Қабатов ісі: Ұлттық тестілеу орталығы ҰБТ-дағы дау-дамай бойынша мәліметтерді жариялады
Ұлттық тестілеу орталығы соңғы кезде қоғамда дау тудырған ҰБТ тапсыру кезінде ережелерді бұхуға қатысты қосымша мәліметтерді жариялады, деп хабарлайды KzNews Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, бұған дейін Ұлттық тестілеу орталығы елордалық екі жоғары оқу орнының төрт студенті ҰБТ кезінде 4 талапкердің орнына тестілеу тапсырмақ болғаны туралы хабарлаған. Айта кетейік, орталық қызметкерлері бұл әрекеттің алдын алып, полицияға жүгінген. Яғни, талапкерлер тестілеуге жіберілмей, орталық қызметкерлері бұзушылықтарды дер кезінде анықтады.
«Ережелерді өрескел бұзуға қатысы бар адамдар бойынша барлық дерек істің мән-жайын анықтау және одан әрі зерделеу үшін құқық қорғау органдарына жіберілді. Дегенмен, Ұлттық тестілеу орталығы тарапынан ережені өрескел бұзған тестіленушілердің ата-аналары туралы ақпарат анықталмады және талапкерлердің аты-жөндері жарияланған жоқ. Өйткені орын алған жағдай балаларға қатысты болып отыр», делінген хабарламада.
Министрліктің мәліметінше, биыл ҰБТ тапсыру орталықтарында талапкерді тестілеуге кіргізу кезінде үш сатылы жүйе енгізілген. Яғни, тестіленуші жеке куәлігін көрсетті, Face-ID жүйесінен өтті және ҰБТ барысында әрбір қатысушының алдында камера орнатылды. Бұл шаралардың барлығы бұзушылықтардың алдын алуға және Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыру рәсімінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған.
«Мәселен, егер өткен жылы ҰБТ тапсыруға талпынған бөгде тұлғалар бойынша 7 факті анықталса, биыл бақылауды күшейтудің арқасында 18 жағдай тіркелді. Бұл туралы бұған дейін Ұлттық тестілеу орталығының өкілдері жұртшылыққа хабарлаған болатын.
Сонымен бірге екі жыл бұрын ҰБТ өткізу ережелеріне өзгерістер енгізілді. Олардың қатарында, тыйым салынған заттарды алып өтуге тырысқаны үшін талапкерді тестілеуге жібермеу және бейне жазбаны зерделеу барысында ережелерді бұзу жағдайы анықталған кезде тестілеу нәтижелерін жою», делінген хабарламада.
Ведомствоның мәлімдеуінше, ҰБТ-ны өткізу ережесіне өзгеріс енгізілуі ҰБТ-ға тыйым салынған заттарды алып өту әрекеттері мен ҰБТ өткізу ережесін бұзудың азаюына алып келді.
«Мәселен, 2019 жылы тестілеуге кіргізу кезінде 128 мың тыйым салынған зат анықталса, тек 24 талапкердің ғана нәтижесі жойылған. Ал, 2020 жылы белгіленген ережелерге сәйкес тыйым салынған заттарды алып кіруге тырысқаны үшін ғана 2 522 үміткердің нәтижесі жойылды. Биыл тыйым салынған заттарды алып кіруге тырысқандар саны 756-ға дейін азайды», делінген хабарламада.
Бұл – ережені бұзған қатысушыларды тестілеуге жібермеу туралы өткен жылы енгізілген нормаға, сондай-ақ әрбір тестіленушінің алдында бейне бақылау камераларының орнатылуына байланысты болып отыр.
Сонымен қатар биыл тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін 1 305 адам аудиториядан шығарылды, олардың нәтижелері жойылды.
Бұдан басқа, ҰБТ аяқталғаннан кейін де Ұлттық тестілеу орталығының қызметкерлері барлық талапкердің тестілеу тапсырғаны бойынша бейне жазбаларды талдайды. Бірінші кезекте, 100-ден астам балл жинаған, сонымен бірге наурыз айында сынақ тестілеу мен мамыр айындағы тестілеуді тапсыру кезінде нәтижелері айтарлықтай ерекшеленетін талапкерлердің бейне жазбалары қаралады. Әрі қарай басқа бейне жазбалар бойынша талдау жүргізіледі.
Биыл бейне жазбаларды талдау барысында 19 талапкердің нәтижесі жойылған болатын. Сәйкесінше, ол талапкерлер білім грантына үміттене алмайды.
Бұл бағыттағы жұмыс қазір де жүргізіліп жатыр. Сондықтан ұқсас жағдайлар анықталған кезде талапкерлердің нәтижелері жойылып, тағайындалған білім гранттарынан да айырылады.
Айта кетейік, Ұлттық тестілеу орталығының қызметкерлері ҰБТ өткізу кезінде ережелерді бұзу фактілері туралы жұртшылықты үнемі хабардар етіп отырады және жағдайды анықтау үшін құқық қорғау органдарына ақпарат береді.
«Бүгін ҰБТ-дан өту үшін түрлі қулықтарға баратын талапкер ертең дәрігер, мұғалім немесе құтқарушы бола отырып, өз жұмысын адал атқармауы мүмкін. Осыған байланысты талапкерлер мен олардың ата-аналарын академиялық адалдыққа шақырамыз. ҰБТ тапсыру кезінде ашықтықты қамтамасыз ету бойынша жұмыстар одан әрі жалғасатын болады. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, басқа елдерде тәртіп бұзушыларға қатысты одан да қатаң шаралар қолданылады», – деді ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығы директорының м.а. Наужан Дидарбекова.
Еске сала кетсек, әлеуметтік желіде ҰБТ тапсыру кезінде заң бұзған 19 талапкердің арасында шоумен Тұрсынбек Қабатовтың қызы Әдемі Аманғали да бар деген ақпарат тараған болатын. Танымал әртіс Instagram парақшасында осы шуға байланысты мәлімдеме жасады. Шоуменнің қызының орнына ҰБТ тапсырмақ болған қыз «Еуразия ұлттық университетінің студенті» деп хабарланды. Алайда аталмыш ЖОО-ның баспасөз қызметі «Сымбат Қанайдың ЕҰУ студенті екендігі» туралы ақпаратты жоққа шығарды.