“Пышақпен бауыздаған»: Алматыда қос ұлын пәтерге апарып өлтірген әке жайлы тың мәліметтер шықты
Балаларды қалай өлтіргенін бастан-аяқ видеоға түсіріп, әйеліне төрт парақ хат қалдырып кеткен. Алматыда екі ұлын пышақтап ажал құштырған қатігез әкеге қатысты тың мәліметтер белгілі болды. Марқұмдардың туыстары қаскөйдің мұндай қылмысқа қызғаныштан барғанын айтып отыр, деп хабарлайды Kznews.kz Kyn.kz сайтына сілтеме жасап.
Өйткені екеуінің арасындағы жанжан ешқашан үзілмеген дейді. Тіпті ажырасуға дейін барыпты. Ақыр соңында күйеуі бүкіл өкпе-назын қағаз бетіне түсіріп, балаларын өлтіріп, өш алмақ болыпты- мыс.
Қайғылы оқиға Райымбек даңғылы мен Желтоқсан көшелерінің қиылысындағы көпқабатты үйде болған. Екі бүлдіршіннің өмірі осы пәтерде қиылды. Арнайы белгі де әлі тұр. Өткен бейсенбіде қатігез әке №30 пәтерді бір тәулікке жалдап, өзінің екі баласын кіргізеді.
Болжам бойынша сол үйде балаларын пышақтап тастаған. Өлерінде жанұшыра шыңғырған балайқалардың дауысын көршілер естіпті. Бірақ ешкім айтарлықтай мән бермеген. Өйткені бұл пәтер жалға берілетін болған соң, кім көрінген кіріп-шығып, әрқайсысы ылаң салып кетеді екен.
«Бұл пәтер сағатына да, тәулігіне де беріледі. Әйтеуір түрлі адамды көреміз. Ылғи у-шу. Жалға алушылар шыңғырып, неше түрлі істейді. Иесі өз пәтерін бақылауда ұстамауынан осындай оқиға болып отыр»,-деді қала тұрғыны Валерий.
Әкесі мен балаларының бір дастарқан басында отырған суретіне қарап, бұлай болады деп ешкім ойламаған. Кішісі Рафаэльдің дәм -ұзы небәрі 9 жасында таусылып отыр. Үлкені Ринат 12 жаста. Сол күні әкесі менингитпен ауырған кіші баласын ауруханаға апарамын деген желеумен үйден алып кеткен.
«Пәтерде ол балаларды тамақтандырып, теледидарды қосып берген. Өзі 3-4 бет хат жазған. Осыдан кейін ұлдарына кіріскен. Біреуінің аузынан құлағына дейін кесіп тастаған. Екеуінің мойны кесілген. Көршілер бір баланың балконға шығып «көмектесіңдер» деп айқайлағанын естіген екен. Ақыр соңында өзіне пышақ сұғып, жансақтау бөліміне түсті. Қазір ауруханада жатыр»,-дейді марқұмдардың әжесі Валентина Осина.
Мұндай жауыздыққа баруын марқұмдардың әжесі қызғаныштан ба деп күдіктенеді. Өйткені қызы мен күйеу баласының арасындағы жанжал таусылмаған. Осыдан 9 жыл бұрын ажырасыпты. Бірақ заңды түрде ажырасса да, үйден кетпей қойды деп отыр. Соңында тіпті қайда, кіммен жүргенін бақылап отырған.
«Бір ай бойы қызыма қоңырау шалып, «сен менің көзіме шөп салып жүрсің, неше түрлі ер адамдарды үйге кіргізесің» деп мазасын алатын. Тіпті қызғаныштан үйге бақылау камерасын орнатып, телефонына арнайы қосымша жүктеп, сол арқылы қайда жүргенін біліп отыратын. Бірақ менің қызым күйеуіне ешқашан опасыздық жасамаған»,-дейді марқұмдардың әжесі Татьяна Негрей.
Өз баласын ажал құштырған 38 жастағы ер адамның тұрақты жұмысы болмапты. Әйелінің арқасында күн көріп жүрген дейді. Жұбайы мейірбике болып жұмыс істейді. Қазір аталмыш оқиғаға қатысты тергеу жүріп жатыр.
«Аталмыш дерек бойынша Алмалы ауданы ПБ қызметкерлері ҚК 99-бабы 3-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғап, тиісті сараптама, зерттеу тағайындалды. Болған қылмыстың толық мән-жайы анықталып жатыр»,-дейді Алматы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Заңға сәйкес, енді қаскөй кемі 20 жыл немесе өмір бойына дейін темір торға тоғытылуы мүмкін. Екі ұлын өз қолымен өлтірген қатігез әкенің ең қатаң жазаға тартылуын бүкіл туыстары талап етіп отыр.
Фото: ktk.kz