жоғары болған көрінеді.
«Сонымен, бұл бағытағы жұмыстар әзірленіп, 2018 жылдың қыркүйек айында әкімшілік жұмыс және мемлекеттік сатып алу департаментіне берілді. Алайда департамент жаңа талаптарды ұсына отырып, рәсімді тұрақты түрде соза берді (хронология мен сұрау салулар бойынша ақпарат Ұлттық бюро мен КВГА-ға ұсынылды). Сонымен қатар мемлекеттік сатып алу мен ЭҚАБЖ электрондық жүйесіне қарамастан, құжаттардың қағаз нұсқаларын талап етті. Нәтижесінде келісім шартқа қол қою туралы шешім қабылданған соңғы күні ол (Қайырбекова — ред.) мемлекеттік сатып алу ережелерінде көзделмеген жаңа талап – заң бөлімінің қорытындысын сұратты. Алайда барлық рәсімдер мен жұмыстарға қойылатын талаптар заң бөлімінде бұрын-соңды мақұлданғандығын айта кеткен жөн.
Дегенмен мұндай кедергіге қарамастан («үрдісті әдейі созу») жоспарланған жұмыс заңнама бұзылмай іске қосылды. Ұлттық білім беру деректер базасы ақыр соңында Ұлттық қауіпсіздік комитеті құрылымындағы ақпараттық қауіпсіздік талаптары бойынша жүргізілген сынақтан сәтті өтті. Бұл үрдіске қатысты сертификаттар мен фотосуреттерді жауапты хатшы журналистерге ұсынған болатын», — дейді вице-министр.
Биғаридің сөзіне қарағанда, Қайырбекова бұл нәтижеге қанағаттанбай, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюро мен қаржы министрлігінің ішкі мемлекеттік аудит комитетіне 4 рет шағым жазған. Нәтижесінде қаңтар айында оның кезекті өтініші бойынша тексеру жұмыстары басталыпты.
Министрдің орынбасары тексеру барысында барлық қажетті материалдар ұсынылып, жан-жақты көмек көрсетілгенін атап өтті. Жарты жылдың көлемінде ұлттық бюро тарапынан толықтай тергеу жүргізіліп, тәуелсіз сарапшылар да тартылған. Тексеру жұмыстары толыққанды жүргізілді, яғни шарт жасасу рәсімінің сақталуынан бастап жұмыс нәтижелеріне дейін тексерілді, дейді ол.
«Әрине, осы кезеңде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмауға бағытталған цифрландыру науқаны және білім беру жүйесіне ашықтықты енгізу бойынша жұмыстарымыз тоқтап, министрліктің қызметкерлері мен ІТ тобының барлық мүшелері негізгі жұмыстан шеттетілді. Өйткені тексеруге қатысты материалдарды жинау, құжаттардың көшірмелерін жасау, түсініктемелер жазу және тағы басқа қосымша жұмыстарға ойымыз бөлініп, уақытымыз тиімсіз жұмсалып жатты. Жалпы, қызметкерлеріміз осы уақыт аралығында психологиялық тұрғыда «соққыға» ұшырады», — дейді вице-министр.
Сонымен қатар Рүстем Биғари аталған ақпараттық шабуылға байланысты жұмыс үрдісіне ғана емес, өзінің де қадір-қасиеті мен іскерлік беделіне нұқсан келгенін атап өтті.
«Кейбір тұлғалар үшін автоматтандыру үрдісі, яғни білім беру жүйесіндегі ашықтық аса тиімді емес болуы мүмкін. … Білім және ғылым министрлігінде жақсы және адал қызметкерлер жеткілікті екендігіне сенімдімін»,- деп түйіндеді білім министрінің орынбасары.
Еске сала кетсек, бұған дейін білім және ғылым министрлігінің басшылары жемқорлық үшін айыпталған еді. Артынша жемқорлыққа қатысты айыпталған министрлік қызметкері Арын Орсариев жауап берді.
stan.kz