«Пышақпен қорқытып, видеоға түсірді»: Жамбылда бала зорлығына қатысты іс дауға айналды

0

Шағымданушы тараптың айтуынша, мектеп басшылығы ауызбастырық ұсынып, мәселені ушықтырмай, мәмілеге келуге шақырған.

Жамбыл облысындағы Көгершін ауылының тұрғыны өзінің кішкентай перзентін жергілікті жеткіншектер жабылып зорлаған деп шағымданды. Анасының айтуынша, онымен қоймай жәбір көрсеткендер мұндай сорақылықты таспаға түсіріп, қорқытқан көрінеді.

Бұл жайында анасы келесі күні ауладағы басқа балалардан естіпті. Тек, содан кейін ғана ол ұлынан бәрін тәтпіштеп сұрап алған, деп хабарлайды КТК арнасы.

«Балам «артқы жағымнан осылай істеді» дейді. Неге ол жаққа бардың десем, «балалар пышақпен қорқытты. Сөйтті де видеоға түсірді, осыдан айтсаң, сені пышақтап өлтіреміз» деп айтыпты», — дейді жәбірленушінің анасы.

Жеті баланың анасы перзентін өткір затпен қорқытты дегенге сенеді. Себебі, өзі талай рет видеодағы жеткіншектің ауладағы балаларға пышақпен құқай көрсеткенін байқапты. Қазір ол да күдіктілер тізімінде. Әзірге олардың ешбірі кінәсін мойындаған жоқ. Ал мектеп басшылығы істі жылы жабуға жанталасып жүргендей.

«Үлкен трагедия». СҚО-да құс тұмауынан бір тәулікте 180 мың тауық қырылып қалды

Шағымданушы тараптың айтуынша, ауызбастырық ұсынған мектеп директорының орынбасары екен. Директордың өзі де бұл мәселені ушықтырмай, мәмілеге келуге шақырыпты.

Жәбірленушінің анасына білім мекемесінің басшылығы «бәрібір сенікі дұрыс болмай шығады, сен ештеңе істей алмайсың, дәлелдеген күнде де, балаларға іс қозғай алмайсың» деген көрінеді.

Ал директор бұлай айтпадым, дейді. Оның сөзінше, бұл жағдай екі көршінің араздығынан туындаған.

«Аудандық медбикелер тексеріп көрді, ондай жәбірлену әрекеттері болмаған. Балалар жай ғана ойнаған. Екі ата-ана бір-бірімен ұрсысып қалған. Бір-біріне жасаған істері осындай дауға айналып жатыр. Қазір полицияға алты балаға қатысты арыз жазылған. Ал азғындық жасалды делінген ұлын анасы қалаға сараптамадан өткізуге алып барған», — дейді Ақтоған орта мектебінің директоры Орындық Рысқұлова.

Полиция департаменті бұл мәселеге қатысты барлық қажетті сараптама тағайындалғанын айтады.

«Қыркүйек айында Т.Рысқұлов ауданының тұрғыны көршісінің баласы тарапынан кәмелетке толмаған ұлына қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекет қолданылғаны туралы полицияға жүгінген. Аталған дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 121-бабы, 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», — дейді Жамбыл облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова.

Көп балалы ана «ұлымды зорлап, таспаға түсіріп қорлағандарға кешірім жоқ» дейді. Сондықтан да кінәлілердің бала деп бетіне қарамай, қатаң жазаға тарту керек деп санайды. Алайда бұл істің ақ-қарасы сараптамадан кейін белгілі болады.

sputniknews.kz