Қ. Тоқаев құқық қорғау органдарының жұртшылықпен өзара іс-қимыл деңгейін арттыруға шақырды
Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев шараға қатысушылардың алдында сөз сөйледі. Ол азаматтардың конституциялық құқықтарына кепілдікті қамтамасыз ету және заң үстемдігін сақтау бойынша жүйелі әрі дәйекті шараларды іске асыру мемлекет үшін алдыңғы қатарлы міндет екенін, бұл Президент Н.Ә. Назарбаев айқындаған әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіру жөніндегі Қазақстанның ұзақ мерзімді стратегиялық мақсатының маңызды бағыты болып табылатынын атап өтті.
Қылмыстық процестің негіздерін жаңғырту жөніндегі Парламент қабылдаған түзетулер сот-құқықтық реформасының жаңа кезеңге аяқ басуына тың серпін бергенін, сот қызметінің процестік нормаларын жетілдіру және дауларды шешудің балама тәсілдерін енгізу бойынша заң шығару жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп келе жатқанын атап өтті.
Қ.Тоқаев реформалардың алғашқы қорытындылары туралы айта келіп, қылмыстық заңнаманы ізгілендіру шаралары еліміздің түзету мекемелеріндегі жазасын өтеп жатқандардың санын үш есеге азайтуға мүмкіндік бергенін, сотталғандардың саны бойынша 1990 жылдары 100 мың адам болса, 2018 жылы 35 мыңға дейін азайғанын еске салды. Заң үстемдігі индексі бойынша Қазақстанның көрсеткіші жақсарды, 2017 жылдың қорытындысы бойынша еліміз 9 орынға көтеріліп, 113 елдің ішінде 64-ші орынды иеленді.
Сенат Төрағасы сонымен бірге құқық қорғау органдарының азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимыл жасау сапасы әлі де заман талаптарына толық жауап бере алмай отырғаны туралы пікірін білдірді.
«Негізсіз қылмыстық қудалаудан қорғау және қылмыстық сот ісін жүргізудің жазалаушылық сипатының деңгейін төмендету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету мәселелері күн тәртібіндегі өткір мәселелердің қатарына жатады. Сот шешімдерінің орындалмауы немесе уақтылы орындалмауы әділдіктің үстемдік етуіне кедергі келтіруде. Сондай-ақ, сот билігімен қатар мемлекеттің де беделін төмендетіп, оларға деген сенімді әлсіретеді», — деді Қ.Тоқаев.
Парламент жоғарғы Палатасының Төрағасы өз сөзінде құқық қорғау органдарының қызметін одан әрі жаңғырту аясындағы міндеттерге тоқталды. Атап айтқанда, құқық қорғау органдарының халықпен жұмыс барысында жаңа әдістерді қалыптастыру керек. Қызмет көрсетудің сервистік моделі негіз ретінде алынуы тиіс.
Қ.Тоқаев арыз тіркелгеннен бастап сот шешімі шығарылғанға дейін істерді қараудың барлық сатыларын жаппай цифрландыру қажет деп санайды. Цифрландыру сыбайлас жемқорлықтың орын алуын азайтып, онлайн режимдегі қолжетімді кері байланыс орнатуда шешуші рөл атқарады.
Төраға полицияның және соттың қызметін цифрлық технологиялардың көмегімен бағалау жұмысына азаматтарды кеңінен тартуға шақырды. «Азаматтардың жоғары сенімі мемлекет жүргізіп отырған саясаттың тиімділігін айқындайтын тікелей көрсеткіш болып табылады. Жалпы жұмыстың сапасы істердің уақтылы және сапалы қаралуы бойынша және азаматтардың талап-тілектерінің тиісті деңгейде орындалуы арқылы бағалануы тиіс», — деп атап өтті Қ.Тоқаев.
Төраға одан басқа қылмыстық істер бойынша процессуалдық шешімдерді қабылдауда әділдікті қамтамасыз етіп, тәуелсіз және әділ сот жүйесін жетілдіруді, сондай-ақ сот ісін жүргізудің жеделдігі мен анықтығын арттыруға назар аударды.
Қ.Тоқаев тараптардың өзара бітімге келу мен келтірілген зиянның орнын толтыруы негізінде сот төрелігінің қалпына келтіру сипатындағы, сондай-ақ істі жедел жүргізуге және істі қарау уақытын үнемдеуге мүмкіндік беретін жаңа форматтарды келешегі зор бағыттар ретінде атады.
«Азаматтардың құқық қорғау органдарының жұмысына және соттың әділдігіне сенімсіздікпен қарауына жол беруге болмайды. Мұндай жағдай қазақстандықтардың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасына теріс әсерін тигізері даусыз», — деді Сенат Төрағасы.
Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов «Қылмыспен күрес: талдау, құрылымы, қозғалыс» тақырыбы бойынша баяндама жасады. Атап айтқанда, ол ІІМ штаты 10 пайызға азаятынын, жалпы алғанда ішкі істер органдарында 100 мың халыққа 471 полиция қызметкерінен келетін деңгейден 424 полиция қызметкеріне дейін төмендету көзделіп отырғанын айтты. Бұдан былай бірқатар нысандарды күзету міндеті мемлекеттік емес құрылымдарға берілгеннен кейін Қазақстанда 100 мың азаматқа 373 полиция қызметкерінен келетін болады, ол еуропалық қалыпқа сай келеді.
Оның сөзіне орай Қ.Тоқаев құқық қорғау органдарын штат санын қысқарту туралы мәселені байыппен қарауға шақырды. Сенат Төрағасының пікірінше, рейтинг қуалау халық қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін, бірқатар еуропалық елдерде, мәселен, Францияда көші-қон ағындарының күшеюі кезінде қылмыстың күрт өсуіне әкеліп соқты. Қ.Тоқаев Нью-Йорк мэрі Майкл Блумберг полиция қызметкерінің санын арттырып, жабдықтарын жақсарту арқылы қалада қылмысты елеулі түрде азайта алғанын айтты. Швейцарияда да осындай шаралар қабылданған.
Тыңдау барысында Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы А. Рахметулин, Бас прокурордың орынбасары М. Ахметжанов, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары О.Бектенов, Республикалық адвокаттар алқасының өкілі Ә.Құлыбекова, құқықтанушы ғалымдар А.Ахпанов пен М.Қоғамов сөз сөйледі.