Путиннің сиқырлы таяқшасы қайда?

0
191

Ресей жастарының көбі бүкіл ғұмырында жалғыз президентті біледі. Соңғы президент сайлауында Путин 77 пайыз дауыспен жеңіске жетті. Ресейдегі әр оқиға – әлем назарында. Кішкене қыз бен оның аю досы туралы («Маша мен аю») орыс мультфильмін Батыста “супер қарулы” гибрид соғыс деп атады.

Ал президент Владимир Путин Мәскеудің қолында алуан түрлі қару барын ескертіп, ресейліктерді де, Батысты да шошытты. Әлем басылымдарының негізгі тақырыбына айналған бұл мәлімдеме қырғи-қабақ соғыс кезіндегі екі державаның арасындағы ядролық текетіресті еске түсірді.

Ондаған жылдар ішінде бұл ел алғаш рет Таяу Шығысқа ықпалын жүргізе бастады. Әрі іргесіндегі Қырымды мығым ұстап отыр.

Путин желтоқсанда баспасөз мәслихатында үкіметтегі командасына көңілі толатынын да мәлімдеді. 20 жыл бұрын президенттікке келгелі бері “Ресейге деген махаббатым еселеп артты” деді. Ол сайлаудағы 77 пайыз дауысты “халықтың сенімі” деп қабылдайды.

ДИКТАТОРМЕН “ДОСТАСЫП”, ЕЛ ІШІНДЕ «ІШІ ПЫСТЫ»

Путин Ресейдің әлемдегі беделін көтеруді бас жоспары етіп алды. Шетелге сапарлары кезінде өзін ширақ әрі сенімді ұстайды. Буэнос-Айрестегі G20 саммиті кезінде Путин Сауд Арабиясының ханзадасы Мұхаммед бин Салманмен бұрынғы достарша құшақ жая амандасты. Ханзада бұл уақытта Жамал Хашоггидің жан түршіктірер қазасынан соң көпшіліктің сынына ұшыраған еді.

G20 саммиті туралы Bloomberg сайтының колумнисі Леонид Бершидский “Путин ішінің пысқанын жасырмайтын болды” деп жазды.

“Өзі сияқты автократпен амандасу жақсы ғой. Бірақ ол қарамағындағыларға қамқорлық танытатынын көрсету үшін ел ішін аз аралады” дейді Ресей мен Батыстың қарым-қатынасын зерттеп жүрген ұлыбританиялық саясаттанушы Марк Галеотти.

“ҚАЗІР АҚША АЗ”

Ресейде қазір экономика әлсіреген. Батыстың санкциялары алқымдап тұр. Кремль Путинді Совет одағы құлағаннан кейін елді тұралаудан шығарған теңдессіз патша, құтқарушы ретінде сипаттауға құмар.

«2000-2008 жылдардағы алғашқы екі кезеңінде Путиннің жағдайы өте жақсы болды. Әлемде мұнай бағасы аспандап, ЖІӨ еселеп өсіп, ақша көп болды. Экономика қарқынды дамып жатты. Ал Батыстың терроризмен күресте басы қатқаны сонша, Ресей президентіне “ыңғайлы халықаралық жүйе” қалыптастырып берді. Қазір ақша аз, кейде мүлде аз. Оның үстіне, Путиннің қолында ресурс та азайып кеткен. Сондықтан оның жағдайы қиын” дейді Галеотти.

Владимир Путин.

Владимир Путин.

Бір жағынан экономикалық ахуал қиындады. Ресей Қырымды тартып алғанда бас көтеріп, “АҚШ-тағы сайлауға Мәскеу араласты және Ұлыбританияда химиялық у қолданды” деп айыпталғанда Батыстың ашуы күшейді. Қазір санкциялардың қысымы бәсеңдейтін түрі көрінбейді.

“СТАГНАЦИЯ ШҰҢҚЫРЫ”

Наурыздағы халыққа жолдауында да, мамырдағы инаугурациядағы сөзінде де Путин экономиканы дамытып, өмір сапасын арттыру үшін технологиялық “секіріс” жасауға шақырды. Бірақ бұл секірістің белгісі де көрінбейді. Есеп палатасының басшысы Алексей Кудрин қарашаның соңында “ел экономикасы Екінші дүниежүзілік соғыстан бергі ең ұзақ әрі терең құлдырауды бастан кешіп жатыр” деді.

Мұнай бағасы шарықтаған 2000-2008 жылдары қаржы министрі болған Кудрин “Ресей ауыр стагнация шұңқырында тұр. Батыстың қосымша санкциялары жағдайды одан сайын ушықтыруы мүмкін” деді.

Оның айтуынша, жаңа санкциялар Батыспен арадағы технологиялық алыс-берісті шектейді, бұл президент айтқан “секіріске” деген үмітті азайтады.

Путин осы президенттік мерзімінің соңына дейін (2024 жыл) кедейлікті екі есе азайтуға тапсырма берді.

КЕДЕЙЛІК ПЕН ЗЕЙНЕТАҚЫ

Арада тоғыз ай өткенде президенттің жарлығымен құрылған институт “кедейлік проблемасы статистикадағыдан да нашар” деді. Ресейдің президент жанындағы Ұлттық экономика және мемлекеттік басқару академиясының қарашаның 21-і күнгі есебіне сенсек, ресейліктердің 22 пайызы “кедейлік шеңберінде өмір сүреді” және 36 пайызының “тамақ пен киімнен өзге зат алуға мүмкіндігі жоқ”.

2018 жылы Путиннің зейнетақы реформасы да қабылданды. Жаңа заң бойынша ерлер үшін зейнет жасы – 65, ал әйелдер үшін – 60 жас болмақ.

Путинге қарсы наразылық шараларының бірі. 2011 жыл.

Путинге қарсы наразылық шараларының бірі. 2011 жыл.

Сарапшылардың айтуынша, алғашқы екі президенттік мерзімнен бері Путин мен халық арасында қалыптасқан “сендер маған саяси қолдау көрсетсеңдер, мен сендерге экономикалық тұрғыдан көмектесемін” деген келісімнің бұзылғаны елдің ашуын туғызды.

Халық реформаға қарсы шықты. Жаздағы наразылық шаралары мен халықтың ашу-ызасынан кейін Кремль президентті бұл заңнан алыс ұстауға тырысты. Путин қарсылыққа қарамастан заң жобасына қыркүйектің 3-і күні қол қойды.

КІМ КІНӘЛІ?

Бұрындары мемлекет бақылауындағы БАҚ-тың арқасында Путин Ресейдегі қиыншылықтар үшін кінәні Батысқа, өз кабинетіне, «қабілетсіз я жемқор басшыларға» оңай аударып келген.

Бірақ әлеуметтік зерттеулер жүргізетін тәуелсіз “Левада” ұйымы қарашаның соңында өткізген сауалнама нәтижесі бойынша, зерттеуге қатысқандардың 61 пайызы “елдегі мәселелердің бар жауапкершілігі – Путиннің мойнында” десе, 22 пайызы “Путин жартылай жауапты” деген. Екі категория қосындысы – 83 пайыз. Бұл – бұрын-соңды болмаған көрсеткіш.

Қыркүйекте өткен жергілікті сайлау Путиннің басында біраз проблема бар екенін аңғартты. Биліктегі “Единая Россия” партиясының кандидаттары төрт аймақта жеңіліп, қалаған нәтижеге жақындау үшін Кремльдің көп тер төгуіне тура келді.

Мәскеудегі Карнеги орталығының сарапшасы Константин Гаазенің айтуынша, сайлау біраз жайттың басын ашып берді.

“Қырым бойынша келісім құрдымға кетті. Бұл сайлау Ресей қоғамының биліктен көңілі қалғанын, болашаққа сенбейтінін және наразылықтардан қуат алғанын көрсетті. Ресей режимін қолдаған ең ірі коалиция келмеске кетті” деді Гаазе.

Қазанда “Левада” өткізген сауалнамада ресейліктердің 46 пайызы “алдағы бірнеше айда не болатынын білмеймін” деп жауап берген. Бұл 2016 жылғы мамырдағы көрсеткіштен 10 пайызға артық.

“ЖЕМҚОРЛЫҚ ПЕН ПОЛИЦИЯНЫҢ ҚЫСЫМЫ”

“Ведомости” қаржылық басылымының желтоқсанның 11-і күнгі санында “Левада” сарапшысы Алексей Левинсон “ресейліктер шұңқырда отырудан шаршады” деп жазды.

Сыртқы саясат сарапшысы Алексей Габуев желтоқсанның басында “Ведомости” басылымының жыл сайынғы жаңа жыл алдында өткізетін таңғы асын “ешқашан мұндай сұрықсыз болған емес” деп суреттеді.

“Санкция туралы ештеңе айтылмады деуге болады. Есесіне, мемлекеттік меншіктің үстемдігі, билік маңындағылар, полицияның қысымы, жемқорлық сияқты “шынайы проблемалар” сөз болды” деп жазды ол.

Қырымды басып алғаннан соң біраз агрессияға бару арқылы Ресей жұрт назарын өзіне аударды. Әлем сахнасында Ресейдің салмағы артты. Қазір барлық жерден Путиннің әрекетін іздейді. “Маша мен аю” мультфильмі – гибрид соғыстың құралы”, “Франциядағы сары жилеттілер шеруінің артында Ресей тұруы мүмкін” деген пікірлердің барлығы Кремльдің шетелдегі қорқынышты бейнесін көрсетеді.

Батыс Ресейдің 2014 жылдан бергі сыртқы саясаттағы әр қадамын айыптаумен келеді. Путин “Сирияда қандықол диктаторды қолдады” және “Ұлыбританияда у қолданды” деп айыпталды.

“ПУТИНСІЗ ШІРКЕУ”

2018 жылы Ресей мен Украина қарым-қатынасы нашарлай түсті. Керчьтегі кемелердің жағдайы, Украина шығысындағы оқиғалар мың жыл бойы Ресеймен қоян-қолтық араласып келген халықты алшақтата түсті.

Мәскеудегі Карнеги орталығының директоры Дмитрий Терентин желтоқсанның 16-сы күні Twitter желісінде: “Ресей енді ұзақ уақыт бойы өзін дұшпан санайтын елмен көрші өмір сүруге мәжбүр болады” деп жазды.

Бұл жағдай шіркеуден де көрініс тапты. Желтоқсанның 15-інде православ христиан шіркеуінің басшылары кездесіп, Ресейдің үстемдігі мен билігінен тәуелсіз әрі жаңа бірлескен шіркеу құруға келісті. Украина президенті Петр Порошенко мұны “Путинсіз шіркеу” деп атады.

Наурыздағы сайлауға қатысуға билік тарапынан рұқсат ала алмаған Ресей оппозициясының өкілі Алексей Навальный “Путин Батыстың көксегені деп жүрген істі өзі жасады. Ол Мәскеуді көршілерімен араздастырып, Ресейді әлсіретті” деді.

Діндарлар Киевте жиналғанда Навальный Twitter желісінде: “жүздеген жылдар бойы құрылған жүйені Путин мен оның жандайшаптары төрт жылда талқандады. Путин – орыс әлемінің жауы” деп жазды.

Билікті өткір сынап жүрген мұнай магнаты Михаил Ходорковский де: “Путин Ресейдің беделін көтерудің орнына, мүлде жер қылды” деді.

“КӨШ СОҢЫНДА ҚАЛА БЕРЕДІ”

Кейбір сарапшылардің пайымдауынша, Путин Ресейдің ішіндегі проблемалардан жұрт назарын басқа жаққа аудару үшін өз имиджін жақсартып, жаулау менталитеті мен Батысқа қарсы көңіл-күйді оятып жатыр.

“Экономикада қандай да бір оң қадамдар жасау үшін шынайы, жүйелі өзгерістер қажет. Яғни, заң үстемдігін орнатып, биліктің ұшар басындағы жемқорлықты азайту керек. Бірақ Путиннің бойында өз элитасын тексеруге деген құлшыныс пен жігерді байқамай тұрмын” дейді Кремль бойынша саяси сарапшысы Галеотти.

Bloomberg-тің колумнисі Леонид Бершидскийдің пікірінше, Путин Ресейді қиын жағдайға қалдырды, енді оған немесе оның орнына келетін басқа адамға Ресейді бұл тоқыраудан шығару қиын болады.

“Ресей Путин жасаған қадамдардың кейбірінен бас тартып, өзін тұтас әлемнің бөлшегі етіп көрсетпейінше, экономика және демография жағынан көш соңында қала береді” деп жазды ол.

(Стив Гуттерманның мақаласы ағылшын тілінен қысқартылып, аударылды. Автордың көзқарасы редакция ұстанымын білдірмейді)


Дереккөз: Азаттық